Басты ақпаратҚоғам

Дүбәраларға лайық дүрегей дүние

Кинотеатрдан «Гудбай, мой бай!» деген қазақ киногерлерінің туындысын көріп қайттық. Кинода ептеген езу тартар тұстары болмаса, анау айтқан шедевр дегенге келмейді. Бүгінгі көрермендердің психологиясын меңгеріп алып, таза солардың сұранысына сай фильм жасап шыққан. Бір сөзбен айтқанда режиссер көрермендердің жетегінде кеткен.

Ал көркем туынды кітап болса – оқырманын, кино болса – көрерменін соңынан тартуы тиіс еді. Екінші, кәдімгі шала қазақтарға арналған. Бір сөзі қазақша, екі-үш сөйлемі орысша. «Балам», «айналайын» деген сияқты сөздерді қазақша айтып қояды. Дүбәраларға лайық дүрегей фильм. Атының өзі үш ұлттың сөзінен тұрады: «гудбай» – ағылшын, «мой» – орыс, «бай» – қазақша. Тіпті, кейде, көшенің тіліне түсіп кететін тұстары бар. Күйеуінен ажырасып жатқан әйелдер, әйелінен айырылып жатқан ерлер… Ептеген ой айтпақшы болады, онысы – бұлыңғыр. Соңы «Код да Винчидің» көрінісін сайқымазақ түрде қайталаған – плагиат.
Біздің киногерлер тым құрымағанда өзбек пен қырғыздар сияқты деңгейде қашан көркем фильм түсіреді екен деген ойда қайттық. Тоқ етері, арнайы эффектілері, техника мен технологиялары дамығанымен, толыққанды көрерменді тұшындыратын өрелері дамымаған.
Осындай өнер туындыларының салдарынан көрермен талғамы да құнсыздана беретініне қарнын ашады. Ұлттық нақыштан алшақ көріністер өзі дүбәра болған қалалық жастардың «е-е, біздікі дұрыс екен ғой» деген ойын бекітіп, одан сайын этностық мәдениет пен өлшемнен жұрдай ете береді. Біз тектілік кодын сақтаған біртұтас ұлт қалыптастыру жолындамыз. Бұл тұрғыда сценарист, режиссерлер ойланбайтын болса керек. Осы туындыдан аңғарылып тұрғанындай, олардың ойлайтыны – кассадан неғұрлым мол ақша жинайтын коммерциялық мүдде. Сондықтан арзан өмірге атүсті қарайтын типтерді көрермен назарына ұсынады.
Байқасақ, осындай фильмдер көбейіп барады… Неге?

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button