Елорда - есімі

Бабажанов көшесі

Нұр-Сұлтан қаласындағы Мұхамет-Салық Бабажанов көшесі Наурызбай батыр, Байзақ датқа көшелерімен қиылысады

[smartslider3 slider=3702]

Бұл көше Ресей Географиялық қоғамына мүшелікке өткізуге атақты ғалым  Шоқан Уәлиханов пен Семенов-Тянь-Шанский кепілдеме берген, ғылыми еңбектері үшін Ресей Географиялық қоғамының күміс медалімен Орта Азия және Қазақстан ғалымдары арасында тұңғыш марапатталған  этнограф,  ағартушы, ауыз әдебиетін зерттеуші Мұхамет-Салық Бабажановтың құрметіне аталды.

Оның есімі өз заманында жарқырай жанып, небәрі 37 жасында жұлдыздай ағып түскен арда азаматтардың бірі ретінде аталады. Ел аузында қалған аңыздардың бірінде Салықтың жан досы – Бөкей ордасында елу жылдай ел басқарып, өз заманында озық ойлы, абыройлы, ағартушы, өлкенің оқу-ағарту, мәдениеттің өркендеуіне үлес қосқан Мақаш әкім (правитель) атанған Мұхамбетжан Бекмахамбетов (1830-1904) С. Бабажановтың өлімін естігенде «Ой, жалған-ай, Салық өлді дегенше – халық өлді десейші» – деп ауыр күрсінген екен дейді. Осылайша «Салық өлді дегенше – алып өлді десейші, алып өлді дегенше – халық өлді десейші» деп те түрленеді. Ш. Уәлиханов 1864 жылы жазған «Сот реформасы жайында хат» атты еңбегінде «1860 жылы «Северная пчелада» жас қазақ Бабажанов мырзаның Бөкей ордасындағы татар мектебіндегі ілімнің барысын қарапайым тілмен айқын баяндаған.  Мақалада Бабажанов мырза Мұхамметтің үмбеті, әрі «Северная пчеланың» тілшісі болғандықтан, мұсылмандықтың туын ұстаушы ретінде татардың ағарту ісіне қас емес шығар деген ойдамын» десе этнограф-ғалым Павел Иванович Небольсин  1860 жылы «Русский вестник» журналының 29-шы санында жазған мақаласында С.Бабажановты былайша сипаттайды: «25 жаста. Келбетті. Ат жақты. Өңі – қара торы. Бота көзді. Шашы қара, қалың. Бабажанов орыстың айшықты әдеби тілін еркін меңгерген. Сөздері өткір әрі көркем, әсіресе өзін толғандыратын мәселеге келгенде, қызып кетіп, еркін көсіліп, шешен сөйлейді. Шыққан тегінің қожа болуына қарамастан, Неплюев кадет корпусында оқып, білім алған, казак-орыстардың әскери үлгіде тігілген киімін киеді. Әңгімелескен кезде оны әсіресе екі мәселенің ерекше толғандыратынын байқадым» деп айтып, ғалымның өмірдегі ұстанымын жеткізеді. 

Салық Бабажанов 1851 жылдың қазан айында кадет корпусын ойдағыдай бітіріп, хорунжий деген офицерлік шен алып шығады. Орынбор шекара комиссиясының басшылары көзге түскен талантты, үздік жас офицерді әуелгіде өз қарамағында қызметте қалдырады. Алайда, 1853 жылы Орынбор казак-орыс офицерлері оған әр түрлі жала жауып, қызметінен босаттырып, Орынбордан қудырып, Ішкі Бөкей Ордасына жер аударады. Осы жерде бір назар аударатын жағдай – өкімет орындарының оның өзінің, үй-ішінің кімдермен байланысып, кімдердің бұларға келіп-кеткенін бақылау үшін соңынан Алексеев деген подхорунжийді тыңшы етіп салып қоюы. Дегенмен кейіннен екеуі дос болып, ол Салықтың жазған мақалаларын Астраханда шығатын «Волга» деген газетке апарып беріп отырады.

Туған жеріне қайтып оралған білімді жас офицер алғашында Хан сарайында тілмаш болады. Арада жылдар өткеннен кейін әскери шені жоғарылап, жүзбасы дәрежесіне жетеді. Енді ол «Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша Советтің» кеңесшісі боп істейді.

Салық Бабажановтың тағы бір қыры – көне мұра жинаушы ретінде де Еділ-Жайық бойына оның атының белгілі болғандығы. Әлдебір заттардың табылғаны жайлы хабардың, кейде сол заттардың өзінің де дереу Бабажановқа жетіп отыруы оның ел ішіндегі беделін, зерттеуші деп танылғандығын дәлелдейді.

Мұхамет-Салықтың  атын  шығарған  оның ғылыми-этнографиялық және публицистикалық шығармалары еді. Ол қазақтың салт-дәстүрі, шаруашылығы, діни нанымы, аңшылық кәсібі жөнінде еңбектер жариялады. Халықтың көне тарихи мұраларын, аңыз-ертегілерін, өлең-жырларын, мақал-мәтелдерін жинап, зерттеді.  Оның әсіресе «Қымыз туралы жаңалық», «Орал казак-орыстары мен Ішкі Орда қазақтарының айтысы», «Ішкі қазақ Ордасының жылқылары және оны бағу», «Нарын құмы жөніндегі мәліметтер», «Ішкі Бөкей ордасындағы аңшылық» деп аталатын мақалалары мен зерттеу еңбектері мән-маңызы өте жоғары еңбектер еді. Әсіресе, мұндағы жылқы, қымыз жөніндегі жазбалары – күні бүгінге дейін құны жоғалмайтын дүниелер.

Мұхамет-Салық та Шоқан сияқты өте жұмбақ жағдайда, (оны казактар улап өлтірген деген қауесет те бар) небәрі 37 жасында Ішкі Бөкей Ордасының Астрахань бетіндегі «Егіндіқұдық» деген жерде көз жұмды. Артында Мұқамбетжан, Ханахмет атты ұлы қалды. Бертінде  ақын Есенғали  Раушанов Бабажанов туралы «Сарыөзен» атты поэма жазады. 

 Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

 

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button