Әлеумет

Мәмбетовтің таңдауы түскен

Әбдіқадыр Қашқабаев есімі кеңестік және тәуелсіз Қазақстан театр көрермендері үшін жақсы таныс. Бүгінде театр мен кино өнеріне адал еңбек етіп келе жатқан жаннан дәріс алып жүрген студенттер қандай бақытты дерсің! Ол кісінің әр дәрісіне, әрбір әдіс-тәсіліне қызыға қарайсың. Майталман педагогтың кез-келген сабағы өнерге деген қызығушылығыңды ­арттырмай қоймайтыны белгілі. Жетпіс деген мерейлі жасқа келіп жатқан сахна саңлағы жайында сөз қозғау театртанушы ретінде менің де, басты парызым деп ойлаймын…

[smartslider3 slider=3703]

1976 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының жанындағы екі жылдық студияны тәмамдаған бір топ жас түлекті Мәдениет министрлігіне шақырды. Шақырылу себебі – жас қырандарды Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі театрларға жолдама беріп орналастыру. Министрлік өкілі тізім бойынша жастарды Гурьев, Қарағанды театрларына орналасатындарын хабарлап жатыр. Кезек жалындаған Әбдіқадырға да келді.

– Қашқабаев Әбдіқадыр – деді министрлік өкілі.

– Сен, Әуезов театрына Әзірбайжан ­Мәмбето­­втің таңдауымен барасың, сені Әзірбайжан Мәдиұлының өзі таңдап алды. Сол театрда қызмет етесің. Бұндай жауапты күтпеген Әбдіқадырдың қуанышында шек болмады. Жас актер Әбдіқадыр Қашқабаев үшін сол күннен бастап жаңа өмір парағы ашылды.

Студияда өзі тәлім алған Райымбек ­Сейітметов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Раушан Әуезбаева, Ахметжан Қадыров сынды ұстаздардың өнегесімен қазақ театр өнерінің қара шаңырағының табалдырығын үлкен толқыныспен аттады. М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы жас актерді жылы қарсы алды. Қазақ театрының ақсақалы, КСРО халық әртісі Серке Қожамқұлов,  КСРО халық әртісі, театр анасы Сәбира Майқанова, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева сынды корифейлерден өнерде де, өмірлік те тәрбие алды.

«Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» деп ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы айтқандай, алдыңғы буынның әр тәлімі, әрбір кейіптеген бейнелері Әбдіқадыр үшін үлкен бағдар болды. Әзірбайжан Мәдиұлының Әбдіқадырды көп жастың ішінен таңдап алғанын жоғарыда айтып өттік. Театрға келгенде де, ­Әбдіқадырдың ең алғашқы рөлі Әзірбайжан Мәдиұлы сахналаған ­Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-ана» тра­ге­диясындағы Жайнақ болды. Бұл бейнені КСРО халық әртістері Сәбира Майқанова мен Фарида Шәріповамен бірге бір сахнада ойнады.

Актер Әбдіқадыр Қашқабаевтың бейнелеуіндегі Жайнақ – бар айналасын шуаққа бөйлейтін, қандай жағдай болса да оптимистік көзқарасты қабылдайтын кейіпкер болып көрінгені театр сүйер көрермендердің есіңде. Одан кейін театр сахнасында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде»  – Жапал, «Айман-Шолпанында» – Өзбек,  Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасында» – Жантас, С.Ахмадтың  «Келіндер көтерілісінде»­­ ­– Тоқтасын, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында»­ ­– Ашраф сынды әр ­жанрдағы әр қилы кейіпкерлердің тағдырын тірілтті.

ҚР халық әртісі ­Райымбек Сейітметов өзбек драматургы Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясын сахналады. Әбдіқадыр Қашқабаевқа аталмыш туындыдан Тоқтасын атты кейіпкер бұйырды. Басты кейіпкер­ ­– Фармон бибінің кіші ұлы. Бауырлас елдің бұл комедиясы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театр сахнасында он сегіз жыл жүрді. Театр «Келіндер көтерілісімен» Қазақстанның барлық облыстарын аралап, ­көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әбдіқадыр Қашқабаев бір әңгімесінде: «Келіндер көтерілісі» спектаклі есіме түскенде, бүкіл Қазақстанның жері елестейді. Өйткені, біз аталмыш қойылыммен Қазақстанның барлық жеріне сапарладық» деп есіне алады.

Ұжыммен өткізген әр спектакль, әр гастроль Әбдіқадыр Қашқабаевтың күні-бүгінге дейін көз алдында. 1977 жылы Бүкілодақтық өнер фестивалінде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» ­трагедиясындағы Жапал рөлі үшін лауреат атанды. Бұл театр табалдырығын аттаған жас актер үшін үлкен жетістік еді. Актер Ә.Қашқабаев нұсқалауындағы Жапал – жақсылыққа жаны жақын, Еңлік пен Кебек тағдырына алаң болған адал жан екені байқалып, театр сыншыларының оң бағасына ие болды.

Актерлік өнер – шабыт күшін, қиял қуатын, ыстық сезімді талап ететін ерекше қабілет. Ал осы ерекше қабілетке ие болған Әбдіқадыр Қашқабаев театр өнеріне деген ыстық махаббатымен адал еңбек етті. Қазақ дубляжының дамуына да Әбдіқадыр Қашқабаевтың қосқан үлесі өте зор. «Қазақфильм» киностудиясындағы фильмдерді қазақ тілінде дыбыстады.

Қазақ өнерінде өзіндік орны бар Қашқабаевтар әулетін өнерлі шаңырақ деп те атауға болды. Әбдіқадыр ағаның жары Торғын Оспанқызы да өнерден құр алақан емес. Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, талай өнерлі өрендерді тәрбиелеп жатқан ұлғатты ұстаз. Баласы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Сырым Қашқабаев. Өнердің талай қырын өткерген Әбдіқадыр ­Қашқаба­ев баласы Сырымның актер болуыңа қарсы болды. Бірақ, баласының көзіндегі жалындаған отты байқаған асқар тау әке ақ батасымен бала қадамына сәттілік тіледі.

1999 жылы отбасымен бірге, еліміздің бас қаласына қоныс аударады.  Әбдіқадыр Қашқабаев үшін жас қалада жаңа өмір, жаңа кезең басталды. Бұл кезеңде ұстаздық әлемнің есігін айқара ашып, Қазақ ұлттық өнер университетіне ректор, «Әлем әртісі» Айман Қожабекқызының арнайы шақыртуымен шәкірт тәрбиелеуге келеді. Күні бүгінге дейін осы ұлағатты жолды жалғастыруда.

Бибінұр Қанаш, Ринат Рахымбеков, Аслан Төлентай, Хазірет Төлеген, Зарина ­Жәкенова сынды шәкірттері еліміздің театр мен кино өнерінде адал еңбек етіп жүр. Әбдіқадыр ұстаз шәкірттеріне өзі тәлім алған аға-апалары жайындағы естелігін, олардың өнегесін  үнемі айтып отырады.

Мерейлі жетпіс жасқа толып отырған Әбдіқадыр Қашқабаевтан бүгінгі ұрпақтың алар өнегесі мол!

Бахтияр Тұрсын, театртанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button