Қала мен Сала

Берік ЖОЛДАСБЕКОВ, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Жол және техникалық инспекция бөлімінің басшысы: ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛЫНА ҚАДАҒАЛАУ КҮШЕЙЕДІ

– Берік Аллабергенұлы, елор­дада қанша жаяу жүргінші жолы бар және олардың бәрін қауіп­сіз деп айтуға бола ма?
– Бас қалада 500-ден астам жаяу жүргінші жолы бар. Олар­дың 30%-ы жылдамдық өлшеуіш құрылғысымен жаб­дықталған. Жыл сайын әкімдікке ұсыныс бере отырып, қалған жүргіншілер жолын да қажетті жабдықпен қамтамасыз ету жос­парда бар.

erm_8705

– Абай көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы неге алынып тасталды?
– Тек Абай көшесі емес, қала­дағы реттелмейтін қиылыстағы үш жаяу жүргіншілер өткелі алынып тасталды. Нақты айтсам, Республика даңғылында Жастар сарайына қарсы, Тұран даңғылында «Думан» ойын-сауық орталығына қар­сы және қалалық әкімдіктің жанында Абай даңғылында орна­ласқан өткелдер. Оның үстіне аталмыш жолдар бағ­дар­шам нысандарының жанында орналасқан. Апаттық жағдайларды болдырмас үшін және жаяу жүргіншілерді қағып кету сияқты жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында осындай шешім шығардық. Жалпы, осы уақытқа дейін аталмыш орындарға жерас­ты жолы немесе бағдаршам орнату туралы Жолаушылар көлігі басқармасына ұсыныс жолдаған едік. Бірақ белгілі себептерге байланысты орнату мүмкін болмады. Алты жолақты үлкен жол болғандықтан, онда апаттық жағдай жиі тіркеледі. Сол себепті реттелмейтін үш жаяу жүргінші жолын қолданыстан шығардық. Өйткені біз үшін тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды. Қазіргі кезде талдау жүргізіп, қаланың басқа учаскелерін де зерттеп жатырмыз. Бұдан былай бағдаршам нысандарының жанында орналасқан жаяу жүргіншілер өткелінде жол-көлік оқиғасы жиі анықталған жағдайда, олар алынып тасталады.

– Балалардың қатысуымен жаяу жүргіншілер жолында жол-көлік оқиғалары жиі тір­келеді. Осы ретте мектеп­тер мен балабақшалар орналас­қан көшелер қажетті жол белгілер­мен қамтамасыз етілген бе?
– Жаңа оқу жылы басталар тұста, Білім басқармасымен бірлесе отырып, барлық білім беру ұйымдарына талдау жүр­гіземіз. Биыл тамыз айында арнайы тексеріс жүргізілді. Жаңадан ашылған мектептер мен басқа да білім беру меке­мелері маңайына қажетті жол белгілері орнатылды.

– Елордада тәжірибе ретінде сары жолақты жол пайда болғанын білеміз. Жақсы нәтиже бар ма?
– Балалар арасындағы жол-көлік оқиғаларынан жарақат алуды азайту мақсатында жаяу жүргіншілер жолағына қанық сары түс қосылды. Ол «Байқа, балақай!» жедел алдын алу шарасы аясында жүзеге асырылды. Нәтижесі жаман емес.

Жалпы, ашық түсті киім киген жаяу адамды жүргізушілер 150 метр қашықтықтан көреді. Бұл жоба М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы маңайындағы Ә. Бөкейхан көшесінің тұсында енгізілді. Бұл өз кезегінде жаяу жүргіншілер жолында болатын апатты азайтуға септігін тигізетіні сөзсіз.

Мұндай жол белгілер алдағы уақытта балалар көп жүретін маңайға, мектептердің, балабақ­шалардың жанына да орнатылатын болады.

Әңгімелескен:
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button