Басты ақпаратҚала мен Сала

Батареяның залалына бейжай қарамайық

Соңғы жылдары электронды қоқыстардың қоршаған ортаға әкелетін залалы жөнінде әлемде аз айтылып жатқан жоқ. Соның бірі –батарея. Бір тал батареяның 10 мың текше метр суды ластайтынын алға тартқан мамандар керексіз батареяны беталды тастамауға көптен бері кеңес беріп келеді.

Көрінбейтін кесепат

Бүгінгі электрон дәуірінде электр қуатынсыз жұмыс жасау қиын. Мінген көлігіңнен тартып, ұялы телефонына дейін электрсіз ештеңе істей алмайды. Тұрмысымызда тұтынатын электрлі бұйымдардың кейбірін тікелей тоқ көзіне қосып, қуаттауға болса, тек батарея арқылы жұмыс істейтін бұйымдар да аз емес. Сосын батареяның ойлап табылғанына 180 жылдан асса да, әлі күнге дейін қолданыстан қалмай келеді. Керісінше түрі тіпті көбейді. Алайда осы кішкентай ғана нәрсенің қоршаған ортаға қаншалық залалды екені көп адамның қаперіне де кірмейді. Тіпті, батареяның сыртына «Қоршаған ортаға залалды» екені ашық жазылып, тұрмыстық қоқысқа тастау­ға болмайтыны ескертілсе де, оған қарайтын адам аз. Қуаты бітсе, қоқысқа қоса саламыз. Бір тал АА батареясының 20 шаршы метр жерді ластайтынын барлық адам білсе, бұл қадамға бармас еді, әрине.
Батарея қоқысқа тас­талғаннан кейін ішіндегі улы қосылыстар жерді, өсімдіктерді, жер асты суларын бүлдіреді. Ал тұрмыстық қоқыспен бірге өртелсе, атмосфераны ластайды. Оның зиянын табиғи айналым бойынша, ең соңында тағы да адамзат өзі көреді. Себебі батареяның құрамында адам ағзасына, денсаулығына зиянды қорғасын, марганец, кадмий, никель сияқты әртүрлі ауыр металдар бар. Ал бұл элементтер адам ағзасына енсе, бүйректі, бауыр­ды, миды, жүйке жүйесін зақымдап қана қоймай, обыр дертін қоздырады.

Шетелдің әдісі бізге де керек

Негізі керексіз батарейкаларды беталды тастай салмай, арнайы зауыттарда қайта кәдеге жарату керек. Дамыған елдерде бұл әлдеқашан жүзеге асырылған. Дей тұрғанмен, көне батареяны қайта өңдеу құнының қымбаттығы, өз шығынын өтемеуі салдарынан, көптеген елдер батареяны қайта өңдеуге қызығушылық танытпай отыр. Тек дамыған елдер көне батареяны қайта кәдеге жаратуды заңмен кепілдендіріп, тиісті шараларды қолданады. Сөзімізге дәлел ретінде бірнеше елді мысалға ала кетейік.
Германияда «Көне батареяларды жинау және қайта өңдеу жүйесі» өте кемелденген. Атап айтқанда, бұл ел 1998 жылы батарея өндіретін компанияларға «Қоршаған ортаға залалды тауар өндіргені үшін» арнаулы салық түрін енгізді. Сонымен қатар өндіруші, сатушы және орта сапасын бақылау органдарын көне батареяларды жинауға міндеттелді. Сосын да бұл елде тұрғын үйлердің маңында, сауда сарайларында, дүкендерде, әлеуметтік орындарда қолданылған батареяларды жинайтын арнаулы сандықтар қойылған. Германияда «улы» белгісі жапсырылған батарея сатып алса, кепіл соманы қоса төлейді. Бұл сома бағаның ішіне қамтылған, ол қолданылған батареяны жинау орнына(немесе сатып алған дүкенге) өткізген кезде қайтарылып беріледі. Міне, осындай өнімді әдістің әсерінде Германияда ескірген батареяны жинау көрсеткіші 70 пайыздан жоғары деңгейге жеткен.
Швейцарияда «Ескі батареяларды басқа қалдықтармен араластыруға болмайды. Оны арнаулы жинау орындарына тапсыру керек» деген үндеу қарапайым қағидаға айналған. Швейцария Федералдық үкіметінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта бұл елде батареяларды кәдеге жарату үшін қойылған 143 мың қоқыс сандығы бар, олардың 30 пайыздан астамы дүкендерде. Халықтың көне батареяларды жинау қызығушылығын арттыру үшін бір батареяны жинау орнына өткізсе, 1 франк (320 теңге мөлшері) сыйақы да беріледі.
АҚШ-та көне батареяны жинау 100 пайызға жеткен. Мұндай батареяларды жинау жөнінде әр штаттың әр түрлі белгілемелері бар. Бірақ қайсы өңірде болса да, бір азамат жылына 2 батареяны жинау орнына өткізу міндеті бар. Ал Жапонияда жылына тонналаған көне батарея жиналып, қайта өңдеуден өтеді екен. Бұл елде сауда орталықтары мен тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендерде батареяларды жинауға арналған 600 мыңнан астам сандық бар.

Елордамыз да ескерсе…

Еуропа мемлекеттерінде батарея қабылдау нүктелері өте көп. Оқу орындарында, әрбір жұмыс мекемелерінде, сауда орталықтарында және басқа да жерлердің бәрінде бар. Ал Қазақстанда батарейка қабылдау нүктелері әлі жетерлік емес. Алматы қаласы бойынша бірнеше мекеме қабылдайды. Бас қаламыздың өзінде дүкендерде, сауда орталарында батарея жинау сандығы атымен жоқ. Ішінара тұрғын үйлердің маңында электронды қоқыс жинау сандықтары қойылғанымен, оның көбінің есігі шағылған, дұрыс жұмыс істемейді. Оған батареяны салып жатқан тұрғындар да, батареяны жинап жүрген арнаулы қыз­меткерлер де жоқ. Көбі батареямен емес, тұрмыстық қоқыспен толып жатыр.

Ел болып қолға алсақ…

Елімізде батареяның залалы жөніндегі түсінік әлі терең емес. Әсілі бұл мектеп қабыр­ғасынан бастап үйретілетін тәрбиенің бірі еді. Біз осы мақаланы жазу барысында бірқатар мектеп оқушыларынан батареяның залалы жөнінде сұрап көрдік. Көбі бұл жөнінде ештеңе білмейді, батареяны беталды тастауға, тұрмыстық қоқыспен араластыруға болмайтынынан мүлде бейхабар. Ата-аналар да қуаты таусылған батарея­ларды «қоқысқа тастай саламыз» деп күледі. Ал Үкімет тарапынан батареяларды арнаулы орында жинау жөнінде жасалып жатқан үгіт, тебінсіз, тіпті жоқтың қасы. Демек, Қазақстанда батареяны қайта жинап кәдеге жарату немесе оның ортаға тигізетін залалын аластау жөніндегі көзқарас өте төмен. Бұл жағдайды да ел боп қолға алу.
Жарақсыз батареялардың ортаға жасайтын залалын азайту үшін біздің елде де сауда сарайларында, дүкендерде, тұрғын үйлердің кіре берісінде, әлеуметтік орындарда қолданылған батарея жинайтын сандықтарды молайту керек. Астанамыз­дағы қазіргі бар электр бұйымдарына арналған қоқыс сандықтарын «көрініс үшін » ғана қоймай, оның санын әлі де арттыру керек. Сонымен қатар батареяның залалы жөніндегі әлеуметтік жарнамаларды күшейтіп, жұртты батареяны беталды тастамау­ға жұмылдырған жөн. Сол арқылы тұтынушыларды қайта зарядтауға болатын батареяларды тұтынуға, отбасында жарақсыз батарея жинайтын сандықша жасап, батарея көбейген кезде белгіленген орындарға өткізуге ынталандыру керек. Өйткені қоршаған орта тазалық проблемасы қашанда елдің ертеңіне қатысты өзекті мәселе.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button