Тағзым

БАТЫРЫМЫЗДЫ КӨЗІ ТІРІСІНДЕ БАҒАЛАЙЫҚ

DSC_2046

Еліміздегі ең әйгілі атақтардың бірі – «Халық қаһарманы». Біздіңше, мұндай дәрежеге ең алдымен­ ұрыс даласында,­ майдан­ алаңында асқан ерлік көрсеткен соғыс ардагерлері ие болуы­ тиіс. Ал, Талғат Бигелдиновтің күні бүгінге дейін ондай деңгейде марапатталмауы неліктен?

«Ебептен – себеп, балшықтан – мұрат» дегендей, оның туған халқына ең алғаш танымал болуына себепші болған Жұмабай Шаяхметов екен. Мәскеу темір жолының Қазан вокзалында кеудесі орден-медальдарға толған, оның үстіне қос Алтын Жұлдызы жарқыраған бір әскери қызметшімен кездейсоқ танысады. Қырғызстанда тұратындығын, қазақ екендігін, енді үйіне демалысқа бара жатқандығын білген соң ЦК-нің хатшысы қолма-қол елге телефонмен пәрмен береді.
Бұдан соң қазақ батыры мініп, Фрунзеге бағыт түзеген поезд Ақтөбеде, Шалқар стансасында, Қызылорда мен Шымкентте сәл кідіріп, төтелетіп Шуға бір тоқтап, Алматыдан бір-ақ шығады. Жол-жөнекей болған кідіріс кезінде барлық жерде халық көп жиналып, батырды дәріптеген митингілер өтеді, оған ерекше сый-құрмет көрсетіледі. Той-домалақ бітті-ау деген кезде Талғат Бигелдинов тұрақты мекені – Пішпекке жол тартады.
Кейін Жұмекең арнайы вагон жіберіп, ағамызды барлық туыстарымен арнайы қонаққа шақырады. Содан соң ағайын-туыстарының бәрі кейін қайтып, Талғат ағамыз Алматыда біржола тұрақтап қалған екен. Әрине, мұндай жағдайдың ертелі-кеш пе, әйтеуір, бір болары сөзсіз еді. Дей тұрсақ та, аты аңызға айналған баһадүр бауырымызды «біздің қазақ осындай, көріңдер, мақтаныңдар, үлгі алыңдар» деп туған жұртына тұңғыш таныстыру бақыты ел ағасы – Жұмабай Шаяхметовке бұйырғанын атап өтуіміз қажет-ақ.

Қырғыздың әдебиетші ғалымы Әбділдажан Ақматалиевтың Алматыда жарық көрген «Егіз елдің әуені» (1989, «Жазушы») деген кітабында (қырғыз тілінен аударған Тұрлыбек Мәмесейітов) қазақ-қырғыз әдеби байланысы баяндалады. Сонымен бірге автор мұның нақты көрінісі есебінде Ұлы Отан соғысы кезінде қырғыздың батыр ұлы Чолпонбай Төлебердиевтің қалтасынан қан болған комсомол билетімен қоса қазақ ақыны Жамбылдың «Отан бұйрығы» деген өлеңі басылған газеттің қиындысы табылғанын сөз етеді. Әрмен қарай оның пайымдауынша, «Чолпонбайдың әлемді таң қалдырған ерлік жасауына Жамбыл жыры күш, қайрат, жігер қосқан десе де болады. Ал Совет Одағының Батыры атағын екі рет алған Талғат Бигелдинов екі елдің ықыласына бірдей бөленіп, оған қазақ-қырғыз жазушылары бірдей шығармаларын арнап келеді. Өйткені, Т.Бигелдинов қырғыз жерінде туып (!), сол елде ер жетіп, қырғыз тілін ана тіліндей көріп өскен адам (қарайтып астын сызған – А. К.)» деп жазады.

Сонда қалай болғаны? Біздің білуімізше, Батыр атамыз Ақмола төңірегінде, дәлірек айтсақ, Есіл алабындағы ағынсыз Майбалық көлінің жағасында өмір есігін ашпап па еді? Олай болса, қырғыз оқымыстысы Ақматалиевтің мына пікірін қалай ұғамыз? Бұған осы туындыны оқып, өндіріске жіберген не баспа редакторының, не аудармашының тым құрығанда ескерту ретінде ештеңе айтпағаны қалай? Демек, олар автордың пікірін қостайды, Бигелдиновтың қырғыз жерінде туғандығын мойын­дайды.

Оған негіз де бар сияқты. Үлкен совет энциклопедиясында қаһарман ағайынымыз 1922 жылдың 5 тамызында Фрунзе қаласында туды деп көрсетілген. Демек, осы кітаптың авторы және оны жарыққа шығаруға қатысы бар басқа да жазармандар бүкілодақтық академиялық басылым жария еткен деректі басшылыққа алуы әбден мүмкін. Солай болсын-ақ. Ал шын мәніндегі жағдай қалай еді? Екі дүркін Батырдың өзі не дейді? Оның акпарат құралдарына берген сұхбаттарында, көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде «қырғыз жерінде туып едім» дегенін оқыған да, естіген де емеспіз. Қайта, керісінше, «мен Ақмоланың дәл іргесіндегі Майбалық ауылында туғанмын» деп қайталаудан жаңылған емес. Мәселен, Батыр атамыздың 2000 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Пике в бессмертие» деген естелік кітабын оқып көріңіз:
«Бұл оқиғаның өзі соғыс жүріп жатқан кездегі майдан даласындағы қимыл-әрекетке көбірек ұқсайды. Анам айналасын дәрігер, акушер қоршаған перзентханада немесе үйде кіндік шешенің қолында босанған емес. Менің туыстарым қазақша өмір сүрудің қажеттілігінен туындаған басқа да көптеген малшы қазақтар сияқты бір жайылымнан екінші жайылымға бөгеліп, қоныс аударып отырған. Осындай бір көш барысында мен түйеге жегілген биік қос доңғалақты арба үстінде жарық дүниеге келіппін.

Ал бұл жолғы көшудің себебі басқаша еді. Бүкіл Ақмола өңіріне белгілі дәулеті тасыған Ғалибай деген мырза кәмпескеден құтылу үшін менің Түсіпбек әкеме және Бигелді атамыздан тарайтын кейбір басқа туыстарына малын Алтай тауларына айдап салуын тапсырады. Барар жер алыс. Байдың малы аз емес: мал басының саны он бес мыңнан көп болса, оның ішінде жылқының өзі мыңнан асады.

Екіқабат шешем көш жылжығанда басқа әйелдер сияқты түйенің үстінде отырады – бұлай ыңғайлы әрі жұмсақ. Тек толғақ жақындаған кезде оны сондай түйеге жегілген арбаға ауыс­тырады. Міне, соның үстінде ашық аспан астында өмірге келіппін. Бұл оңтүстікке бет алған көштің көп болса екінші, әрі кетсе үшінші күні болар. Біздің ауылдан алыс емес. Ақмола іргесіндегі Майбалық көлінің жағасында болған оқиға. Атымды Талғат деп қойыпты. Әкемнен және сол көшке қатысқан осы оқиғаның басы-қасында болған туған-туыстарымнан естіген әңгіменің мазмұны осындай».

Аумалы-төкпелі заман ғой. Бигелді әулеті Пішпекке жеткенде бұл аймақты қызылдар иеленіп, мал иесі Ғалибай мырза Қытай асып үлгерген екен. Теріскей аймақтан жеткен жан-жануарды совет өкіметі қабылдап, анықтамаға қызыл комиссар М. Фрунзенің өзі қол қойған. Орталықтан келген комиссия «бай баласысың, сені әскери училищеге алмаймыз» дегенде, ол осы құжатты көрсетіп, мұның оқуға қабылдануына тікелей шарапаты тиген.

Оның өмірінде көп айтыла бермейтін жағдайлар баршылық. Мәселен, Талғаттың әкесі – Түсіпбек, бірақ ресми құжаттардың бәрінде Жүсіпбекұлы деп жазылады. Мұның сыры мынада. Түсіпбек-Жүсіпбек дегендер – ағалы-інілі туыстар. Түсіпбек төрт бала өсірсе, інісі Жүсіпбекте бала болмапты. Сондықтан ағасынан қиыла сұрап, оның ризашылығымен Талғатты бауырына басқан. Әрине, мұнда тұрған пәлендей ештеңе жоқ, қазақтарда бұл сияқты әрекет бола береді, өрескел саналмайды.

Бала кезінде Талғат еркетотай бола алмады. Көп әлпештене қойған жоқ. «Байтал түгіл, бас қайғы» деген заман болды емес пе? Жаңа жанұяға кірген баланы өгей шешесі кейін мойындағанымен, көп уақыт жақтыра қоймаған. Мұндай тіршілік болашақ ұшқышты жинақы, дербес, тәуелсіз, өзіне-өзі қамқор болып, жастайынан өмірін дұрыс құра білуге машықтады.

Жастық шағы Пішпек шаһарында өтті. Қалада қырғыз, қазақ мектептері болмағандықтан татар мектебінде оқыды. Орысша сауаты нашар бол­ған­дығына қарамастан бесінші сыныпта өзі орыс мектебіне ауысады. Татарша үздік оқыған Талғат орыс мектебінде көп қиыншылыққа ұшы­рай­ды. Өйткені, орысша жазбақ түгіл, мәтінді әзер оқитын. Соған қара­­мас­­тан мойымады, жасымады, қажыр-қайрат көрсетіп, алға жылжи берді.

* * *

Екі дүркін Батыр атанған қадірлі жерлесіміздің сұрапыл соғыстағы ерлігі туралы, қаһармандық іс-әрекеті жайлы жазылып та, айтылып та жүр. Шиырып айтсақ, ол Ржев, Старая Русса, Смоленск қалаларын азат етуге қатысты. Украинаның Харьков, Полтава, Кременчук қалаларының аспанында жаумен жанталаса айқасты. Днепр, Буг өзендерінің үстінде жаудың қаншама ұшақтарын жандырды десеңізші! Молдова, Румыния, Польша жеріндегі айқастың алғы шебінде болды. Соғыс аяқталар жылы Бреслау, Оппель, Прага, Берлин маңайындағы жойқын соғыстарға қатысты. Қос Жұлдызды ұшқыштың ерлік жолы бәріне мәлім сияқты. Солай болса да оның өмірбаянындағы кейбір деректер әртүрлі баяндалып жүр. Неге? Мәселен, Батырдың өзі және қазақ елінде шыққан барлық анықтамалықтарда, ақпарат құралдарында Сарыарқа өңірінде, оның ішінде, дәлірек айтсақ, Ақмоланың тап іргесіндегі Майбалық ауылында кіндік қаны тамған деп жүрміз. Соған қарамастан қырғыз бауырымыз Әбділдажан, Үлкен совет энциклопедиясы, керісінше, басқаша хабар таратып келеді.

Совет заманында екі дүркін Батыр атағына ие болған азаматқа туған жерінде мемлекет тарапынан ескерткіш орнатылатын. Бәрі осыдан басталса керек. Осыған орай белгілі журналист Талғат Сүйінбайдың жазбаларына бір сәт назар аударып көрейік.

«Қос жұлдызды Батырдың Мәскеудегі Жоғары әскери Әуе күштерінің академиясында оқып жатқан кезі. Бір күні СОКП Орталық Комитетінен шақырту алады. Барса: «Ждановқа кіріңіз» дейді. Хатшының қабылдауында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының сол кездегі төрағасы Қазақбаев пен оның сондай қызметтегі қырғызстандық әріптесі отыр екен. Әңгіме Талғат Бигелдиновтың туған жерін айғақтау төңірегінде болады. Екі жақ батырды бөлісе алмай әбден әбігерге түседі. Жданов Қазақбаевқа бұрылады: «Қандай уәж айтасыз?» Бигелдиновтың бүкіл туысқан-бауырлары Қазақстанда, оның қазақ жерінде – Ақмола өңірінде туғанын, қазақ екенін солар айтып отыр» дейді. Жданов: «Оныңызды растайтын қағаз кәне? Қазақбаев: «Соңыра алып келеміз». Жданов: «Соңыра деген болмайды». Сол арада Қырғыз ҚСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы: «Мынау біздің құжат», дейді. Араб әрпінен хабары жоқ Жданов: «Мұны кім жазған?» демей ме? Қырғыз Жоғарғы Кеңесінің төрағасы: «Мұны жергілікті молда жазған, молда…» дейді. Сөйтіп, осы бір ауыз сөзбен Талғат ағамыз «қырғызға» айналады. Осылайша, қырғыздар ел астанасы Фрунзеге (қазіргі Бішкекке) екі мәрте Кеңес Одағы Батырының туған жеріне қойылатын қола бюст орнату мәртебесіне қол жеткізеді («Егемен Қазақстан», 8 мамыр 2010 ж.)».

Менің өз басым қырғыз бауыр­ларға өкпе-назым жоқ. Талғат ол жердің тумасы болмаса да сол аймақта өсіп-өнді, ер жетті, дәріс алып, мектеп бітірді, үлкен авиацияға алғашқы қадам басты – бәрі қырғыз жерінде болғаны белгілі. Бұған ешкім күмән келтірмейді де. Шынын айтсақ, бізден бір тірі жан іздемеген соң, ескерткіші де сол жерге қойылды. Кімге өкпелейміз? Рас, бұрын жер ортақ, ел бір болды. Бірақ сол жылдардың өзінде «генерал Рахимов» деп кино түсіріп, оны «таза» өзбек қылған атақты майдангер жерлесіміздің қазақ екендігін дәлелдеп беріп едік қой. Біз оны өзбектен қызғанғанымыз жоқ, бірақ генералдың ұлтының қазақ екендігін, Оңтүстік Қазақстанның Қазығұрт ауданында туғандығын басын ашып алдық емес пе?

Ал екі дүркін Батыр ұшқышты қай елден шыққандығын ажырататын кез келді. Соған неге енжарлық жасап жүргенімізді түсінбеймін. Бір кезде мән бермеген, елемеген шығармыз. Енді оны түзетейік, тарихи шындықты қалпына келтірейік.

Мәселе Ақмолада, Талғатта тұрған жоқ. Қазір Ақмола Астана атанып, бүкіл қазақ жұртының бас қаласына айналды. Екіншіден, әділеттілікті қалпына келтіру аты аңызға айналған Бигелдиновтен гөрі ең алдымен бізге, қазақ еліне керек. Өйткені, ол – ел тарихының төрінен орын алған бүкіл қазақ жұртының ортақ ұланы, жалпы алаш қауымының мақтанышы, асыл қазынасы, алтыны. Бұрынғы совет еліндегі түркі тектес халықтар ішінде 1941-1945 жылдарында болған қиян-кескі майданда ғажап ерлік жасап, сондай дәрежеде абырой-даңққа жеткен адам жоқ. Үш дүркін КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланып, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атануы, «Қызыл Ту», I, II дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз», Александр Невский, III дәрежелі «Даңқ» ордендерін және басқа көптеген медальдарды еншілеуі соның айқын дәлелі болса керек. Соғыс біткен соң азаматтық авиация саласында істеп, берекелі еңбегімен көзге түсті. Осындай аты аңызға айналған батыр бауырымыздың құнын төмендетпейік. Ол қазақ елінің, туған халқының меншігі екенін сезінейік. Олай болса, кезінде жіберілген кемшілікті түзетейік, өйткені, қазіргідегідей шарасыздығымызды ұрпақ кешірмейді.

Аллаға шүкір, тәуелсіз ел болдық. Орталық Сарыарқа төсіне көшті, Астана қаласы жылдан жылға көркейіп келеді. Өткен-кеткен тарихымызды таразылап, жоғалтқан, ұмытқан қазынамызды түгендеп жатырмыз. Соның бірі – елдің ерлік шежіресі, соған тікелей қатысты батырлар өмірі. Оны жат жұртқа болсын, ел ішінде де дұрыс жеткізе алғанымыз абзал.

* * *

Ел басына қиын-қыстау күн туғанда Батыр атамыздың майдан алаңында көрсеткен теңдесі жоқ ерлік істері ешқашан ұмытылмайды. Тәуелсіздік жылдарында ол бірнеше қалалардың (Алматы, Астана, Арқалық) құрметті азаматы аталды. Ақтөбе, Қарағанды қалаларындағы ұшқыштар дайындайтын әскери оқу орындарына Талғат Бигелдиновтің есімі берілді. Авиация генерал-майоры шеніне ие болды. «Отан», I дәрежелі «Даңқ» ордендерімен наградталды.

Талғат Бигелдиновтің кеудесіне қос Алтын Жұлдыз таққанына жетпіс жылдан асып барады. Сол үшін оған Ақмолада қойылуға тиісті ескерткіші біздің шалағайлығымыздан Қырғыз­стан астанасында орнатылды. Демек, өзіміз тарихи қателікке ұрынуға себепші болдық. Жарайды, солай-ақ болсын. Кезінде жеріміз ортақ, еліміз бір деп бұған мән бермедік. Енді, міне, алып империяның құлағанына да ширек ғасыр болып қалды. Солай болса да кеңес энциклопедиясының жалған дерегін, қырғыз ғалымының жаңсақ пікірін «сендердікі дұрыс» деп мойындай беруіміз керек пе?

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы келді деп алаулатып, жалаулатып жатырмыз. Бәрі дұрыс. Ал тойға байланыс­ты атқарылатын іс-шараның ішінде Талғат Бигелдиновке Астанада ескерткіш орнатылады деген тармақ бар ма? Екі мәрте Батыр атанған өзінің ардақты ұлына тәуелсіз елі мұндай құрмет көрсете алады деп ойлаймыз.

Еліміздегі ең әйгілі атақтардың бірі – «Халық қаһарманы». Біздіңше, мұндай дәрежеге ең алдымен ұрыс даласында, майдан алаңында асқан ерлік көрсеткен соғыс ардагерлері ие болуы тиіс. Ал, Талғат Бигелдиновтің күні бүгінге дейін ондай деңгейде марапатталмауы неліктен? Оны айтасыз, кей жағдайда Батыр ұшқыштың есімі сөз болып, айтылуға тиісті жердің өзінде ұмытылып қалатындығын қалай түсінерсіз? Мәселен, «Қазақтар» деген көпшілікке арналған анықтамалықтың (Алматы, «Білік» баспа үйі, 2003) екінші томы түгелдей тарихи тұлғаларға арналған. Бірақ мұнда соғысқа қатысып, Батыр атанғандардың ішінде М.Ғабдуллин, М.Мәметова, Р.Қошқарбаев бар, ал Талғат Бигелдинов жоқ. «Ұмытылған».

 

* * *

Біз, қазақтар – үлкенді сыйлап, елдің абырой-даңқын аспандатуға себепші болған аяулы азаматтарды дәріптеп, ардақтай білетін халықпыз. Тоқсаннан асып, жүзге жол тартқан қадірменді ақсақалымыздың сау-саламат болуын, ортамызда жүре беруін тілейміз. Ол әрқашанда Отанының, туған халқының ыстық ықыласына бөлене берері сөзсіз.

Амантай КӘКЕН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button