Жаңалықтар

АЗИЯ КЕҢЕСІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕН ҚАУІПСІЗДІКТІ НЫҒАЙТУҒА ТИІС

Ержан Ашыкбаев

20-21 мамыр күндері Шанхайда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің ІV саммиті – биылғы басты саяси оқиға екені белгілі. Осынау халықаралық маңызды жиын қалай өтті, қандай ерекшеліктерімен есте қалды? Бұл туралы Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев айтып берді.

– Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру туралы бастаманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1992 жылдың қазан айында БҰҰ-ның Бас ассамблеясында көтерген болатын. Бұл – Қазақстан Президентінің халықаралық деңгейдегі тұңғыш бастамаларының бірі болды, – дейді Ержан Нығматуллаұлы.

Оның айтуынша, 1992 жылдан бастап 1999 жылға дейін болашақ ұйымның іргетасы қаланып, оған дайындық жұмыстары қызу жүргізілді. Осы кезең аралығында Азия кеңесінің қандай ұйым болатыны, қандай бағыт-бағдарды ұстанатыны, нендей қағидаттарға сүйенетіні жан-жақты талқыланған.

1999 жылдан 2003 жылға дейінгі уақытта Азия кеңесінің ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асырылды. Алғашқы ресми кездесулер өткізіліп, кеңеске мүше мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан тұңғыш саммит ұйымдастырылған. Жиынның басты қағидаттары да осы кезеңде бекітіліпті. Ал 2003 жылдан бүгінге дейін Азия кеңесі өркендеу кезеңіне жетіп, саяси маңызды ірі ұйымға айналды.

Бұдан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Шанхайда өткен төртінші саммитінің басты ерекшеліктеріне тоқталды.
«Биыл Саммитке 47 мемлекет пен халықаралық ұйым қатысқан. Оған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның алғаш рет арнайы ат басын бұруы да – жиынның маңызын арттыра түсті» дейді Ержан Ашықбаев. Форумға мүше ретінде Катар мен Бангладеш қабылдануы да – үлкен оқиғалардың бірі.

Сондай-ақ, жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңесті Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымы ретінде қайта құру жөніндегі ұсынысын жеткізді. «Кеңес төрағалығы Түркия елінен Қытай Халық Республикасына өтті. Жалпы бұл жолғы жиынды кеңестің жаңа өркендеу кезеңі деп атауға болады» дейді Ержан Ашықбаев.

АӨІСШК жағынан континеттің 90 пайызын қамтып отыр. Демек, бұл – дүниежүзінің жартысына жуық тұрғы­нын біріктірген ұйым болып тұр.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button