ЖаңалықтарҚала тіршілігі

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

зам-аким

Теңгенің тегеуріні әлсіресе болды, алыпсатар алаяқтардың құдайы беріп қалатын әдеті ғой. Олар халықтың алаңдаушылығын сәтімен пайдаланып, бірінші кезекте тұтынылатын тауар түрлерінің бағасын аспандатып жібереді. «Жұмыртқадан жүн қырқып» үйренгендерге бұл бұйым емес. Әрине, қалалық әкімдік те қол қусырып қарап отырған жоқ. Теңге еркін айналымға жіберілген бойда азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларын бастап та кетті.

  Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин бастаған арнайы комиссия қаладағы сауда орындарындағы баға тұрақтылығын қадағалау мақсатында рейдке шыққан болатын. Оның құрамында баспасөз өкілдері де болды.

 Қалалық комиссия алдымен Шоқан Уәлиханов көшесінде орналасқан «Грин» гипермаркетіне бас сұқты. Мұнда қант келісі 159 теңгеден сатылып жатса, күріштің бағасы 189 теңге шамасында екен. Нан және сүт өнімдері де күнделікті нарқынан өзгере қоймапты.

  – Бұл сауда орнында баға тұрақты екен. Негізсіз көтеріліп жатқаны байқалмайды. Қалалық әкімдік бүгіннен бастап сауда орындарындағы бірінші кезекте тұтынылатын азық-түлік түрлеріне үнемі қадағалау жүргізіп отырады. Осы мақсатта арнайы штаб құрылған. Оны өзім басқарамын. Сондай-ақ, бағаға қатысты тұрғындардың арыз-шағымдарын да қарап, тексеріп отырамыз. Біздің мақсатымыз – бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу. Дәл қай уақытқа дейін екенін айта алмаймын, ол әзір белгісіз. Бірақ қала әкімдігінің арнайы комиссиясы сауда орындарындағы азық-түлік бағасын күнделікті осылай тексеріп отырады, – деді БАҚ өкілдеріне жедел сұхбат берген А.Лукин.

Бұдан соң рейдке қатысушылар орталық базар аумағындағы «Магнум» сауда үйіне бас сұқты. Бұл сауда орнында да кейбір тауар түрлеріне арнайы жеңілдіктер жүріп жатыр екен. Қала әкімінің орынбасары алдымен нан бағасымен танысты. Қара бидай ұнынан пісірілген «Денсаулық» наны 87 теңге болса, ақ бидай ұнынан пісірілген нан 56 теңге шамасында. Көкөніс түрлерінің бағасы да қол жетімді болып шықты.

Бұдан соң «Астықжан» сауда үйіне бас сұққан топ жаппай сатылымның үстінен шыққандай әсер алды. Кір жуатын сабындар мен ұнтақтар жарты бағасына сатылып жатса, өсімдік майының бес литрі 1300 теңгеден 1 мың теңгеге дейін арзандатылыпты. Ал ет және шұжық өнімдері де бұрынғы бағасынан 250-300 теңгеге дейін арзан. Сауда үйінің әкімгерінің айтуынша, мұндай жеңілдіктер әр айдың соңғы он күні бойы ұйымдастырылып тұрады екен. Теңге еркін айналымға жіберілгенде, тіпті, кейбір тауар түрлерінің бағасы төмендеген.

 Қала әкімінің орынбасары сауда үйінің басшылығына бағаны тұрақты ұстап отырғанына ризашылығын білдірді. Бірқатар сауда жасаушылармен сөйлесіп, олардың пікірлерін тыңдады. Сауда үйіне келушілер де осында үнемі сауда жасайтынын, баға тұрақтылығына риза екендіктерін жеткізіп жатты. Андрей Лукин өз кезегінде қалалық әкімдік жанында арнайы штаб жұмыс істейтінін, баға тұрақсыздығына қатысты қандай да болсын фактілер анықталып жатса, хабарласуға болатынын қаперлеріне салды. Қалалық әкімдік баға тұрақтылығына қатысты шараларды одан әрі жүргізе бермек.

         Меңдолла ШАМҰРАТОВ

        

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button