Басты ақпаратЖаңалықтар

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеуге арналған іс-шараларға қатысты.

2016 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеуге арналған іс-шараларға қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова Астана қаласының «Астаналық» саябағында өткен «Қош келдің, жаз!» атты балалардың ойын-сауық бағдарламасын тамашалады. Мемлекеттік хатшы өз  сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біздің балаларымыздың бақытты балалық шағы, жақсы білім алуы, денсаулықтарының мықты болуы, үлкендердің ықыласы мен қамқорлығына бөленуі үшін барлық жағдай жасағандығын атап өтті.

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстан елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Заманауи мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорттық ғимараттар, балалар алаңдары салынуда, қайырымдылық қорлары мен өзге де ұйымдар қызмет атқаруда. Мысалы, бүгінде Астанада 40 мыңға жуық бүлдіршін  балабақшаларға барып, 117 мыңнан астам оқушы білім алуда.

Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы шығармашылық алаңдардың жұмысымен танысып, «Біз үздікті таңдаймыз!» атты балалар суреттерінің көрмесінде, «Шебер қолдар» шеберханасында, сонымен қатар зияткерлік және спорттық ойындар алаңдарында болды.

Сол күні Г.Н.Әбдіқалықова «Қазақстан» Орталық концерт залында балаларға арналған «Bi Жұлдызай», «Таң Шолпан» және «Бала Дауысы» республикалық конкурстар жеңімпаздарының қатысуымен өткен  «Біз – Ұлы Дала Елінің ұрпақтарымыз!»  атты гала-концертке қатысты.

Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова егемен Қазақстанның алғашқы қадамдарының бірі балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етумен байланысты екендігін атап өтті. 1994 жылы Қазақстан БҰҰ-ның «Баланың құқықтары туралы» Конвенциясын ратификациялады. Бұл Конвенцияға қосылуы мемлекеттің әлем қауымдастығының өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау саласындағы негізқалаушы құжаттарына деген бұлжымастығын паш етті. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстан адам құқықтарына қатысты 60-қа жуық халықаралық құжаттарды ратификациялады, олардың  қатарында 15-тен астамы балалар құқықтарын мақсатты түрде қорғайды.

Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай институционалды және заңнамалық деңгейлерде қаланған балалар құқықтарын қорғаудың ұлттық моделі қалыптасты. Ел басшылығының саяси ерік-жігері мен балалардың құқықтарын қорғау мен қамтамасыз етудегі мемлекеттік сындарлы саясаттың айшықты белгісі болып табылатын бала құқықтары жөніндегі Уәкіл институты құрылды.

Гүлшара Әбдіқалықова балалардың әсемдік, шығармашылық және жасампаздық әлемінде өмір сүруіне барлық жағдайлар жасалуы қажет екендігін атап өтті. Мемлекеттік хатшы: «Балаларымызды тәрбиелей отырып, біз мемлекетіміздің болашақ әлеуетін қалыптастырамыз, олар оның құрылысына атсалысып, Отанымыздың табыстары мен жетістіктерін арттыратын болады» – деді.

Сөзінің соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова балалардың құқықтарын қорғау мәселелерінде биліктің барлық тармақтарының, азаматтық қоғам мен үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өзара тығыз байланыста болуға шақырды.

Астанадағы Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған негізгі мерекелік іс-шаралар «Астаналық» және Студенттік саябақтарында, Қаржы министрлігі мен Оқушылар сарайы алдындағы алаңдарда өтті.

Осы мерекелік күні еліміздің барлық өңірлеріндегі орталық алаңдар, стадиондар, саябақтар, сарайлар мен ойын-сауық кешендері балалар мен олардың ата-аналарына есіктерін айқара ашты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button