Басты ақпаратОқырманнан он сұрақСұхбат

Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕН: «Дайдидау» дауысымның бар мүмкіндігін көрсетеді

Газетіміздің «Оқырманнан он сұрақ» атты тұрақты айдарының бұл жолғы қонағы – дарынды әнші, шетелдерде қазақ әнінің құдыретін танытып жүрген дауысы ерекше өнерпаз Димаш Құдайберген. Жастығына қарамастан бірнеше республикалық және халықаралық фестивальдерде топ жарған әнші қазір Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жүр. Күні кеше ғана Франция­дан оралған әншіге жолығып, оқырмандарымыз жолдаған сұрақтарды қойған едік. 

Dimash_Kudaybergen

Риза Әлмұханова:
– Димаш, әлі жассың, бағыңды ашқан «Славян базары» байқауы болды. Жұлдызың жана берсін, тілекшіміз. Қояр сауалым: ер азамат ретінде, әнші ретінде неден сақтанасың?

– Пейіліңізге рақмет! Халық алдында жиі көрінетіндіктен өзімді әрқашанда дұрыс ұстауға тырысамын. Әнші болған соң тыңдарманға неғұрлым сапалы дүние жетсе екен деп ойлап, сапасыз музыканы шығармашылығыма енгізуден сақтанамын. Адам болып жаралған соң, адами қасиеттерді жоғары деңгейде ұстауды парызым деп санаймын.

Бақытнұр Ожаева:
– Кейбір тың­дар­мандар сізді Витасқа ұқ­сатып жатады. Еліктейтін немесе пір тұтатын әнші­леріңіз бар ма?

– Витаспен аса көп ұқсастықты байқамадым. Өзіміздің еліміздің өнеріне еңбек сіңірген аға­ларымызға теңеп жатса, мен үшін сол мəртебе. Əміре Қашаубаев, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Айман Мұсақожаева, Майра Мұхамедқызы сынды аға-апаларымызға құрметім ерекше.

Айымжан:
– Белгілі әнші Сүндет Байғожинмен дуэт жазды­ра­тыныңды бір сұхбатыңнан оқығанбыз. Бұл идея қалай туғанын, екеуің бірігіп қандай әнді шырқағандарыңды айтып бересің бе?

– Сүндет Байғожиннің өзінен осындай ұсыныс түсіп, мен үшін үлкен жаңалық болды. Сүндет аға – қазіргі таңда опера сахнасында жарқырап жүрген маңдайалды әншілердің бірі. Аға бұл күндері Мәскеуде өтіп жатқан «Большая опера» байқауына қатысуда. Соның бір бөлімінде өзінің еліндегі танымал əншімен дуэт құру деген шарт бар екен. Ол соған мені таңдапты. Қазір француз тіліндегі опералық əнді жазу үстіндеміз. Әрине, ағамызға жеңіс тілеймін!

Ақбота:
– Осы күндерге дейін қанша, қандай әндерді жаздың?

– Қазіргі таңда əн қор­жы­нымда қазақ, орыс, ағыл­шын, украин, италия, француз тіл­дерінде əндер бар. Репер­туа­рымда 30-40 шақты əн жи­нақ­талып қалды. Авторлық əндерім де баршы­лық. Жаңа əн­дерім де жазылуда. Бей­небаян түсіруді де жоспарлап қойдым.

photo20160127-16-57055619-kalzhan_tursynbayev

Батырхан:
– Сен «Дайдидау» атты халық әнімен жұртқа танылдың. «Паспортың» деп осы әнді айтуға болады. Шығармашылығыңды неге нақты осы әнмен бастадың?

– Бұл әннің «паспортыма» айналғаны рас. Өзім үлкен сахнаға халық əнімен шығу керек деп шештім. Осы әнді дауысымның бар мүмкіндігін көрсететін болған соң таңдадым. Негізінен, қазағымыздың əндері əлем классиктерінің шығармаларынан артық болмаса, кем емес деп ойлаймын.

Санжар:
– Сенің ата-анаң да белгілі әншілер. Дауысың анаңа, ал композиторлығың әкеңе тартқан сияқты, қалай ойлайсың?

– Əрине, өнер маған қан арқылы берілді. Сол айтқандай, әкемнен де, анамнан да жұққаны бар шығар. Ол кісілер өнер адамдары болғандықтан, мен оларды ұялтпауға тырысамын. Барлық жағынан озық болып көріну үшін еңбектену үстіндемін.

Серікқазы Кәкібаланов, IT маманы:
– Имандылық. Байлық. Атақ. Осының қайсысын таңдар едіңіз?

– Ойланбастан иман­ды­лықты таңдаймын.

Айзада Тұрмұхашева, студент:
– Димаш, талантыңды шыңдау үшін тағы не істеу керек деп ойлайсың?
– Әлі де көп еңбектеніп, білімімді тереңдету жəне де тəжірибе жинақтауым қажет деп ойлаймын.

Бексұлтан:
– «Тәуелсіздіктің 25 жылды­ғына – 25 концерт» бағдар­ла­масымен бірнеше қалаға концертпен бардың. Қорытынды концертің Астанада өтпек екен. Оны қашан, қай ғимаратта өткізбексің?

– Алдағы үлкен кештерді Астана жəне Алматы қалаларында, сонымен қатар туған жерім – Ақтөбеде де өткізуді жоспарлап қойдым. Күнін әлі нақтыламадым, бірақ концерттерімді сол қалалардың бас­ты концерт залдарында өткізе­мін деп шештім.

Фариза:
– Майра Мұхамедқызымен де бірге ән айтқаның бар. Атақты опера әншісінен сабақ алып жүргеніңді естідік. Сол рас па?

– «Хабар» арнасындағы «7 əн» байқауында Майра апайымыз ән салу мәнеріме сүйсінді. Содан соң алдағы уақытта менімен бірге дуэт жазуға уәде берді. Сол уәдесін орындап, бірге ән айтып, халыққа ұсындық. Шынымды айтсам, апайыммен əн айту маған үлкен емтихан болды. Ал арнайылап ол кісіден дəріс алып жатқаным жоқ.

Дайындаған:

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button