Басты ақпаратЭкономика

ДАҒДАРЫС ДЕРТІНЕН ҚАЙТСЕК АРЫЛАМЫЗ?

Кеше VII Астана экономикалық форумының аясында II дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция болды. Оған көптеген мемлекеттен арнайы өкілдер қатысып, қазіргі замандағы бірнеше елдің экономикасына қауіп төндіріп тұрған дағдарыстың жай-күйі талқыланды.

«Бреттон Вуд келісімінің 70 жылдығы: дүниежүзілік қаржы жүйесіне деген сенімді қайта жаңғырту» деген тақырыпта ұйымдастырылған негізгі жиынды «Pramerica Investment Management» ұйымының басқарма директоры Усмен Жак Манденг мырза жүргізіп отырды. Конференцияның басты мақсаты БҰҰ-ға мүше елдер арасындағы ғаламдық дағдарысқа қарсы концепцияның жоспарын құру болып табылады.

Конференцияда бірінші болып сөз алған ҚР Премьер министрінің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов: «Дағдарыс салдарынан қарқынды даму үстіндегі көптеген елдердің экономикасы едәуір тұралап қалды. Өйткені, нарықтағы барлық өнімге сұраныс төмендеп, өндіріс қарқыны айтарлықтай бәсеңдеді. Осы жағдайды ескерген дүниежүзінің сарапшылар қауымдастығы жаһандық валюта жүйесін талқыға салып, қаржылық экономикалық дағдарысты айналып өту мақсатында осы секілді халықаралық деңгейдегі кездесулер өткізіп тұрудың үлкен маңызға ие екенін мойындады. Сол себепті, бүгінгі күні адамзаттың жарқын болашағы үшін жаһандық реформа жасайтын кез келді» деді.

Бұдан кейін Бреттон-Вудсты жаңғырту комитетінің атқарушы директоры Марк Узан баяндама жасап, әлемдік сарапшылардың басын бір үстелдің басында қосып, кез келген экономикалық құлдыраудың алдын алу мақсатында ұйымдастырылатын осындай жиындарды жиі өткізіп тұру біздің басты міндеттеріміздің біріне айналуы қажет екенін айтты.

Сондай-ақ, Марк Узан: «Дүниежүзінің бас ауруына айналған сол бір экономикалық дағдарыстың етек алуы, ең алдымен, мемлекеттердің ішкі құрылымына байланысты. Ал, дағдарысқа ұрынған кез келген мемлекет басқалармен де біте байланысатын болғандықтан, оның кері әсері өздеріне ғана тиеді деп ойламауымыз керек. Мысалы, ЖІӨ-нен түскен пайда көп бола тұра, экономикалық дағдарысты басынан өткерген бірнеше елдер де бар. Солардың қатарында деп Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-ты атауға әбден болады. Олар сыртпен қатынас орнату арқылы өз экономикасының теңселуін тежеп қала алмады» деген сөзін сеніммен жалғап, алдағы жиырма жыл ішінде барлық қиындықтарды толықтай жеңуімізге болатынын айтты.

Кейін модератор Усмен Жак Манденг баяндама жасаған Бақыт Сұлтановтың жақсы ой тастағанын айтып, жаһандық реформаға қарсы еместігін білдірді. Қатысушыларға ол «Осы дағдарыс барлық елге тән бе?» және «Дамушы елдердің бәріне бірдей әсер етті ме?» деген ортақ сауал тастап, осыларға жауап іздеуге шақырды.

Конференция Жапонияның экономикалық зерттеулер орталығының президенті, Жапон банкі басшысының орынбасары Казумаса Иватаның баяндамасымен жалғасты. Оның айтуынша, жапон халқы әлемдік қаржы дағдарысынан көп нәрсе жоғалтқан екен.

«Дағдарыс кезеңінде ел экономикасының тұралап қалғаны соншалық, Жапония үкіметі аяқ астынан шетелдік қаржы орталықтарынан көмек сұрауға мәжбүр болып қалды. Жапония зерттеу орталығының болжамына сенсек, біз қазіргі қарқынымызбен 15 жыл ішінде ғана экономикамызды дағдарыстың дағынан біржола тазартамыз» деп, дүниежүзілік сол бір ауыр жағдайдың кесірінен әлі де болса әлсіз күй кешіп жатқанын айтты.

Жапония елінің өкілі сөзін аяқтай салысымен мінберге Йель университетіндегі жаһандық мәселелер жөніндегі институттың аға ғылыми жетекшісі, Аргентинаның бұрынғы экономика министрі әрі Аргентина орталық банкінің бұрынғы президенті Домиго Кавалло көтерілді.

«2008 жылы басталған қаржылық дағдарыстың елесі бүгінгі әлемнің ішін әлі кезіп жүр. Экономика саласының кейбір сарапшыларына сенсек, бұл тоқырау әлі де бірнеше жылдарға созылады. Өзімнің пайымдауымша, бұның басты себебі адамзаттың дамуға деген құштарлығының шапшаңдығында жатқан секілді. Бірақ, әрине, одан қорқып, алға басудан үрікпеуіміз керек. Керісінше, кез-келген дағдарыстың алдын алуды жан-жақты ойластыра отырып, жарқын болашаққа ұмтыла түсейік» деген Доминго Кавалло ішкі валютаның құлдырауы да ел экономикасының тежелуіне ықпал ететінін тарихи мысалдармен өзінше дәлелдеп бақты.

Оның сөзіне салсақ, Аргентинаның 2002 жылғы жағдайы, сондай-ақ, Уругвай мен Грекияның тоқырауды басынан өткергені – бәрі-бәрі аталған мемлекеттер валюталарының бағасы тым төмендеп кеткендігінен.

Фуад Синиора да өзінің ойын ортаға салып, баяндамасында қашанда әлемдік дағдарыстың алдын алу мүмкіндігі болатынын сөз етті. Ол – Ливан Республикасының 2005-2009 жылдардағы премьер-министрі.

«Шыны керек, әлемдік экономика үлкен шығынға ұшыраған соң, қайтерін білмей дағдарып қалған елді көрдік. Оның себептері де жоқ емес. Өз басым соңғы уақыттарда пайда болған стандартқа сай келмейтін АҚШ-тағы несиелеу жүйесін кінәлаймын. Ол алдымен Еуропаға, іле-шала қарт құрлық арқылы бүкіл әлемге кері әсерін тигізді.

Барлық мемлекеттердің даму жолына түскені бізді қуантады. Бірақ болуы мүмкін әрбір қауіптен сақтануды да ұмытпауымыз керек. Қаласақ та, қаламасақ та, экономикалық дағдарыс қайта айналып соғу мүмкін» деген Фуад Синиора Батыс елдерінің Таяу Шығыстағы саяси шиеленіске немқұрайлы қарап отырғанын ашық сынға алды.

«Бүгінгі күні батыстық біраз елдер Таяу Шығысқа тек қана ашкөздікпен қарап отыр. Жерасты қазба байлықтары үшін көз алартқандар осы әдетінен арылса, тұралап жатқан ғаламдық экономиканың тұрақты қалпына енуіне өзім-ақ кепілдік бере аламын. Өйткені, Израиль мемлекетінің Палестинаға әлсін-әлсін әлімжеттік жасауы бүкіл араб әлемінің дамуына сәл болса да салқынын тигізіп жатыр. Бірақ, соған қарамастан Таяу Шығыстағы көптеген елдерден өркениет жолында алға ұмтылысты байқаймыз. Ешкім ешқашан бүтін бір қоғамды ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстауға тиісті емес. Сол сияқты Палестина тұрғындары да бөтен бір елдің боданында болуды қаламайды. Міне, осыған байланысты Батыс елдерінің құлағына алтын сырға: жаһандық қаржы дағдарысына Таяу Шығыстағы жағдай да әсер етеді. 300 млн халқы бар жерге бейбіт көзқараспен қарасаңыздар ғана күллі адамзат болып кез-келген қиындықты жеңе аламыз» деді ол.

Баяндамалар легін одан әрі Халықаралық валюта қорының атқарушы директоры Даниэль Хэллер жалғады. Ол АҚШ тұрмыс-тіршілігінің қазіргі жағдайы туралы аз-кем мағлұмат беріп өтті. Хэллердің айтуынша, Обама елінің экономикалық дамуы бұрынғыға қарағанда 2006-2013 жылдары өз қарқынын бәсеңдетіп алған. Қазіргі уақытта бұл тығырықтан шығу үшін олар белгілі бір негізде құрылған қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарларды қолға алған. Инфрақұрылым мен экономикалық таза өнімдерге көңіл бөле отырып, дағдарыстың күшін біржола жоюды мақсат еткен екен.

Соңғы баяндаманың кезегі ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Данияр Ақышевке бұйырды. Ол еліміздің алға қойған айқын мақсаттарын баяндап, экономикаға әзірге келіп-кетер қауіптің жоқтығын айтты және Қазақстан, Белоруссия, Ресей мемлекеттерінің арасындағы ықпалдастықта құрылған Кедендік Одақтың ел экономикасына оң әсері бар екенін түсіндірді. Ақышевтің айтуынша, бұл Одақ кез келген дағдарыстың алдын орауға көмектеседі. Сонымен қатар, ол Қазақстанның қашанда халықаралық стандарттардан үлгі алатынын айтып өтті.

Жиын соңында қатысушы тараптардан сұрақтар қойылып, өз ісіне жауапты сарапшылардың жауабы естілді.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button