Басты ақпаратЖаңалықтар

Балалық шақтың бақыты

Бүгін «Астаналық» саябағында Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай балдырғандарды шат-шадыман көңіл-күйге бөлеген мерекелік шаралар өтті. Бас қала жеткіншектерін мейрамдарымен құттықтауға арнайы келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова өзінің жылы лебізін білдірді.

– Жаймашуақ жаздың бірінші күні өзімен бірге тамаша мерекені ала келді. 1949 жылы Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының ұсынысымен, БҰҰ-ның қолдауымен Балаларды қорғаудың халықаралық күні мейрамы пайда болды. Сол уақыттан бері бұл мереке бүкіл дүниежүзінде аталып келеді. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында қазірде елімізде атқарылып жатқан шаралардың барлығы болашағымыз – балалар үшін екенін атап көрсетті, – деген Мемлекеттік хатшы әрі қарай еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бері ұрпақ үшін жасалған шаруаларды тарқатты.

– Қазақстан тәуелсіздігіне биыл 25 жыл толып отыр. Егемендігіміздің алғашқы жылдары Мемлекет басшысы Балалардың құқықтары туралы конвенцияға қол қойды. Жалпы елімізде 60-тан астам конвенцияға қол қойылса, олардың 15-тен астамы балалардың құқықтарына қатысты болып отыр. Жуырда мемлекетімізде Балалардың құқықтары жөнінде арнайы уәкіл тағайындалды. Әсіресе, Астанада балалардың болашағы үшін ұшан-теңіз жұмыс атқарылып отыр. Қазақстан Президентінің тапсырмасымен бас қаламызда жеткіншектерге арналған қаншама нысан салынды. Мәселен, Оқушылар сарайы, Мұз аренасы көркімен көз арбап, көңіл сүйсінтеді. Бұларға қоса спорттық нысандар, қазір бәріміз жүрген саябақ балалардың бақытты өміріне жол ашып отыр. Бүгінгі мейрамдарымен барша баланы шын жүректен құттықтаймын! Келген жазғы демалыстарыңыз ұмытылмастай жақсы әсерлерді сыйласын! Төбемізден әрқашан күн жарқырап тұрсын! Бақытты балалық шақты тілеймін! – деп түйіндеді сөзін Г. Әбдіқалықова.

Саябақтағы мерекелік шаралар балалар өнер ұжымдарынан құралған концертке ұласты. Ағымдағы мамыр айында Астана қаласы Білім басқармасына қарасты Жас саяхатшылар станциясының жеткіншектері Шымкент қаласында өткен «Отан жолымен» атты өлкетану бойынша жарыстан жүлделі оралды. Шара барысында сонда топ жарған балалар марапатталды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button