Мәдениет

Бұқаралық сипаты басым

Елордада бұқаралық спортты дамыту үшін әлемнің үздік тәжірибелері зерделеніп, арнайы бағдарлама әзірленді. Бағдарлама аясында былтыр спорттың ойын түрлері (футбол, стритбол) бойынша аула лигалары өткізілді.

[smartslider3 slider=1759]

Қаланың барлық ауласын қамту және қолда бар алаңдарды тиімді пайдалану үшін төрт ауданда орналасқан 16 алаңда өткен жылы аула лигасы өтті. Жарыстар үш айға созылды. Оның барысында ауданішілік, ауданаралық, қалалық турлар өткізілді. Оған 1760 адам қатысты.

Қала тұрғындарына спортпен айналысуға жағдайлар жасалған. Қазір елордада 318 ашық футбол алаңы, 23 стрит воркаут алаңы, баскетболға арналған 40 арнайы алаң бар. Велоспорт та дамып келеді. Веложолдардың саны артып, 70 шақырым веложол төселді. Тағы 123 шақырымын салу жоспарланды. Жасыл белдеу айналасында 23 шақырым веложол пайдалануға берілді.

Нұр-Сұлтан қаласының саябақтарында да спортпен шұғылданушылар саны артып келеді. Триатлон саябағы, Астаналық, Жерұйық, Ботаникалық саябақтарда жүгіруге және велосипедке арналған арнайы жолдар бар.

Пандемия жағдайын ескере отырып, елорда тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында әр ай сайын жүгіру және веложүгіруден онлайн жарыстар ұйымдас­тырылуда. Қала тұрғындары өздеріне қолайлы уақытта, кез келген саябақта жүгіріп, қорытындысымен «Страва» қосымшасы арқылы бөлісе алады. Сонымен қатар тоғыз­құмалақ, шахмат және дойбы жарыстары арнайы платформа арқылы онлайн форматта ұйым­дастырылды.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қазіргі заманның талабына сәйкес халыққа спортты қолжетімді ету үшін Smart sport жобасы әзірленуде. Бір мобильді қосымша арқылы қаладағы барлық спорттық инфрақұрылымды, спорт түрлері бойынша жаттығулар өткізілетін залдарды, спорт мекемелеріндегі жаттықтырушылар, спорттық іс-шаралар және басқа да ақпаратты қамту жоспарланған. Бұл қала тұрғындары еркін пікір алмаса алатын платформа болмақ. Осы қосымша арқылы спорт мектептеріне қабылдау үрдісін оңтайландыру қарас­тырылуда.

Қазір қалада 30-дан аса аула клубы бар. Онда халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан үш мыңнан астам бала тегін оқып, жаттығады.

Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтарды қамтуды арттыру мақсатында «Қолжетімді спорт» бағдарламасы әзірленді.

Қараша айында басталған бұл жоба елорданың спорт залдарында өз жұмысын жалғас­тыруда.

Спорттың 6 түрінен (фитнес/зумба, скандинавиялық жүру, каратэ, жүгіру, тоғызқұмалақ, үстел теннисі) сабақтар қала бойынша 40-тан астам жерде өткізіледі. Скандинавиялық жүгіру ашық аспан астындағы саябақтарда өтеді. Кез келген адам спорт түрін таңдап, аптасына 3 рет жаттыға алады. Жобаға жоғары санатты жаттықтырушылар, спорт шеберлері, білікті нұсқаушылар тартылған. Жаттығулар клубтардың, спорт орталықтарының және спорт сарайларының, соның ішінде QAZAQSTAN жеңіл атлетика аренасы, Тәуелсіздік сарайы және «Алау» мұз сарайының аулаларында өтеді.

Қатысушылардың жалпы саны 20 мыңнан астам адамды құрады. 2022 жылы жобаны жазғы кезеңде қайта ұйымдас­тыру жоспарлануда.

Баян Асылбекова

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button