Басты ақпарат

ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – ТАТУЛЫҚ ДІҢГЕГІ

Қасиетті Құранда: «Іштеріңдегі зұлымдық істегендерден басқа кітап иелерімен ең тамаша жусында (ғылыми, сыпайы) талас жүргізіңдер. Оларға: «Өзімізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Сендердің Құдайларың да, біздің Құдайымыз да біреу-ақ. Біз соған ғана бойұсұнушылармыз»,– деп айтыңдар» делінген» («Анкабут» сүресі, 46-аят).

Бұл – диалог жасаудағы Құран әдісі. Иә, Жаратушы Аллаға діндері өзге болғанмен адамзаттың бәрі де сиынады. Құдай біреу-ақ. Осындай, ортақ пікірлер әңгіменің өзегіне айналуы ислам дініндегі маңызы зор амалдардан. Бір адамның көңілін жаралап, уәжге жыққанның ешбір пайдасы жоқ. Мұны дін ислам қаралайды.

Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Дін – насихат» дейді. Дін насихатына адам баласы мұқтаж-ақ. Оған мұқтаждығы жаратылысында бар. Имам Шафиғи (рахматуллаһи әләйһ): «Ғылым екіге бөлінеді. Бірі тиб (медицина), екіншісі дін ғылымы. Табибтер (медиктер) адамзаттың тәнін емдесе, дін (діндарлары) адамзаттың жанын емдемек» дегеніндей, дін – адамзаттың ішкі дүниесін қамтитын ғылым. Дін адамзат көңілін демеп, әрекетіне медет беретін күш. Сондықтан, әркімнің діні өзі үшін ар намысындай нәрсе. Дініне тіл тигізу – намысына тіл тигізгенмен тең. Ендігі кезекте, бір дін өкілі басқа дін өкіліне тіл тигізсе, екі дін өкілінің арасында сөз жоқ келіспеушілік орнайды. Ал, дін өкілдері бір жерде бас қосып, өз ойын ортаға салуы адамзатты татулыққа, ізгілікке баулиды. Ертең сәрсенбінің сәтті күні Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі өз жұмысын бастамақ. Біздер Алла тағаладан сол жиынның сәтті де табысты, берекелі де маңызды өтуін тілейміз. Ұйымдастырушыларға алғысымыздан басқа айтарымыз жоқ. Алла разы болсын.

Қазіргі заманда дінаралық үн қатысу, дінаралық келісімді ұйымдастыру әлемдік деңгейде бейбітшіліктің болуын қамтамасыз етуді көздеген көреген адамдардың ісі дер едік. Ислам діні бойынша, дінаралық үн қатысу – Алла тағаланың әмірі, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннеті.

Хазреті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қай кезде де Құранның әміріне бойсұнып, кітап иелерімен тығыз байланыста болды, үнемі үн қатысып отырды. Оның христиандармен диалогы ең алғашқы рет өзіне Жаратушыдан уахи келген сәттен-ақ басталды. Өйткені, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығын алғашқы боп растаған Уарақа ибн Науфал деген христиан ғұламасы еді. Ол Мұхаммедке Мұса мен Иса пайғамбарларға Жебірейіл періштеден уахи түскені сияқты уахидің келе бастағанын түсінген алғашқы адам.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеде басқа да христиандармен тығыз қарым-қатынаста болған. Ислам діні енді ғана пайда бола бастағанда дүние жүзін екі алпауыт державалар билейтін. Бірі – римдіктер, олар христиан дінін ұстанатын. Екіншісі – Парсылар, олар отқа табынатын. Құдайдың құдіретімен осы екі державалар сияқты кейін келе мұсылмандар да үлкен алпауыт мемлекетке айналды. Тіпті, оларды ғылым-білімде, өркениетте басып озды. Дініміз исламның алғашқы жылдарында Рим империясы парсы елі Иранмен соғысып жеңілді. Бұл кезде мұсылмандар саны өте аз болып, Медине қаласында өмір сүретін. Сонда римдіктердің жеңілгеніне христиандармен Пайғамбарымыз және мұсылмандар қосылып қайғырулары дінаралық байланыстың жоғарғы белгісі болса керек. Тіпті, көп ұзамай кітап иелері римдіктер мен парсылар арасында соғыс болып, сол соғыста христиандардың жеңетіні қасиетті Құранда: «Рум жеңілді. Дегенмен, ең таяу бір жерде. Олар жеңілісінен кейін-ақ, жеңіске жетеді. Бірнеше жылдардың ішінде» деп хабарын беріп, христиандарға жұбату айтты. Құран хабарын бергендей көп ұзамай екі державалар арасында қайта қақтығыс болып, кітап иелері христиандар жеңіске жетті. Құранның бұл қақтығыс туралы айтқан хабары расымен орындалып, мұсылмандар мен христиандар арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсті.

Сондай-ақ, Мекке де алғашқы мұсылмандарды мүшріктер өз елдерінен айдап шығарғанда, үйлерінен көшіріп
жіберіп, қатты жәбір көрсеткенде қиналған мұсылмандарды пайғамбарымыз хазреті Мұхамед (с.ғ.с.) кітап иелері христиандардың елі Эфиопияға шығарып салды. Пайғамбарымыз сонда:  «Эфиопияға көшіп барыңдар. Өйткені, сол елді басқарған король туралы жақсы ойдамын. Оның құдайы мен біздің құдайымыз – бір ғана Алла. Біздің дініміз бен оның дінінің ортақ сенімдері көп. Ол корольдің жерінде ешкім сендерге зұлымдық көрсетпес. Ол жер дұрыс және сенімді өлке. Алла елде жеңілдік бергенге дейін сол жерде қалыңдар»,– деді. Тіпті, сол патшадан көмек сұрап хат та жазып жіберді.

Хазреті Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.), сонымен қатар, еврейлермен де өте жақсы үн қатысуда болған. Оның алғашқы рет еврейлермен дінаралық үн қатысуы Мәдинаға һижрат етіп келісімен басталды. Мәдина қаласында еврейлер мен мұсылмандар өмір сүрді. Сонда пайғамбарымыз бәріне ортақ әділ қоғамдық заң жүйесін жазады. Бұл ең алғашқы мұсылмандардың ата заңы еді. Осы заңның екінші, жиырма бесінші бабтарында өзге діндегілерге  оның ішінде еврейлерге дін еркіндігі, сенім бостандығы берілген мәселе қарастырылып жазылыпты.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көз жұмғанша христиан мен еврейлермен байланысын үзбеді, тіпті: «Сендерге кітап иелерін аманат етем» деп өсиет қалдырған еді. Басқа бір хадисте: «Кім де кім кітап иелерін жәбірлесе, ахиретте мені табады (яғни, мен оны жәбірлеймін)» деп қатты ескертіп те айтқан-ды. Яғни, олардың дініне болсын, сеніміне болсын, өзіне болсын, тіл тигізіп мазаламаңдар. Оларға тіл  тигізген сауап таппайды, есесіне исламнан алшақтатқаны үшін күнә табады.

Пайғамбарымыз:
«Кім зимми адамды (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін адамын) өлтірсе, ол жаннаттың исін де иіскемейді. Әрине, жаннат иісі жетпіс жылдық қашықтықтан келіп тұрады» деген (Насай).

«Кім уәделескен (өзге діндегі) адамға зұлымдық жасаса, немесе оның ақысын бермесе, немесе оның шамасы жетпейтін нәрсеге мәжбүрлесе, немесе одан ризалығысыз бірдеңесін тартып алса, қиямет күні мен сол адамның кегін алып беремін» дейді. Бұл – пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) сөздері (Әбу Дауд).

Ислам дінін ұстанатын мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге діндегі адамдар үшін мұнан артық кепілдік бар ма? Ендеше мұсылманның міндеті – оларды дінімізден үркіту емес, керісінше өз дінін шынайы түрде жеткізе білу. Бөгде діннің адамын зорлап, яки, алдап дінге кіргізу – мұсылманның уәзипасы емес. Бұл исламға жат нәрсе. Шынайы дінге пенде өз ақылымен, еркімен кіру керек. Ақиқат әркім өз дінінің құндылықтарын паш етіп, сөзімен, ісімен, амалымен көрсете білгенде ғана айқындалады. Құранда:
«Cенің дінің саған, менің дінім маған» деген аят бар. Бұл Ұлы Жаратушының өзге дін өкілдерімен үн қатысуға шақырған жарлығы. Яғни, мұсылман өзгелерді шақырып, өз дінін айтып үн қатысуы қажет. Мұндағы мақсат өз дінін таныту, өз дініне амал жасау, дінінің бейбіт жолдағы дін екенін басқаға өз бойынан көрсете білу, көркем мінезімен өз дінінің құндылықтарын паш ету. Сондықтан, бейбітшілік орнатуға атсалысу тек қана дінбасыларымен дін ғалымдарының
ғана емес, әрбір мұсылманның төл міндеті саналады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғаннан соң да, кейінгі халифалар да кітап иелерімен үн қатысып тығыз байланыста болды. Мысалы, Құддыс қаласы алынып, хазреті Омар бейбітшілік келісім-шартына қол қоюға барғанда христиан дінбасылары оған ең үлкен шіркеулерінде намаз оқуға рұқсат береді. Бірақ Омар сол шіркеуде намаз оқудан бас тартады. Өзі кеткен соң мұсылмандар «Омар намаз оқыған шіркеуді мешітке айналдырамыз деп жүрмесін» деген оймен олардың ұсыныстарынан бас тартуы бізге көп нәрседен хабар береді.

Алла тағала «Маида сүресі, 5-аятта:
«Бүгін сендерге таза (жақсы) нәрселер (азық-түліктер) халал етілді. Кітап берілген (Христиандар, еврейлердің) тағамы сендер үшін халал, сендердің тағамдарың олар үшін халал. Сосын, мүмін мұсылмандардан абыройлы әйелдермен әрі сендерден бұрын кітап берілген (христиан, еврейлердің) де абыройлы әйелдерімен мәһірлерін беріп, бой суыту, астыртын (жасы- рын) көңілдес болмай үйленулерің (халал етілді)» делінген.

Осы аяттың үкімі бойынша, мұсылман адам кітап иелері дін адамдарының адал тағамын жесе, оларға өзі тағам берсе, сондай-ақ, олардың қыздарын әйелдікке алып үйленуге болады. Бірақ, оларға қыздарымызды әйел етіп беруге болмайды.

Кітап иелерінен басқа адамдарға да, мысалы, отқа табынушыларға, бұтқа табынушыларға да мұсылмандардың ұстанымы, көзқарасы, ара қатынасы дұрыс. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Оларға (бұтқа, отқа табынушыларға) кітап иелері сияқты сүннетім бойынша, қарым-қатынас жасаңдар. Тек олардың әйелдеріне үйленбеңдер, сойғанын жемеңдер» деген.

Хазіреті Мұса (с.ғ.с.), Һарун да (с.ғ.с.) – аса мейірімді жандар. Ол екеуі өз халқына зорлық-зомбылық жасаған Перғауынға баратын кезде Алла тағала оларға:
«Онымен сыпайылық танытып жұмсақ сөйлесіңдер, мүмкін ойланып қорқатын болар» дейді («Таһа» сүресі, 44-аят). Яғни, залым да болса жаймен, жылы сөзбен түсіндіру қажет. Өйткені, мақсат өш алу емес, адамдарды түзеу, жөнге салу.

Ислам – тұнып тұрған рақым діні. Сөздікте ислам есендікке жеткізу, бейбітшілік, адамдардың бір біріне сенім көрсету, бейбітшілік орнату деген мағыналарды береді. Алла тағаланың да бір есімі де сәлем. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан жаппар иенің ақырғы Пайғамбары да жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Таныс және бейтаныс кісілерге сәлем беру – жақсы іс» деп айтқан. Яғни, адамзатқа бейбіт нұрын шашу. Алла Құранда пайғамбарымыз жайлы «Біз сені әлемдерге тек қана рақым етіп қана жібердік» дейді. Ол рақым пайғамбары. «Шұғара» сүресінде Алла пайғамбары Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Олар иман етпеді деп қатты мұңайып, өзіңді өзің жеп бітіруге шақ қаласың» дейді.

Назар салсақ, барлық дін де рақымшылдық, жылылық, шапағат бар. Ендеше, қазіргі таңда дін адамдарының бірі бірімен алауыз болулары ұстанған діндерінің негізгі ұстанымдарына қайшы келеді. Тағы да мысал айтатын болсақ, Ұлы Жаратушы Құранда: «Расында Алла әділдікті, игілікті және туыстарына қамқорлық жасауды әмір етеді. Арсыздық, жамандық, зұлымдық жасауға тиым салады» дейді («Нахыл» сүресі, 90-аят). Оның ақырғы пайғамбары да: «Жердегілерге рақым етіңдер, сонда көктегі де (ұлы жаратушы) сендерге рақым етеді» деп адамзатты рақымшылдыққа шақырады. Жаратушы Жаппар ие Адамға үлкен баға беріп “Маида” сүресінде былай дейді: «Сондықтан, Исрайыл ұрпақтарына: «Кімде кім кісі өлтірмеген, яки, жер бетінде содырлық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен және кімде кім бір адамның өмірін құтқарса, барлық адамзаттың өмірін құтқарғанмен бірдей» деп жаздық» дейді. Өз дінін насихаттап, өзге дінмен бірге әлемде бейбітшілік орнату – мұсылманның басты парызы. Дінаралық татулықты қолға алу Алланың әмірі. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті. Алла әмірін, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүннетін ту етіп көтеріп, елді бейбітшілікке, татулыққа бастаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына Алланың өзі жар болсын! IV съезд жақсы өтсін. Ел аман, жеріміз тыныш болсын!

 Бақтыбай Бейсенбаев, С.Ғылмани атындағы мешіттің бас имамы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button