Басты ақпаратСұхбат

Дұрыс әліпбиден дұрыс емле-ереже шығады

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференция өтті. Онда жан-жақтан жиналған тіл саласының белгілі ғалымдары латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле-ережелерінің тұжырымдамасын талқылады. Маңызды жиынға Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек қатысып, «Жаңа қазақ әліпбиі емле-ережелерінің қағидаттары» тақырыбында баяндама жасады. Сонда айтулы ғалыммен жүздесіп, жаңа тұжырымдама туралы ой бөліскен едік.

– Аға, сіз конференция барысында журналистерге берген сұхбатыңызда бұл тұжырымдаманы қолдамайтыныңызды ашық білдірдіңіз. Неге қарсылық таныттыңыз?

– Жаңа қазақ латын әліпбиін ел болып таңдадық. Бұл жазу реформасының бастауы ғана. Ендігі жерде жаңа қазақ латын әліпбиінің емле-ережесін дайындау басталды. Осы сәтті пайдаланып, тіліміздің фонетика-грамматикалық табиғатына кереғар келіп жатқан кирилл әліпбиінің кейбір емле-ережелерінен құтыламыз деп ойладым. Өз басым соған сендім. Бірақ жақында мақұлданған жаңа тұжырымдамада (концепцияда) кирилл жазуының емле-ережесі сол күйінде қайта көшірілді. Оған ешқандай өзгеріс енген жоқ. Әрине, оны дайындаған әріптестерімізбен жан-жақты пікір алмасу, тіптен пікірталас болды. Өз басым бұған қарсы екенімді ашық айттым. Әлі де айтамын. Ендеше, мақұлданған тұжырымдамаға тағы да өзгерістер енеді деп ойлаймын.

– Бұл тұжырымдаманы кім әзірледі?

– Біздің институттың ғалымдары. Бұрыннан қазақ тілінің емле-ережесімен айналысатын академик Рәбиға Сыздық апайымыздан бастап, профессорлар Нұргелді Уәли, Құралай Күдеринова, Анар Фазылжанова секілді белгілі ғалымдарымыз бар. Мен де осы ғылыми орданың қызметкерімін. Бірақ бұл құжатты жасауға мен қатысқан жоқпын. Осы жобаны ғылыми ордамызда талқылап, әріптестер бір-бірімізге батыл пікірімізді айтқанбыз. Басында қызметтес ғалымдармен бір ұстанымда болдық. Кейін олар көпшілік арасында сауалнама жүргізді. Ал сауалма нәтижесі қол жаттығып, көз үйренген кирилл үлгісін жақтап шыққан тәрізді. Содан кейін олардың көзқарастары өзгерді. Негізі, осы мәселеде сауалнама жүргізудің қажеті жоқ. Мұны таза ғалымдар қарастыру қажет. Өйткені жалпы жұртшылық тілдің ұңғыл-шұңғылын түсіне бермейді. Жарты ғасырдан артық әліпби санамызға күштеп қондырған емледен айыға қою, әрине, мүмкін емес. Мысалы, көпшілік «су» деген сөзді таңба санына қарап екі дыбыс деп түсінеді. Соған дағдыланған, басқаша ойлауы мүмкін емес, сауалнамада екі дыбыс деп жауап береді. Сауалнама жүргізгенде мәселенің осы жағын ескеру керек еді. Сауалнаманың нәтижесіне сенбейтін тағы бір себеп бар, біз қазір қазақтың өзіне «қазақтың бар дыбысын бар деп, жоқ дыбысын жоқ» деп сендіре алмайтын кезеңде тұрмыз. Оған дәлелді жоғарыда келтірдім: «у» әрпі дыбысын емес, «ұу/үу» дыбыс тіркестерін белгілейтін таңба екені біздің әліпби санамыздан шығып қалған. Сондықтан біз алдымен әліпби сауатымызды ашып алайық дей беретінім сондықтан.

– Сонда қалай айтылу керек?

– Мәселен, қазақ тілінің өзінің табиғи фонетика-грамматикалық үлгісі бойынша «у» таңбасының дыбыс мәні бірде «ұу», бірде «үу» болып шығады. Ендеше, «су» деген сөз үш дыбыс болып айтылады, соған лайық үш әріп болып жазылуға тиіс: «сұу». Кирилл әліпбиінде өзім «алдамшы» деп атайтын бір ереже бар. Оны кез келген тіл мұғалімі жақсы біледі. Ол – «у» дыбысы дауыстыдан кейін дауыссыз болады немесе дауыссыздан соң дауысты болады» деген ереже. Бұл – түбегейлі қате. Басқа елдерде мұндай күлкілі ереже жоқ. Егер таңбаның (әріптің) дыбыс мәні дұрыс анықталса, мұндай жаңсақ ереже болмайды. Дауысты барлық кезде дауысты, ал дауыссыз болса, ол да барлық жерде дауыссыз. Тура осы емле-ереже сол қалпында концепцияда қайталанды. Мен осыған келіспедім.

– Тағы қандай мысалдарды келтіресіз?

– Сондай-ақ, қазақтың төл сөздерінің жазылымына күшпен ендірілген «и», «я», «ю», «щ» тәрізді әріптердің жайы да тап осындай. Өйткені қазақ тілінде мұндай дыбыстар жоқ. Оның бәрі бізге орыс тілінің ықпалымен кірді. Төркіні бөлек орыс тілінің әліпбиі мен емле-ережесін төркіні бөлек қазақ тілінің әліпбиі мен емле-ережесіне сол күйінде қабылдауға болмайды. Оның тілбұзар машақаты көп. Тілдің дыбыс құрамын, сөздің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал ретін, тіптен сөйлеу ырғағын бұзады. Көріп отырғанымыздай, қазақ тілінің фонетика-грамматикалық өн бойына түгел нұқсан келтіреді. Конференцияда жер-жерден келген ғалымдардың дені менің айтқанымды қолдады. Бұрын бізді кеңестік саясат құрсаудан шығармады деуші едік. Қазіргі жағдай одан да қиын болып тұр, үйренген дағдыдан арыла алатын емеспіз.

– Неге?

– 1957 жылы қазақтың төл сөздеріне орыстың жоғарыда аталған таңбаларын қосып жазу керек деген ереже енгізілді. Сол «қызыл реформаның» нәтижесін енді теріп-жеп отырмыз. Одан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіп, бүгінгі күнгі ұрпақтың бәрі кирилл әліпбиінің жазуымен сауат ашты. Тағы қайталайын, қазір енді оларға қазақтың дыбысын «бар» немесе «жоқ» деп сендіре алмайтын кезеңде тұрмыз. Сондықтан адамдарға «су» немесе «бу» дегенді үш дыбыс бар деп сендіре алмаймыз. Олар «жоқ, екі дыбыспен айтып тұрмыз» дейді. Сауалнаманың нәтижесі – осы. Негізі, «су, бу» т.б. сөздерді таратып жазу керек. Егер біз мұны қысқартып «су» дей берсек, бір ұрпақ ауысқаннан кейін екі дыбыстан қатар айырыламыз. Мұндай тәжірибе әлем тілдерінде кездескен. Түркия мемлекеті өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары латынға көшкенде «ә», «ң», «қ» әрпін белгілеген жоқ. Соның кесірінен олардың тілінен осы үш дыбыс шығып қалды. Одан бері қаншама уақыт өтті. Бізді түріктер «Қазақстан» демейді, «Казакистан» деп айтады. Қазір оларда «қ» дыбысы жойылып кеткен. Сондықтан бізде сөзді таратып жазып, әрбір таңбаның астына өз дыбысын қоймасақ, осындай кепті бастан кешеміз. Ең басты қауіп – осы.

– Ол үшін не істеу қажет?

– Біріншіден, жаңа әліпбидегі дыбыс құрамын анық көрсеткен жөн. Бізде тоғыз дауысты бар. Кейбір оқулықтарда дауысты дыбысты он беске жеткізген. Бұл дұрыс емес. Екіншіден, тіліміздің әуезі мен морфем-буыны бұзылмаса дейміз. Содан кейін барып сөзге дұрыс тасымал жасау керек.

– Кейбір адамдар тілге үнем жасау керек дегенді айтады. Бұған не айтасыз?

– Тілді үнемдегенде тез оқимыз, жылдам жазамыз дегеннің бәрі – әсіреқызыл әңгіме. Тіліміздің табиғаты қандай болса, соны ұстану қажет. Біздің тілімізде жалғау жалғанады. Оны қысқартып, үнем жасаймыз десек, тілге қиянат болады. Тілге нұқсан келтіретін үнемнің де, оңайлықтың да қажеті жоқ. Үнемсіздеу болса да төл емле жасаймыз. Мысалы, екі таңбаның орнына үш таңба жазу керек. Өйткені тіліміз соны тілейді. Сондықтан үнемді қуып, тілдің табиғатына зиян келтіруге болмайды.

– Айтып отырғаныңыз құлаққа қонымды. Бұл тәжірибе жүзінде іске асқанда қиын болмай ма?

– Әліпби қағазда тұрғанда әдемі көрінеді. Оның қиындығы ертең сауат ашуға барғанда шығады. Мәселен, бала «оқу» дегенге морфологиялық талдау жасасын дейік. Кирилл үлгісімен тұйық райдың көрсеткіші деп «у-ды» алып тастайды, сонда сөздің түбірі «оқ» болып шықпақшы ма?! Сөйтіп, осы жерден жеткіншек шатасады. Бұл – бір ғана жеңіл-желпі мысал. Мектепте, жоғары оқу орындарында тілдің грамматикалық, морфологиялық, фонетикалық ерекшеліктері талданады. Сонда алдымыздан көп кедергіге кездесеміз.

– Енді одан құтылудың жолы бар ма?

– Елбасының латын графикасының жаңа нұсқасын бекіткен Жарлығы шықты. Жарлық деген заң. Осы елдің азаматы ретінде оған бағынамыз. Енді біз сол әліпбимен жұмыс істеуіміз қажет. Жаңа нұсқаның тоқсан бес пайызы дұрыс. Менің ойымша, осыған кішкене өзгеріс енгізіп, жетілдіретін тұстары бар. Өйткені дұрыс әліпбиден дұрыс емле-ереже шығады. Бұрыс әліпбиден дұрыс емле-ереже шықпайды. Айталық, 11 нөмірде тұрған орыстың «и» дауыстысы мен қазақтың «й» дауыссызына бір таңба белгіленген. Оған нүктесіз таяқша қойылған. Осы әріпті бас әріппен жазған уақытта шатасамыз. Екі түрлі дыбысты бір таңбамен белгілеуге болмайды. Қазақта қысқа немесе созылыңқы «й» деген дыбыс жоқ. Бір ғана «й» бар. Сондықтан 11-ші бапты алып тастаған жөн. Және де дауыссыз дыбыстың таңбасымен дауысты дыбысты белгілеуге болмайды. Әліпбиде осы сықылды жаңсақтықтар кеткен. Және төл әліпбидің ішінде кірме таңба жүрмеу керек. Төл әліпбиіміз өз алдына жеке болу қажет. Ал мыңдаған кірме сөздердің (терминдердің) жазу әдісі оңай, оның халықаралық үлгісі бар, біз де соны пайдалануымыз керек. Қазір орыс тіліндегі мәтіндерде компаниялар мен адамдардың аты өзгермей түпнұсқа түрінде латынша беріледі. Оның жалпылама халықаралық үлгісі бар. Біз де соны пайдаланайық. Оған арнайы таңба іздеп, емле-ереже дайындау керек емес. Сонан соң әліпбидің түзілу ретінде кемшілік кеткен. Үндесімі мен айтылымы бір дыбыстар бір жерде тұрған жөн. Оған да арнайы тоқталуға тура келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button