SportӘлеуметСаясат

ЕРЛІК – ӨШПЕС ӨНЕГЕ

ERA_2977

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуға тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» деп атап өткен еді. Сонымен қатар, Елбасының қазақстандық патриотизм туралы да сан мәрте салиқалы сөз айтқанын естідік. Атап айтқанда, айтулы Жолдаудағы «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деген сөзі отансүйгіштік қасиетті алдымен өскелең ұрпаққа сіңіру қажеттігін аңғартып тұрса керек. Бұл ретте елімізде мемлекет тарапынан нақтылы бағдарламалар қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны анық. Осы орайда бір айтарлығы, жас ұрпақты отандық патриотизмге тәрбиелеу ісінде қоғамдық ұйымдардың атқарып отырған жұмыстары орасан деуге тұрады.

Астана қаласында үкіметтік емес ұйымдар арқылы қоғамдық жұмысты жандандыру жақсы жолға қойылған. Түрлі бағытта игі шаралар ұйымдастырып, қоғамға пайдалы істерімен көрініп жүрген ұйымдардың бірі – Астана қаласындағы «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі. Бүгінде жауынгер-интернационалист Серік Кенжебеков басқаратын ұйым жыл басынан бері Астана қаласы Ішкі саясат басқармасымен алдын ала келісіліп жасалған іс-шаралар жоспары бойынша жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Биыл ТМД елдерінде Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 25 жыл толды. Міне, осы датаға орай қалалық ұйым бірқатар шаралар өткізді. Қала мектептері мен жоғары оқу орындарында «Ерлік сабақтары», Ұлы Отан соғысы майдангерлерімен кездесулер, мүгедек қаруластар мен Ауғанстанда қаза болған жауынгерлердің ата-аналарына қолдау көрсету акциялары ұйымдастырылды. Жастар мен балалар арасында отандық патриотизм мен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында оқушылар арасында футбол жарысы, қол жекпе-жегі сайысы, қала маңындағы түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқандармен өткізген спорт шарасы тәрбие мен қайырымдылықтың өнегесі іспетті болды. Ал, жыл сайын ұйымдастырылатын жауынгер-интернационалист Қазбек Абдрахманов есімін еске алуға арналған шағын-футбол турниріне биыл да қаладан тыс аймақтардан командалар қатысты. Ардагерлер мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға және жауынгер мәртебесін көтеруге бағытталып өткізілетін айтулы жарыс биыл 13-ші рет өз жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады. Целиноград қаласында туып-өскен, Ауғанстан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «За боевые заслуги» медалімен марапатталған Қазбек Абдрахманов институтта оқып жүріп, қалада алғашқылардың бірі болып әскери-патриоттық клуб құрып, студент жастар мен мектеп оқушыларын спортқа және отандық патриотизмге баули бастаған болатын. Кейіннен Ауғанстан соғысында қаза болған жауынгерлердің ата-аналарын және соғыс зардабынан мүгедек болып қалған майдандастарын қолдау жөніндегі қоғамдық қор ұйымдастырды. Өкінішке қарай, ауыр сырқатынан айыға алмай өмірден ерте озған еді. Дегенмен, оның ізгі ниетті көздеген істерін, яғни қордың жұмысын оның майдандас достары жалғастырып келеді. Ал жыл сайын өтіп келе жатқан дәстүрлі жарыс Қазбек Үкібайұлының қайсарлығы мен қайырымдылығына берілген құрметтің белгісі болса керек. Биылғы жарыста бірінші орынды Степногорск қаласының Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымының командасы жеңіп алса, екінші орынды Асхат Тұрсынбеков бастаған «Әлім» командасы иеленді. Ал үшінші орынды офицер Марат Кусельбаев бастаған «Жас Ұлан» республикалық мектебі мен Нұрлан Ахметов бастаған астаналық «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» бөлісті.

Иван ПРОНИН, Степногорск қалалық Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымы командасының жетекшісі, жауынгер-интернационалист:

– Астанада жыл сайын өтетін бұл жарысқа аса қызығушылықпен қатысамыз. Майдандас достармен кездесеміз. Балаларды жарысқа қосамыз. Осындай шаралар арқылы жас ұрпақ жауынгердің, яғни Отан қорғаушының қадір-қасиетін ұғынатын болады деп ойлаймын. Майдандас досымыздың атындағы жарысты өткізуге қолдау көрсететін Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына, «Нұр Отан» партиясының астаналық филиалына және өзіміздің жауынгер-интернационалистерге ризалығымызды білдіреміз. Ал біздің команда жеңімпаз атанды. Бұл – үлкен қуаныш.

Серік КЕНЖЕБЕКОВ, Астана қаласы «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Біздің ұйымның ең басты мақсаты Ауғанстан соғысына қатысып келген азаматтарға, сонымен қатар сол соғыста қаза болған жауынгерлердің ата-аналарына, отбасыларына рухани әрі әлеуметтік қолдау көрсету болып табылады. Бұл орайда, біз өз тарапымыздан қолымыздан келгенше көмек көрсетіп келеміз. Сонымен қатар, жастар мен балаларды отандық патриотизмге тәрбиелеу, қалада өтіп тұратын қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени шараларға белсенділікпен қатысу да ұйымның негізгі бағыт-бағдары болып саналады. Жалпы айтқанда, туған ел мен жерді қорғай білген ата-бабаларымыздың ерліктері бүгінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге болуы керек. Біз осы орайда қалалық әкімдікпен, республикалық мекемелермен, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргіземіз. Әрине, проблемалар да жоқ емес. Бірақ, біз қай мәселені болса да бірлесіп шешуге ұмтыламыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button