Басты ақпарат

Сарыбұлақ апат көзіне айналмасын

Сарыбұлақ өзенiнің ластануы – алаңдатарлық жағдай. Елорданың экологиялық ахуалына зор нұқсан келтіруде. Сарыбұлақ тасқын сулардың ғана емес, Есiл өзенiне барып құйылатын сарқынды сулардың да қашыртқысы қызметiн атқаратын техногендiк су арнасына айналуы эколог мамандардың да құтын қашыруда. Экологиялық апатқа ұласып кетуі мүмкін. Бұл өзекті мәселенің түйінін шешуді қала әкімі Алтай Көлгінов өз құзырына, жіті қадағалауына алды.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы тез қарқынмен дамып, өркендеп келе жатқан ірі мегаполиске айналды. Күн санап халық саны артып, жаңа нысандар бой көтеріп, автокөліктер көбейіп, инфрақұрылым қанатын кеңге жаюда. Алайда экологиялық жағдайға да көп көңіл аударуға тура келеді.

Қала басшысы А.Көлгінов елордамыздағы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кешенді іс-шараларды жүзеге асыруды қатаң бақылауға алды.
Жалпы, елорда аумағының негізгі бөлігі Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінің тармақтарымен тұйықталады. Бүгінге дейін Есіл өзенінің кеме жүретін аралығын дамыту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 51 млн теңге қаржы жұмсалып, 9 шақырым судың түбі тазартылған еді. Алайда соған қарамастан қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, ең лас өзен Сарыбұлақ өзені болып отыр.
Сарыбұлақтың су жиналатын алабының ұзындығы 1949 шақырым шаршы метрді құрайды. Ол – 126 шақырымды құрайтын Нұра алабы өзендерінің бірі. Бақты тауының батыс беткейінен басталып, Байтайлақ тауына жетпей Талдыға құйып, елордамыздың солтүстігінен оңтүстік бағытта қаланың батыс бөлігін бойлай жеке меншік үйлер мен көп қабатты үйлер салынған аймақ арқылы өтеді. Өзеннің саға тұсын, қала арқылы өтетін арнасын шылау басып, тіпті қамыс қаулай өсіп, жалпы аумағы 2,5 шақырымға дейін бүлініп, экологияға зор қауіп төндіріп тұрған жайы бар.
Негізі, Сарыбұлақ өзенінің маңайын абаттандыруға байланысты жобалық-сметалық құжат 2013 жылы қабылданған болатын. Алайда құрылыс жұмыстары кенжелеп қалғандықтан, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов шұғыл түрде өзен жағасын тазалау жұмыстарын қолға алу керектігін атап өтіп, қаржы мәселесін шешуді ұйғарды.

Бейбіт ОСПАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button