Жаңалықтар

«ЭКСПО-2017» – ЕЛ МЕРЕЙІ

Ел мерейін асқақтататын «ЭКСПО-2017» көрмесіне 161 күн қалды. «Болашақ энергиясы» атауымен өтетін халықаралық жиын экологиялық таза, қауіпсіз және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың өзектілігіне мән береді.

555

Үздік тәжірибе алаңдары
Бұйырса, еліміздің бас қаласы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналатын күн алыс емес. Бүгінде халықаралық павильондардың құрылысы толығымен аяқталып, көрме қатысушыларына табыстау рәсімі басталды. Коммерциялық павильондар мен Қоғамдық коммуникациялар орталығының да құрылысы пайдалануға берілді. Аталмыш орталықта Бірыңғай қызмет көрсету орталығы, Аккредиттеу орталығы және Медиа-орталық орын теппек.
23 желтоқсан күні екі бірдей орта­лықтың тұсаукесері болды. «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс жасайтын Бірыңғай қызмет көрсету орталығы ресми қатысушыларға қызмет көрсететін болады. Атап айтқанда, визалық қолдау көрсету, көші-қон есебі, салық салу, кедендік істер, авторлық құқық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, сақтандыру, логистикалық, консалтингілік, нотариалдық, аударма, сондай-ақ әуе кассалары және экспресс-пошта қызметтері ұйымдастырылады.
Ал Аккредиттеу орталығында көрмеге келген барлық тұлғалар онлайн жүйеде тіркеліп, арнайы тексеруден өтеді. Бұл – қауіпсіздігіміз үшін қажет қадам. Аккредиттеу жүйесі халықаралық тәжірибеге негізделген.

Тақырыптық павильон таңдай қақтырады
Алып шар тәрізді ғимарат 7 қабаттан тұрады. Әр қабат ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналатыны белгілі. Ал сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспозициясына арнайы бөлінген.
Дәл қазір халықаралық павильонда Беларусь, Венгрия, Германия, Қытай, Ресей, Сингапур, Түркия, Франция елдері өз жұмыстарын бастап кетті. Алдағы уақытта 130 қатысушының барлығына да тапсырылатын болады.

Дағдарысқа қарсы жоба
Мұны нақты деректермен дәйек­теуге болады. Өйткені отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін бар­лық облыстардың әкімдіктерімен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Нәтижесінде 322 отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 48,9 млрд теңгенің шарттары жасалған екен. Дағдарысқа қарсы жоба еліміз бойынша 50 мыңдай жұмыс орнын құрып, сақтауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Демеушілер арқылы – 126 млн евро, инвестиция ретінде 211 млрд теңге тартылғаны мәлім.

Билет сату басталды
Санаулы айлардан кейін болатын айтулы шараға кімдер келеді?
Бүгінде 18 халықаралық ұйым мен 112 ел көрмеге келетіндіктерін растаған. 94 шартқа қол қойылып, 75 елдің ұлттық күндерін өткізетін уақыт нақтыланған. Ұлттық павильондардың 89 тұжырымдамасы бар.
Бұған қоса, билеттер сату, туристер тарту және еріктілерді дайындау бойынша жұмыстар күн тәртібінен түскен емес.
«ЭКСПО-2017» халықаралық маман­дандырылған көрмесінің билет кассалары 10 желтоқсанда ашылды. Атап айтқанда, елорданың «Керуен» және «Ханшатыр» сауда орталықтарында және Алматы қаласындағы «MEGA Alma-Ata» мен «MEGA Park» орталығында сатылымға түсті. Ал электронды билет сату үрдісі осыдан біраз уақыт бұрын өз жұмысын бастап кеткен болатын.

Энергетикалық тиімділік
Көрменің құрылысы мен онда өтетін іс-шаралар көрме атауына сәйкес келеді. Соңғы технологиялық жетістіктерді қолдануда. Мәселен, адам санын есептеуде әртүрлі сенсорларды қолдану, жарықтандыруды бөлу – ғылымның үздік тәжірибесі. Бұл өз кезегінде энергияның тиімділігін арттырып, жоғары жүктемелерді азайтуға мүмкіндік береді. Қала инфрақұрылымына жаңартылмалы энергия көздерін біріктіру үшін Smart Grid технологиясы пайдаланылады. Ол автоматты түрде барлық ірі нысандардың энергия тұтынуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Ақылы көлік қою орындары, жаңа байланыс жүйелері, интерактивті құлақтан­дыру, мобильді сервис, деректерді өңдеу орталықтары да көрменің жоғарғы дең­гей­де өтуіне басымдық беретіні сөзсіз.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button