SportБасты ақпарат

ЕР ТҰЛҒАЛЫ ЕЛАМАН

Астана төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен «Қазақстан барысы – 2017» республикалық турнирінің жеңімпаздары анықталды. Биыл жетінші рет ұйымдастырылған күрес додасына еліміздің барлық облыс­тарынан, Астана және Алматы қалаларынан, сондай-ақ, Қазақстан әскерінен іріктелген 34 балуан бақ сынады.

Күрес десе, ішкен асын жерге қойған қарға тамырлы қазақтың төл өнері, ұлттық спортына баланған қазақ күресінің жанкүйері қашанда көл-көсір болған. «Барыс Арена» мұз сарайында өткен биылғы «Қазақстан барысы» турнирінде де осындай жағдайға кенелдік. Кең сарайдың ішінде ине шаншар жер қалмады.

Дүбірлі жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде елорда әкімі Әсет Исекешев жыл сайын Астана күні қарсаңында, биыл төрткүл дүние көз тіккен ЭКСПО аясында өтіп жатқан дәстүрлі жарысты тамашалауға жиналған жанкүйер қауымға ризашылығын білдіріп, боз кілемде бағын сынайтын балуандарға сәттілік тіледі. «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев құттықтау сөз сөйлеп, академик Төрегелді Шарманов балуан жігіттерге ақ батасын берді. Еліміздің әнұраны шырқалғаннан кейін белдесулер басталып кетті. Балуандар екі топқа бөлініп күресті. Бір айтарлығы, кестеге көз салсақ, бірнеше мықты балуандарымыз бір топқа түсіп қалған екен.

Мәселен, тұңғыш «Қазақстан барысы» Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров секілді «барыстар» мен осыған дейінгі жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп келген Ержан Шынкеев, Руслан Әбдіразақов сынды балуандар бір топқа түсіп, араларынан кім мықты болса, сол ғана «алтын белбеу» үшін күресуге мүмкіндік алды. Ал 2014 жылғы «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсынов бірінші топтан бірінші болып шығады деген көріпкел көрермендердің жорамалы жүзеге аспай қалды. Сондай-ақ, «күміс белбеулі» қарағандылық Асыл Бәрменов те ұзаққа бара алмады. Бұл екеуін де биыл «Әскер барысы» атанған Еламан Ерғалиев тізерлетті. Осылайша, әр белдесу өткен сайын кіл мықтылар іріктеле берді.

Ширек финалға шыққандар арасында астаналық Айбат Сейтен де бар еді. Ол алғашқы екі белдесуін сәтті-ақ өткізіп еді. Алайда елорда намысын қорғаған балуанның бағы жарты жолдан тайды.

Ал енді «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығуға тас­түйін дайындалып келген балуандардың ішінде Айбек Нұғымаров пен Ержан Шынкеев арасында өткен белдесу жанкүйер қауымның делебесін қоздырды. Олай дейтініміз, осы екеуі 2013 жылы «алтын белбеу» үшін күрескен еді. Ол жолы Айбек «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған болатын. Ал биылғы күресте тағы да сол жағдай қайталанып, шығысқазақстандық балуан жартылай финалға өтті. Жеребенің түскенін көрмейсіз бе, ағалы-інілі Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбдіразақов ширек финалда төс түйістірді. Екеуі белдесе кеткенде жанымда отырған жігіт ағасы «Құдай-ай, мына екеуінің аналары қалай қарап отыр екен…» деп шыр-пыр болды. Әрине, ағайынды балуандар алысып-жұлыспады. Ағасы інісін ақырын ғана шалып жықты. Сөйтіп жартылай финалда Айбек пен Ұлан кездесті. Қос «барыстың» жекпе-жегі басталғанда кең сарайдың үші гуілдеп кетті. «Айбек», «Ұлан» деген айқайдан құлақ тұнды. Шынымен де керемет күрес болды. Дегенмен, ұпай санымен Ұлан жеңіске жетіп, ақтық айқасқа шықты.

Ал екінші топтан алдына келгеннің бәрін айқын басымдылықпен жеңе білген «әскер барысы» Еламан Ерғалиев жартылай финалда осы жарыстағы ең жас балуандардың бірі атыраулық Арман Қалиевпен кездесті. Екі тастүлектің тартысты белдесуінде тағы да Еламанның шоқтығы биік болды.

Қалың жанкүйердің күткен сәті жүлделер үшін күрес те басталып кетті. Боз кілемге шығатын төрт мықты анық. Ал енді кімге қандай жүлде бұйырады, жанкүйер үшін басты қызық осы болды. Сөйтіп, «қола белбеу» үшін бәсекеде тау тұлғалы Айбек Нұғымаров басым болды. Ол арманы асқақ Арманнан айласын асыра білді. «Қола белбеу­ге» қоса 1 миллион 800 мың теңге берілді. Айбектің бапкері де құр алақан қалған жоқ. Қанжығасына 900 мың теңге байлап қайтты.

Ал ең басты күрес – «Қазақстан барысы-2017» атағы үшін өткен белдесуге жұрт аса қошемет білдірді. Ұлан мен Еламан арасындағы белдесу шынымен де өте тартысты өтті. Күш-қуаты тасыған қос балуан абыройлы атақ үшін аянбады. Жас­тық пен тәжірибе сынға түсті. Ер тұлғалы Еламан епті екенін бірден аңғартты. Бір қолайлы сәтті ұтымды пайдаланып, әп-сәтте әдіс жасап жартылай жеңіс ұпайына ие болды. Сол-ақ екен кең сарай іші тағы да айқай-шудан гуілдеп кетті. Жанкү­йер біткен өз балуандарын жақтап жатыр. Кезекті бір әдістен соң Ұланның бас бармағы қайырылып, ептеп жарақат алып қалды. Дегенмен, мықты балуан емес пе, күресті жалғастыра берді. Алайда бүкіл Қазақстан әскерінің атынан сынға түскен Еламан Ерғалиев таза жеңіске жетті. Осылайша «Қазақстан барысы» атанған батыр балуандардың қатары тағы бір талантты жаспен толықты. «Алтын белбеуге» ие болған қызылордалық Еламан Ерғалиевке 25 миллион теңге сыйақы берілді. Ал «күміс белбеу» иегері Ұлан Рысқұлға 5 миллион 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

Жалпы, биылғы «Қазақстан барысы» турнирі өте жоғары деңгейде өткенін атап өткіміз келеді. Жарыстың «Барыс Арена» мұз сарайында ұйымдастырылғаны шынымен де дұрыс шешім болғанына көзіміз жетті. Өйткені бұл кешендегі жанкүйерлер орындары ойын аренасына жақын орналасқандықтан, қандай жарысты болса да тамашалауға қолайлы екен. Бұл жөнінде көпшілік жанкүйерлер де жақсы пікірлерін білдіріп жатты.

Сонымен, жетінші «Қазақстан барысы» анықталды. Дәстүрі қалыптасқан жарыс халықтың сүйсіне тамашалайтын, жыл сайын асыға күтетін айтулы шарасына айналып отыр. Демек, қазақ күресінің абыройы асқақтап, мәртебесі биіктеп келеді. Лайым, солай болғай!

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button