ТағзымТаным

Бір дәуір көшкендей

Бірегей тұлғалар болады. Өмірі бір елдің тарихындай. Бір өзі бір дәуірдің жаршысындай.
Жүзге жетіп, кеше ғана дүниеден озған Қазақстан­ның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова сондай ерекше жан еді.

Хабиба Елебекова

1916 жылдың 16 шілдесінде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Томар ауылында шыр етіп дүние келгенінде, сәбидің маңдайында бір ғасырлық ғұмыр жазылыпты. Балалық шағын ұлт-азаттық көтерілістер бұрқ-сарқ еткен қазақ жерінің орталығында, қарапайым отбасында өткізу нәсіп болған. Алайда, оның бойына Жаратушы иеден ерекше илхам өнер дарыған еді. Сол өнер 1934-1935 жылдары бой түзеп, толысқан аруды Қарқаралы жергілікті театрын төңіректетіпті. 1935 жылы Қазақ драма театрының сахнасына жетеледі. Театр табалдырығында жүріп, ол сондағы актерлік студияда өз қабілетін шыңдады. Сөйтіп, өзіне ғұмырлыққа сахна деген киелі ұғымды серік етіп алды.
Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліндегі Қарагөз рөлі өнер жолындағы алғашқы рөлі болып маңдайына жазылыпты. Одан әрі актриса жылдан-жылға ширыға түседі. Қазақ театрына қызмет етуге арналған бүкіл саналы ғұмырында 100-ден астам образды сомдау бақытына ие болады. Әртісті тұлғалық биікке көтерген, кемелдендірген көрнекті рөлдері М.Әуезовтің «Абайындағы» Қанікей, Ұлжан, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Мақпал, Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісіндегі» Қырмызы, Б.Майлиннің «Майданындағы» Мамық, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуіндегі» Айғаным, Иран-ғайыптың «Естайдың қорланындағы» Айнаш, тағы басқа болып жалғасып кете береді.
Көзі тірісінде «апа» деп іздеген барша қазақ қызына қамкөңіл қарай білген Хабиба Елебекованың өз өнерінен бөлек тағы бір сіңірген еңбегі бар. Ол – Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтпаев, Манарбек Ержанов сынды дүлдүл әншілер қалдырған сүрлеумен өмір сүрген әнші, композитор Жүсіпбек Елебековке жар болғаны еді.
Жүсіпбек Елебеков жәй ғана орындаушы емес. Ол өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде ән шырқап, француз халқының үлкен концерт залдарының люстрасын сыңғырлатқан Әміре Қашаубаевтың аманатын арқалаған үлкен музыкант. Тағдыры тоғысқан күннен бастап, бойына бір-бір өнер қондырып, бір-бір жауапкершілік, бір-бір аманат арқалаған Хабиба Елебекова мен Жүсіпбек Елебеков әрі қарай қазақ руханиятын дамытуға бірлесіп күш салды. Жүсіпбек Елебековтың қолында Әміредей ұстазы өз қолымен ұсынған қара домбыра бар еді. Аспабын арқалаған әнші күн-түн демей, ел аралап, халықтың алдында жүрді. Ал театрдағы актерлігінен бөлек, әнді де ерінен кем салмаған Хабиба Елебекова азаматының абыройын ойлап, бабын жасап, шаңырағының құтын арттырып отырды.
Десе де, көзі тірісінде өзі айтып кеткендей, тұрмыстың қатпар-қатпар қиын­шылықтары мен қоғамның көлеңкелі жақта­рынан, адамдардың кейде бүрке алмайтын аярлығы мен алаяқтығынан, қатыгездігі мен қараулығынан оны үнемі өнер құтқарып отырыпты. «Мен сахнаға шыққанда өз рөліме беріле түсетінім сонша, бәрін ұмытып кететінмін. Тіпті, өзімнің жасым келіп қалғанын, өмірдегі сәтсіздіктерді, ауыртпалықтарды – бәрі-бәрі бір сәтке есімнен шығып кететін еді. Басқа әлемде жүргендей болатынмын» деп ақтарылғаны да сондықтан.
Алайда, өнерді өмірім деп біліп, сахнаға келгенде бар әлемді ұмытқан Хабиба Елебекова жар алдындағы парызын бір сәтке де ұмытқан жоқ. Жұбайы, әнші Жүсіпбек Елебеков өмірден озғаннан кейін де ерінің шығармашылық тағдырына зор құрметпен қарады. Сол құрметінің белгісі ретінде 1981 жылы Жүсіпбек Елебеков туралы «Үні кетпес құлақтан» атты мемуар кітабын жазды. Кейін бұл кітап 1989 жылы толықтырылып «Ән-аманат», одан соң 1998 жылы «Қайран Жү­секем» деген атпен қайта басылып шықты.
Өмірінің 80 жылын театрға арнаған Хабиба Елебекованың қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол Абайдың «Сегіз аяқ» әнін және басқа да халық әндерін түпнұсқасы бойынша бүгінге жетуіне ықпал еткен. Қазақ әйеліне тән саналылық пен даналықтың үлгісі бола білді. Жасы жүзге толғанда да Алаш арысы, ақын Мағжан Жұмабаевтың жырларын жатқа оқып, көпшілікті таңдандырды.
Еткен еңбегіне қарай 1976 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алған әртісті елі де елеусіз қалдырмауға тырысқаны рас. 2012 жылы театр ардагеріне «Мәдениет үздігі» төсбелгісі табысталды. Белгілі сыншы Әлия Бөпежанованың бас­тамасымен «Хабиба Елебекова» кітабы дүниеге келді.
2009 жылы «Біржан сал» фильмінде қазақ анасының әдемі образын сомдап, кино әлеміне де із қалдырған Хабиба Елебекованың дүние салуы дүйім қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды.
Марқұмды шығарып салу бүгін сағат 10.00-де өзі 80 жыл қызмет еткен М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында өтпек.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button