Білім

Білім саласы бірсарындылықтан арыла ма?

Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбеновтің «Уақыт – басты бәсекелес» деген мақаласы («Егемен Қазақстан» газеті, 25 шілде, 2013 жыл) Қазақстанда сауаттылық сауабына кенелудің қыр-сырын жіктеп-жіліктеп берген. Соқырға таяқ ұстатқандай етіп.
«Осы күнгі өмір үлгіден шыға алмаушылықты, бірсарындылықты, орамсыздықты көтермейді» дейді ол. Рас. Ондайды бұл заман көтермек тұрмақ, қабылдай алмайды қазір. Техника мен технология Алатауша асқақтап, даусыз дамып жатқан кезеңде білім жүйесін кеңестік сарыннан ада еткен абзал.

Ұлттық ұстанымды ұмытпасақ…

«Кеңестік» демекші, Мұрат Абуламитұлының пікірінше, «кез келген оқу материалы, тіпті, қолданылатын педагогтік әдіс-тәсілдер де білім берудің барлық сатыларында, оқу орындарының меншік түріне және оқытылу тіліне қарамастан, халқымыздың салт-дәстүрімен, ұлттық мәдениетпен, жергілікті деректермен етене байланыста қарастырылғаны жөн». Министр орынбасарының мына сөз тіркестерін ұлттың ұлы ұстаздары Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтың аманатына адалдық сынды қабылдағанымыз рас.
«Техника мен технология» дегенге келсек, осы мақалада: «Сөздің шыны сол, компьютер, интернет, смартфон секілді көз жауын алатын коммуникациялық технологиялар арасында туып-өскен жаңа дәуір оқушылары бұрынғыша оқығылары келмейді. Заманауи ақпараттық орта адамзат тарихында дәл қазіргідей бай әрі жан-жақты болып көрінген емес. Ал, осы ресурстардың белсенді пайдаланушысы бола қоймаған мұғалім баланың ол ортада әрекет етуін шектейді. Сөйтіп, оқушыларды стандартты шешімдерді қажет ететін, іш пыстыратын тапсырмаларды орындауға мәжбүрлейді» деп ой ұзатады. Құптаудан басқаға құлық танытып көріңізші, қане!.. Керек десеңіз, білім саласының осындай қазақстандық қалыбын халықаралық зерттеулер де растаған. Біздің оқушылардың тек бес пайызы ғана мектеп қабырғасында алған білімін нақты омірде пайдалана алатын болып шығыпты. Ал, дамыған елдердегі оқушылардың бұл тұрғыдағы көрсеткіші – 28,6 пайыз!
Қазақ қоғамына нарықтық кәдеге жарайтын маманның керектігі белгілі. «Дегенмен, ол жаһандану үдерісіне ілінемін деп жеке басының ұлттық ерекшелігінен ажырамауы, оны сақтап, тарата білуге үйренуі керек» дейді мақала авторы.

«Бес деңгей» неге төмен өресінен?

Ұлттық ұстанымды шегелей түскен автор, сонымен қатар, шәкіртіне білім беретін ұстаз оның өз бетімен ізденуіне де ықпал етуі тиістігін ескертеді. Көп уақытын тыңдаумен, ұсынылған материалдарды жаттап, қайталаумен өткізетін оқушыдан мазмұнды өздігінен игеріп, өз пікір-ұстанымы бар тұлға шықпасына алаңдайды. Бұл ретте уәж-байламын «Ашыққанға балық берме, қармақ бер» деген тәмсілмен тұздықтап қойғаны да біздің бүгінгі білім берушілер тарапынан көп жайтты аңғартып тұр. «Балық жеп» келе жатқанымызға біраз жыл болғанмен, оны қалай «аулау» керектігінен мақұрымдау екендігіміз жасырын емес. Тарыдайынан жатыпішерлікке жаман үйренген ұрпақтың таудай нұсқасы да «дайын асқа – тік қасық» боларына шүбә жоқ. Демек, қазақ мектептеріне оқу материалдарын игерудің «білім – түсінік – қолданыс – жүйелеу – қорыту» деңгейлерін ұстанса, жетіп-ақ жатыр екен. Әзірге осылардың ішіндегі тек білім мен түсінікке қанағаттанып жүрген жа­йымыз бар. «Бестік» бағасын бесеуін игергендерге ғана қою керек болса, бүгінгі деңгейіміз «двоечник» баланың о жақ, бұ жағында мәңгіріп жүрген сияқты.

Басты бәсекелес – Уақыт ағзам

Көсілте жазған көлемді мақалаға үн қатудағы мақсатымыз – бүгінгі әбеуқоңыр тірлікке кешегі біліммен жеткенімізге малданып отыра бермеу керектігін аңғарту. Ол үшін «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясында құбылмалы тарихи жағдайда «Ескірген немесе сұранысы жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет» деген сөздерін ұдайы есте ұстай отырып, мамандықтың нақты түрін таңдағаннан гөрі өмірде қажет, оқу пәндерімен тығыз байланысқан дағдыларды игеруге көбірек көңіл бөлуіміз керек» екен. Қазақстандық білімнің жайын сол саланың вице-министрі «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» отырғаны анық.
«…3-5 жас аралығындағы 1 600 балаға тапсырмалардың әр алуан шешімдерін табуға қатысты тестілер берілді. Балалардың 98 пайызы «шығармашылықтың кемеңгері» атанды. Бес жылдан кейін осы балалармен тест қайта өткізілгенде, 32 пайызы ғана «кемеңгер» мәртебесін растай алды. 13-15 жас шамасында бұл көрсеткіш 10 пайызға төмендеп кетті. Қызығы, бұл тестілерді тапсырған ересек адамдардың нәтижесі – 2-ақ пайыз! Біз кішкене баланың қолынан келетіні шамалы, олардың қабілеті есейген кезде ғана ашылады деп ойлаймыз. Сөйтсек, қазіргі оқыту жүйесінде баланың шығармашылық қабілеттері жылдан-жылға төмендей береді екен» дегені де – жайдан-жай айта салдыға сыймайтын сөз!
Қоғамның жаңарып отыруы – заңдылық. Ал, жаңа қоғам жалпақшешейлікпен қалыптаспауы тиіс. Соның бәрін екшей келе, біз де өз сөзімізге «Егемендегі» елерлік мақала түйінімен нүкте қойсақ: «қазіргі заманда ұстаздар үшін де, оқушылар үшін де басты бәсекелес уақыт екенін есте ұстауымыз керек».
Бірақ, жаратылысымызға тән жайбасарлықпен сол уақытты «әйтеуір, бір келер…» деп күтіп отырғанда, әлдеқашан-ақ өтіп кеткенін сезбей қалып жүрмесек игі.
 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button