Қоғам

Сөзімен де, ісімен де үлгі болған

Құсанбек Бейбіт ағамызды мектеп кезімнен-ақ білетінмін. Ол кісі жүргізген хабарларды, айтыстарды көріп, сөз саптамына, алғыр­лығына, сымбатына қызығатынмын. Бейбіт аға сияқты шешен сөйлегім келетін.

[smartslider3 slider=3701]

Арман қуып Алматыға келгенімізде Бейбіт ағамен дидарласудың сәті түсті. Аспирантурада оқып жүргенімізде «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» деген бағдарламаға қатысып, ҚР ҰҒА академигі Рабиға Сыздық апайымыз туралы сұхбат беруім керек болды. Бұрын-соңды экран алдында сөйлеп көрмеген жастау кезім. «Рабиға апай туралы қайтіп сөйлеймін?» деген толқу мен қобалжу қатар болып, әбден уайымдағаным есімде. Рабиға апайымыз: «Ол хабарға Орынай сөйлеп береді», – деп мені ұсынған екен. Ол кісі дұрыс сөйлеуге, тілдегі норманы сақтай білуге, ойды дұрыс жеткізуге, орфоэпиялық норманы сақтай білуге ерекше мән беретін. Сондықтан елдің алдына шығып сөйлеп көрмеген, аудиториямен жұмыс істемеген, әлі сабақ бере қоймаған жас аспирант үшін бұл жауапкершілігі мол тапсырма болды. Апайымыз тапсырма берген соң көп ұзамай Бейбіт ағамыз телефон соқты. Бағдарламаның қай кезде, қалай түсірілетінін айтты. Жүрексініп отырып келістім. Түсірілім болатыннан 1-2 күн бұрын тағы хабарласып, ескертті, бағдарламаның бағытын түсіндірді. Ағамызға тағы да қобалжып, қорқып жүргенімді айттым. Сол кезде Бейбіт ағамыз жарқылдап күліп: «Сенің солай қобалжып, толқып жүргенің ұнайды. ­Жауапкершілікті сезінген адам ғана қобалжиды. Жауапкершілікті сезінбеген адам қобалжуды да білмейді», – деді.

Түсірілім болатын күні «Хабар» агенттігіне бардым. Ол жерге адамдарды кіргізе бермейді. Бейбіт ағамыз құжаттардың бәрін алдын ала реттеп қойған екен. Өзі қарсы алды. Сосын тағы да бәрін түсіндіріп, ұзын дәліздің бойымен бір кабинетке ертіп апарды. Жол бойы сөйлесіп келдік. Қобалжу, толқу деген болмады. Кабинетке келген соң әңгімемізді жалғастыра бердік. Бейбіт аға арасында сұрақ қойып отырды. Бір кезде: «Өте жақсы сөйледің. Сонша қобалжып едің. Бәрі дұрыс болды», – деді. Мен экран алдында сөйлеп отырғанымды, түсіріп жатқанын түсінбей де қалдым. Сол кезде Бейбіт ағамыздың адам жанын түсіне білетін психолог, кішіпейіл, жанашыр адам екенін байқадым.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жұмыс істеп жүрген кезімізде Бейбіт аға «Тіл», «Тіл тірегі» деген бағдарламаларды жүргізді. Хабарда түрлі саланың терминдері, жаңа қолданыстар талқыға түсетін. Шеттен енген сөздерге балама ұсынылып, ол сөздің қаншалық сәйкес келетіні туралы сөз болатын. Бағдарламада «Алтын сандық» айдарымен бір кезде ұсынылған сәтті баламалар, қолданыстан қалып бара жатқан сөздер талқыланатын. Ол сөздер сарапшылар тарапынан мақұлданса, жалпы қолданысқа енгізілетін. Ал «Күлтөкпе» айдарында дұрыс қолданылмай жүрген, қате баламалар талқыланатын. Нәтижесінде көпшілікке ой салып, мұндай сөздерді қолданбау керектігі ескертілетін. Бейбіт ағамыз әр бағдарламаға өте мұқият дайындалатын. ҚР ҰҒА академиктері – Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық, Шора Сарыбаев, Өмірзақ Айтбаев, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар – Ербол Жанпейісов, Сапарғали Омарбеков, Оқас Нақысбеков, Әлімхан Жүнісбек, Көбей Хұсайын, Асқар Жұбанов сынды бүгінде арамыздан кеткен ағайларымыз бен апайларымызбен қатар Телғожа Жанұзақ, Бабаш Әбілқасымов, Жамал Манкеева, Нұргелді Уәли, т.с.с. ­ғалымдарымызбен ақылдасатын. Бағдарламаға қатысатын спикерлердің әртүрлі ұстанымда болуына мән беретін. Хабар басталардан бұрын спикерлермен сөйлесіп, ұстанымдарын нақтылап, пысықтап алатын. Нәтижесінде әртүрлі көзқарас бір бағдарламада тоғысып, терминнің қаншалық сәтті, ұтымды екені қызу талқыланатын.

Бағдарламаны жүргізу барысында ағамыз мықты терминолог ретінде де танылды. Терминжасам ұстанымдары, терминге қойылатын талаптарды жетік меңгергені, сол сала бойынша еңбектерді оқығаны, сөздің этимологиясын білетіні байқалатын. Орысша-қазақша сөздіктер ғана емес, арабша-қазақша, парсыша-қазақша, моңғолша-қазақша, арабша-орысша, парсыша-орысша, моңғолша-орысша, т.с.с. сөздіктермен таныс екені аңғарылатын. «Алтын сандықтан» шыққан әр сөзге ерекше мән беретін. Сол сөздердің қолданысқа еніп, сөздік қорымызға қайта оралуын қалайтын. Терминнің қазақ тіліндегі сәтті баламасы табылған жағдайда ол атауларды қызғыштай қоритын. Бұл жағынан алғанда, ағамыз нағыз тіл жан ашыры ретінде танылды. Бір жолы Бейбіт ағамызға сол кезде филология ғылымдарының докторлары, профессорлар (бүгінде ҚР ҰҒА академиктері) Диқан Қамзабек, Шерубай Құрманбайұлымен бірге дайындаған Қ.Кемеңгерұлының «Қазақша-орысша тілмаш» (1925), Н.Қаратышқановтың құрастыруымен жарық көрген «Пән сөздері» (1927), Ә.Үмбетбайұлының «Әскери атаулар сөздігі» (1926), «Атаулар сөздігі» (1931), т.с.с. кітаптарды бергем. Ағамыз ол еңбектерді оқып, алаш зиялыларының ХХ ғасырдың басында ұсынған сәтті баламаларына риза болды, бірқатарын «Алтын сандық» айдарында ұсынып жүрді.

Бағдарламаға келетін сарапшылар да әртүрлі болды. Кейде шет тілдік нұсқаны мақұл көріп, сәтті баламаны қабылдағысы келмейтін сарапшылар да болды. Ондай сарапшылар көбінесе бұл нәрсенің қазақ жерінде болмағанын желеу ететін. Сол себепті Бейбіт ағамыз бір бағдарламаны «арыстан», «керік», «түрпі», «зіл», «үйректұмсық», т.с.с. атауларға арнаған еді. Бұл мақұлықтар қазақ жерінде болмаса да, қазақ тілінде (басқа түркі тілдерінде де) атауы бар екенін көрсетуге тырысты. Сол арқылы «қандай да бір зат қазақ жерінде болмаса, ол заттың қазақ тілінде баламасы да болмайды» деген ұстанымның түбегейлі қате екенін дәлелдеген еді.

Бейбіт ағамыз жан-жақты еді. «Тіл», «Тіл тірегі» ғана емес, барлық бағдарламаға асқан жауапкершілікпен қарайтыны байқалатын. Бейбіт ағамыздың бағдарламаларын асыға күтетінбіз, қызыға тыңдайтынбыз. 1995-1997 жылдары «Өмір – өзен» айдарымен берілген бағдарламасында Ақжан Машани, Бикен Римова, Фарида Шәріпова, Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырзалиев, Есенғали Раушанов, Райымбек Сейітметов, Сұлтан Сартаев, Болат Атабаев, т.с.с. тұлғалардан сұхбат алған еді. Студияға шақырған қонақтарымен әңгіме өрбіткен кезде көп нәрседен хабары бар, өзіндік ой-тұжырымы бар, ұстанымы қалыптасқан жан, шебер психолог ретінде танылып еді. Хабарға қатысқан ақын-жазушының шығармаларын оқығаны сөзінен, сұрақтарынан байқалып тұратын, әртістердің сахнадағы образдары, ғалымдардың ұстаным-позициясын біліп, еркін сұхбаттасатын. Тыңдарманның айызын қандыратындай, елдің көкейінде жүрген сұрақтарды қойып отыратын. Сұрақтардан ағамыздың позициясы – елін сүйетіні, ұлттың болашағына алаңдайтыны байқалып тұратын. Жазушы, драматург Төлен Әбдікұлымен сондай бір сұхбатында: «Өз тілінен, өз дінінен, халқының әдет-ғұрпынан безу дегенде «Оң қол» әңгімеңіз еске түседі. Тұтас бір организмнің бір бөлшегінің өзіне қарсы тұрып, қастандық жасауы – жан түршігерлік оқиға. Сіз мұны генетикалық ақпараттың әсері деп түсіндіресіз. Өз тілінен, мәдениетінен безінгендерді «оң қол» оқиғасымен салыстырсақ, ұлтымыздағы «оң қолдар» қайдан шықты. Оған осындай генетикалық ақпаратты бергендер кімдер? Кім арқылы, қай кезде себілген нәрсе деп ойлайсыз? Қазіргі көзқарас, нарық экономикасына байланысты адамдардың рухани байлық, құндылықтарды қайта зерделеп, бұрынғы бағалы деген нәрсе арзан болып, арзан деген бағалы болып жатқан аласапыран кез. Болашағымыз үшін генетикалық ақпарат егіліп жатқан жоқ па? Балаларын тек шет елде оқыту, таза ағылшын тілін үйрету деген сияқты бастамалар ұлтты топырағынан айыру емес пе? Бұл – қайдан шыққан нәрсе? Сол шетелге барып жатқандардың 70-80 пайызы ана тілін білмейтін ұрпақ болса, одан бізге қандай кадрлар келеді? Сіздіңше, бірінші кезекте ұлттық патриотизм тұруы керек пе немесе экономикалық фактор тұруы керек пе?» деген сияқты сауалдар қойып еді. Бағдарламаның мақсаты туралы Бейбіт ағамыздың өзі: «Өмірді өзен деп қарастыра отырып, мен ондағы бұрылысты бастан кешкен әр адамның жағалауға қалай көз салатынын аңдағым, байқағым келеді. Оларды не ойландырады, не толғандырады?! Сонымен бірге әр кейіпкердің өткен өмірінде, белгілі бір іс-әрекеттері мен көзқарастарында оның болмысын аңғартатын, характерін ашатын маңызды жайттар бар. Соларды тапсам деймін», – деген екен. Бағдарлама мақсатына жетті. Ағамыздың шеберлігінің арқасында бұл бағдарлама бірнеше жыл 10 үздік хабар қатарынан көрінді.

Қазіргі кезде кейбір ­журналистер бағдарламаға ғалымдарды шақырып алып, өздері көбірек сөйлеп кететін, соның салдарынан ғалымдардың ойын дұрыс жеткізуіне уақыт тапшы боп қалатын кездер жиі кездеседі. Ал Бейбіт Құсанбек ағамыз студияға келген қонақтардың ойын толық жеткізуіне, барынша ашылуына толық мүмкіндік беретін…

Ағамыздың жол апатына түскенін естіген кезде көпке дейін есеңгіреп қалдым. Сең соққандай есімді жия алмай қалдым. «Қате ақпарат шығар, шатасып кеткен шығар», – деп сонша үміттендік. Ақпарат расталған соң көз жасымызды көл еттік. Институттың кәрі-жасы түгел аза тұтты. Бәрі де Бейбіт ағамыздың ақыл-парасатын, адамгершілігін, мейірімділігін…, тым ерте кеткенін  айтып жатты.

Ағамыз кеткен соң «Тіл», «Тіл тірегі» бағдарламалары да тоқтап қалды. Бүгінгі таңда осындай бағдарламалар өте керек-ақ! Бейбіт ағамыздың орны әлі ойсырап тұр. Бейбіт ағамыздың саңқылдаған дауысын, мәз болған күлкісін сағындық. Алайда «Құран» бағыштағаннан басқа қолдан келері жоқ. Аз ғана уақыттың ішінде Бейбіт ағамыздың сан қырлы дарын иесі екенін, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтынын, үлкен-кішіге бірдей қамқор, Абайша айтқанда, толық адам екенін түсіндік. Ағамыздың біз білмейтін қыры көп екен. Еске алу шараларына қатысқанымызда Бейбіт Құсанбектің керемет ақын, композитор екеніне де көз жеткіздік. «Құдай берсе, құлай береді» дегендей, жан-жақты дарын иесі екен. Сөзімен де, ісімен де үлгі болған ағамыздың жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын! «Құран» сауаптары тие берсін!

Жұбай ОРЫНАЙ,

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық  университетінің

профессоры м.а., филология ғылымдарының докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button