Басты ақпарат

Астананың аршынды қадамы

Елорданың жартыжылдықтағы көрсеткіштері осылай деуге негіз болады. Қала тұрғындарының саны алдағы онжылдықтан кейін-ақ 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Бұл туралы кеше Астананың жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық қорытындысына арналған жиында мәлім болды.

Ресми санақ бойынша бүгінгі күні қала халқы – 1 миллион 200 мың адам. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қала басшылығына Астананы 2 миллион адам еркін өмір сүретіндей қалаға айналдыруды тапсырған болатын. Алдын ала ресми бағамдау бойынша бұл көрсеткішке жету мерзімі 2030 жыл деп белгіленген. Алайда қала әкімі Әсет Исекешев тұрғындарды тіркеудегі жедел бағамдау бойынша 2030 жылға жетпей-ақ елордалықтардың саны 2 миллионға толуы мүмкін екенін айтып отыр.
Халық саны артқан сайын атқарылуға тиіс жұмыс ауқымы да ұлғая­тыны белгілі. Соған орай, қаланы дамытуға бағытталған 20 қадамнан тұратын бағдарлама дайындалған. Ол қала өміріне қатысты барлық саланы қамтиды. Әйтсе де, қала әкімі кешегі жиында бағдарламаның екі басты бағытына ерекше тоқталды. Біріншісі – қала тұрғындары үшін қауіпсіздік пен жайлылық қалыптастыру. Екіншісі – жол және көлік қатынасын реттеу.
Атап көрсетілгендей, көліктік мобильділік – қала басшылығының алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі. Оған қоғамдық көліктердің қауіпсіздігі мен жайлылығы, жаяу және веложүргіншілерге арналған жолдардың қауіпсіздігі, бағдаршамдар жүйесі және барлық қалалардың проблемасы болып табылатын кептелісті азайту секілді мақсат-міндеттер кіреді. Әсет Исекешевтің айтуынша, бұл мәселені оңтайлы шешу үшін әлемнің ірі мегаполистері – Мәскеу, Дубай, Сингапур қалаларының үздік тәжірибелері назарға алынып отыр.
Жол, көлік қозғалысы туралы айт­қанда, қала басшысы Тәуелсіздік сарайынан жаңа «Нұрлы жол» вокзалына дейін жаңа «Мыңжылдық» аллеясы құрылысының басталғанын атап өтті. Осы аймақта алдағы 5 жыл көлемінде жаңа қалашық тұрғызылады деп жоспарланған. Одан бөлек, қаланың басты көлік ағыны өтетін Мәңгілік Ел, Тұран, Қабанбай батыр даңғылдарынан үлкен және кіші айналма жолдар салу қолға алынған. Бұл жобалардың бәрі 2020 жылы толық аяқталуы тиіс.
Қала тұрғындарының саны артуы құрылыс нысандарының да көбеюін қажет ететіні түсінікті. Бұл орайда тұрғын үйлер мен жалпы құрылыс нысандарын салуда Астана Қазақстан бойынша алда келе жатқанын алға тартқан елорда әкімі бас қаланың үлесі 23 пайызды құрағанын мәлімдеді.
«ЭКСПО объектілерін, көптеген ТК мен коммерциялық нысандарды тапсыруға қатысты өткен жыл айтарлықтай күрделі болғанына қарамастан, адамдар үшін жайлы қала құруда елорданың экономикалық саясаты жаппай кәсіпкерлік пен жекеменшік инвестицияны қолдауға бағытталды. Өсім айтарлықтай жоғары болса да, барлық экономикалық индикаторлар оң нәтиже көрсетті» деді елорда әкімі.
Жыл басынан Астанада «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру шеңберінде Астана әкімдігінің тапсырысымен салынған 3 көп қабатты үй тапсырылып, мыңнан астам адам баспаналы болған. Жыл соңына дейін тағы да үш тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. Сонымен бірге, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде соңғы үш айда Астана қаласы әкімдігімен 720 адам жаңа пәтерге көшкен, оның ішінде 410 адам – кезектегілер.
Елордада жаздың жауынды күндері орталық көшелердің бойы терең су астында қалып, көліктерге де, жаяуларға да айтарлықтай қиындық туып жүргені белгілі. Қала әкімдігі биылғы жылдан бастап осы мәселені шешуге ерекше назар аударып отыр. Осы жылы қолға алынған ірі жобалардың қатарында жаңа LRT транспорт жүйе­сінің, нөсер кәріздік құрылысының, ТЭО-2, ТЭО-3 және басқа да объектілердің құрылысы бар. Жыл соңына дейін оң динамика беретін 470,5 миллиард теңгеге татитын жобаларды енгізу жоспарланып отыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button