Басты ақпаратЖаңалықтар

Бөкей ордасы

«Рухани жаңғыру» аясында киелі орындар тізіміне Батыс Қазақстан облысынан алты тарихи-мәдени ескерткіш енген болатын. Олар – ортағасырлық Жайық қалашығы, «Бөкей Ордасы» тарихи музей кешені, Жымпитыдағы Батыс Алаш Орда музейі, Тақсай қорған кешені (б.з.д. IV-V ғ.), Жұмағазы Хазірет (XIX ғ.) және Ғұмар Қараш зираты.

АТАҚОНЫС
Осылардың ішінде оқырмандарымызды Жасқұстағы Жәңгір хан ставкасы – қазіргі «Бөкей Ордасы» тарихи музей кешенімен кеңірек таныстыр­ғымыз кеп отыр.
«Бөкей Ордасы» тарихи музей кешені облыс орталығынан 550 шақырымдай шалғайда жатқан Орда ауылында орналасқан. Тарихи деректерге сүйенсек, тақ таласында аталас ағасы Айшуаққа жол беріп қойған Әбілхайыр ханның немересі Бөкей Сұлтан 1799 жылы Ресей императорына хат жазып, өзінің қол астындағы қазақтардың бір бөлігін Жайықтың оң жақ бетіне қоныс аударуына рұқсат сұраған. 1801 жылы 11 наурыз­да Ресей монархы I Павелдің жарлығымен Еділ мен Жайық аралығындағы 70 мың шаршы шақырым шамасындағы кең атырап Бөкей Сұлтан иелігіне беріледі. Бұл жер, бір есептен, қазақтың сонау сақ-сармат, Алтын Орда заманынан атақонысы еді. «Еділ-Жайық екі су, кент орнаған жер еді» дейді Әубәкір Кердері ата тарихтан таратып. Ал жазушы Мұхтар Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» кітабында: «…қатарынан озып туған, көреген Бөкей хан кіріптар заманның өзінде Алаш ұлының өрісін кеңейтті. Еуропаның үлкен бір мемлекеті сыйып кетердей кең-байтақ, құйқалы қонысты біржола қайтарып алды» деп әділ бағасын береді. Сөйтіп, Еділ мен Жайықтың ортасындағы ен далада жартылай тәуелді мемлекеттік құрылым – Ішкі Орда құрылып, Бөкей 1812 жылы хан сайланады. Алайда патша өкіметінің түпкі ниеті Ішкі Орданы империяның дәргейіне толық келтіру еді. Бұл ретте, 1815 жылы Бөкей қайтыс болғанда, жасы 14-ке енді келген ханның жаңа мұрагері Жәңгірге үлкен үміт артылды. Сол үшін де Жәнгір ержетіп, кәмелет жасқа толғанша Астрахань губернаторы Андреевскийдің үйінде тұрып, еуропаша білім алды. Хан ұрпағы өз тілімен қатар, орыс, араб, парсы тілдеріне жетік еді. Ол хан болып 1824 жылы Орал қаласында жарияланды және хандықты жиыр­ма жылға таяу басқарды.

РЕФОРМАТОР ІЗІ
Біз суреттеп отырған хан ставкасының құрылысы 1827 жылы Нарын құмның Жасқұс деген жерінде басталған-тұғын. Ағаштан қиып салған еңселі хан сарайының үлгісімен сұлтандар мен билер, старшындар да үй сала бастады. Айрықша атап өтерлік жағдай, Жәңгір хан қазақ халқының тарихында ерекше реформатор үлгісімен қалды. Оның заманында қазақтың бұрынғы тұрмыс-салтына елеу­лі өзгеріс еніп, Хан ордасында Еуропа өркениетінің белгілері пайда бола бастады. Бұл жерде қазақ даласындағы ең алғашқы дәріхана (1829 ж.), Хан мешіті (1835 ж.), 16 керуеттік қоғамдық аурухана (1852 ж.), қазақ-орыс мектебі (1841 ж.), Қазынашы­лық ғимараты (1867 ж.), Тарғын мектебі (1868 ж.),
Қыздар училищесі (1883 ж.) секілді нысандар салынып, халық игілігіне
қызмет етті. Орал өңіріне белгілі журналист Қа­зыбек Құттымұ­-рат­­ұлының редак­торлы­ғымен шығатын «Дана» журналына жа­рияланған мақалада: «Оқушылар мектеп қа­быр­ғасында ислам діні заңдары мен ережелерін, татар, парсы, араб, орыс тілдерін, арифметика, география мен тарихты оқыды. 1845 жылы мектепті жақсы бағаға бітірген балалар Орынбордағы Неплюев кадет корпусына
түсуге мүмкіндік алды» («Жәңгір мектебінің түлегі Жүсіп Шомбалұлы», «Дана», 2014, №4-5) деп жазады. Олар­­дың арасында қазақтың көрнекті этнограф ғалымы Мұхамедсалық Бабажанов, ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері Мақаш (Мұхамеджан) Бекмұхамедов, Санкт-
Петербор университетінің шығыстану факультетін та­быс­ты аяқтаған, кейін бі­рін­ші және екінші Думаға Орда қазақтары атынан депутат боп сайланған Бақтыгерей Құлманов, Жәңгір ханның кіші баласы, қазақтан шық­қан тұңғыш генерал-лейтенант Ғұбайдолла Жәңгіров сынды тұлғалар бар.

БІРЕГЕЙ ОРДА ОРМАНЫ
Жәңгір хан, сондай-ақ, хан ставкасын құм басып қалмас үшін 1832 жылдан бастап Орданың айналасына қылқан жапырақты орман еккізе бастаған. Орда орманы кейін мемлекет қарауына алынып, тәлімбақтар жасақталып, селекторлық жұмыстар нәтижесінде Нарын қарағайы дүниеге келді. Қазір Орда ауы­лының маңайында 16405 гектар орман қоры бар. Жергілікті орманшылар хан ісін жалғастырып, жыл сайын 15 гектарға қарағай көшеті, құм көшкінін тоқтату мақсатында 80 гектарға ағаш егеді екен» деген дерек келтіреді журналист Қ.Құттымұратұлы
(www.egemen.kz, 8.11.2017 ж.).

16 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖӘДІГЕР БАР
Бөкей ордасы тарихи музей кешені 1962 жылы 15 желтоқсанда Қазан төңкерісінің 45 жылдығына орай қоғамдық негізде ашылған Орда тарихи-революциялық музейінен бастау алады. Қазіргі таңда «Бөкей Ордасы» тарихи музей кешені құрамына Хан сарайы, ХІХ ғасырда салынған дәрігер А.А.Сергачев тұрған үй, 1835 жылғы Хан мешітінің жобасы негізінде қайта салынған мешіт ғимараты, Казначейство мекемесінің ғимараты, Тарғын мектебі, Қыздар училищесі ғимараты, мектеп қалашығының бес үйі, 1852 жылы ашылған аурухананың екі ғимараты және ауылдан төрт шақырым жерде орналасқан Хан Жәңгір, Дәулеткерей күйші, ғалым
М.С.Бабажанов кесенелері кіреді. Музей-кешен директоры Ғайса Мақымовтың айтуынша, мәдени-тарихи нысан 2003 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) мүшелігіне қабылданды.
Қазір кешендегі Казначейство ғимаратында – Бөкей
ордасының 200 жылдық тарихын баяндайтын «Бөкей ордасы тарихы», Хан мешітінде – «Тәуелсіздік», Хан сарайының шығыс флигелінде «Хан сара­йындағы қару-жарақ палатасы» музейлері орналасқан. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде қайта қалпына келтірілген қыз­дар училищесінде 2007 жылы «Бөкей ордасында халыққа білім беру» музейі ашылды. Ал 2010 жылы Хан сарайының қалпына келтірілген батыс және шығыс флигелінде «Хан сарайы» музейі жасалды.
Қазіргі таңда музей кешенінде жалпы саны 16 мыңға жуық құнды жәдігер сақтаулы.

Әділбек Жапақ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button