Басты ақпаратҚала тіршілігі

Байқоңыр ауданының бірінші белесі

Елордамыз Астана қаласының төртінші ауданы – Байқоңыр ауданының құрылғанына бір жыл толуына орай «Елорда дамуындағы Байқоңыр ауданының алатын орны» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция мен құттықтау шаралары өтті. Ұлыстың ұлы күніне орай өткізілген шараға Астана қаласы мәслихатының депутаттары, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының, аудандық Ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты.

Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимов ауданда бір жылдан бері істелген жұмыстар мен өткізілген іс-шараларға тоқталып, ауданның инфрақұрылымдарды жақсарту, тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеру жағында істелген істерді қысқаша атап өтті. «Ауданымыз құрылған бір жылдан бері тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін қарқынды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, 400-ден аса мәдени, 37 қайырымдылық шаралар өткіздік. Жалпы ұзындығы 16553,6 км болатын көше жолын салдық. 36 көше мен қысқа көшеге уақытша жол төселді. 3 гимнастикалық «Street workout» алаңы салынды. Аулалар абаттандырылып, гүлзарлар жасалды. Осының бәрі – халықтың тұрмысын жақ­сарту үшін істелген жұмыстар» деді аудан әкімі.
Конференцияда сөз алған қатысушылар ауданда бір жылдан бері істелген істерге оң бағаларын беріп, ұтымды ұсыныстарын да ортаға салды. «Көпбалалы аналарға жағдай жасау әрқашан назардан қағыс қалмауы керек» деп сөз бастаған қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Жас­тар жылы аясындағы іс-шаралар халықтың рухани тұрмысын байытуға, ана тіліміздің мәртебесін көтеруге де бағытталуы керек» деді. «Ақылды» қала құру үшін қаланың тұрғындары да ақылды болуы керек. Ал ақылды тұрғын еліміздің Ата Заңын да құрметтеп, мемлекеттік тілді жетік меңгеруі шарт. Мен Байқоңыр ауданының әкімшілігі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты мәселені ешқашан назардан қағыс қалдырмайды деп үміт етемін» деді О.Асанғазы.
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҰҒА-ның академигі Дихан Қамзабекұлы «Елорда және Байқоңыр ауданының белестері – «Рухани жаңғыру» аясында» атты баяндама жасап, бірқатар мәселелерге тоқталып, былай деді: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қамтитын көлемі де, мазмұны да өте кең. Біз аталған бағдарлама арқылы жастарды туған елін, жерін сүйетін отаншылдыққа баулып, ел үшін еңбек етуге тәрбиелейміз. Әрқашан жастардың идеясына ұлттық тағылымды сіңіріп, олардың бойында ұлттық жігерді жетілдіруге ден қоюмыз керек. Сондықтан біз ауданда атқарылатын жұмыстарға атсалысуға дайынбыз». Ауданның мерейтойына арналған конференциядан кейін мерекелік концерт өткізіліп, өнерпаздар ән-күйден шашу шашты.
Айта кетейік, қала әкімінің «Шет аймақсыз қала» жобасы аясындағы жұмыстарды жалғастыру, шаһар инфрақұрылымын дамыту және жетілдіру, шағын бизнестің өркендеуіне жағдай жасау, қала тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында құрылған Байқоңыр ауданының жалпы аумағы 18,1 мың гектарды құрайды. Тұрғындары 200 мыңнан асып жығылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button