Жаңалықтар

Ел ертеңіне елеңдеп…

Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауы­мен «Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» атты дәстүрлі форум өтті.

«Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау ор­талығы» және «Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау орталығы-Астана» жеке қорлары ұйымдастырған бұл шараның негізгі мақсаты – елорда тұрғындары арасынан түрлі мамандық иелерінің тыңғылықты еңбегін әрі жеткен жетістіктерін таныстыру болып табылады.

Форум тақырыбы айтып тұрғандай, мемле­кеттің тағдыры – өз тағдыры болғандықтан, аталған қорлар қарапайым халық өкілдерінің тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне қандай үлес қоса алғандығын көрсетуді жөн санапты. Сондықтан келелі басқосуға «Назарбаев орталығы» ұлт­тық және халықаралық бағ­дарламалар қызметінің басшысы Ғалым Сем­бекұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бурханов, Астана қаласы Кәсіподақ ұйымы кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев, т.б. қоғам және мемлекет қайраткерлері жиналды.

Әнмен әрленіп, бимен түрленген шара барысында Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандары бойынша өткізілген форумдарда үздік деп танылған Астана қалалық Отан қорғаушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері есімдерін мәңгілеу жөніндегі қоғамдық комиссияның төрағасы Мейрам Байғазин, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы оқырмандарға қызмет көрсету орталығының меңгерушісі Әлия Қожабекова, «Астана цирк» мемелекеттік мекемесіндегі құжат айналымы және аударма қызметінің маманы Роза Мейірбаева, Мүгедектер мен жалғыз басты қарияларға үйде әлеуметтік көмек көр­сету бөлімшесінің өкілі Баян Жұ­мажанқызы және Жастар іскерлік кеңесінің президенті Қайырболат Сахметов бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button