Басты ақпарат

Еліміз әскери әлеуетін арттырады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президенттің ресми сайты.

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларға арналған сөзінде «KADEX-2018» көрмесі аясында «Қазақстандағы ғарыш күндері» атты халықаралық форумның өтуі биылғы шараның басты ерекшелігі екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті «KADEX-2018» көрмесінің қару-жарақ пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы әлемдік маңызы бар жиынға айналғанын айтты.
Елбасы Қазақстанның тату көршілік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бейбіт саясат жүргізіп отырғанын атап өтті.
– Қорғаныс саласы мен Қарулы Күштердің әлеуетін дамыту – мемлекет басымдықтарының бірі. Орталық Азия бойынша бірегей саналатын «KADEX» халықаралық көрмесі бұл басымдықтарды іске асырудың тиімді құралы болып табылады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту үшін халықаралық көрмені өткізудің тиімділігіне тоқталды.
– Биыл көрмеге қатысу үшін әлемнің 40 елінен ресми делегациялар мен шетелдік 108 компания басшылары келді. Қол қойылатын іскерлік келісімдер мен шарттар отандық және шетелдік қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындары арасындағы халықаралық кооперация мен серіктестікті дамытуға септігін тигізетін болады. Сондай-ақ, бұл инвестиция тартып, жалпы Қазақстан экономикасының экспорттық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттігін арттыруға ықпал етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Көрменің ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін Елбасы «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының, Ресей мен Қытайдың павильондарын аралап көрді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button