Басты ақпарат

Еуразиядағы интеграцияның жаңа көкжиегі

Кеше елордамызда Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) мүше-мемлекеттердің басшылары бас қосты. Тәуелсіздік сарайында өткен ЕЭО-ның жоғары органы – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) мәжілісі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жылдығына және ЕЭО туралы шарттың бес жылдығына орайластырылып өткізілді.

Бұл шараға Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь басшысы Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян қатысты. Сондай-ақ, ЕЭО-ның жанындағы бақылаушы-мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Президенті Игорь Додон және мәртебелі мейман ретінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да осы жиынға куә болды.

Нұрсұлтан Назарбаев – құрметті төраға

Алқалы жиынды ашып, сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қонақтарға үлкен алғысын жеткізді. Ол құрлықтың экономикалық ландшафтын түбегейлі өзгерткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық даналығының арқасында еуразиялық интеграцияның бүгінгі таңда шындыққа айналғанын жеткізді. «ЕЭО-ның құрылуына қосқан тарихи зор үлесін ескере келе, Ресей Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа ЖЕЭК-тің құрметті төрағасы мәртебесін беруді ұсынды. Қазақстанның атынан Ресей Президентіне және барша әріптестерімізге осы ұсынысты бірауыздан қолдағаны үшін ерекше алғыс білдіремін» деді Қ.Тоқаев. Бұдан кейін сөз тізгінін экономикалық құрылымға төрағалық ететін Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян алды.
Ол осыдан 25 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев алғаш ұсынған еуразиялық интеграция идеясының 5 жыл бұрын іс жүзіне асырылғанына тоқталды. Оның па­йымдауынша, ендігі мақсат – ЕЭО-ны одан әрі дамыту, одақты халықаралық әріп­тес­тер үшін тиімді, тартымды құрылымға айналдыру. «Бүгінгі жиындағы біздің ортақ шешімдеріміз ЕЭО-ны одан әрі өркендетуге септігін тигізеді деп үміттенемін. Бәрімізге іске сәт деймін!» деді Н.Пашинян.

Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлемнің 40 елі осы одаққа қызығушылық танытып отыр»

Түс ауа ЖЕЭК-тің кеңейтілген құрамдағы мәжілісі басталды. Осы мәжілісте сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ЖЕЭК-тің құрметті төрағасы деген мәртебелі атақ берген мемлекет басшыларына алғыс айтып, өзінің тәжірибесімен ­ЕЭО-ны дамытуға пайдасын тигізетінін мәлім етті. Елбасы одақтың қалай құрылғаны, алғашқы қиыншылықтар, бүгінгі әлемдегі саяси және экономикалық ахуал, ЕЭО-ның әлі қолданылмаған әлеуеті жөніндегі орамды ойларымен бөлісті. «Бәріңізді бес жылдық ме­рей­тоймен құттықтаймын! Біз ЕЭО-ны ұлан-ғайыр аумақта, 5 елдің мүмкіндіктерін біріктіре отырып құрған едік. Бүгінгі таңда мұнай, көмір өндіруде және өзге салаларда, соның ішінде ауыл шаруашылығында бірінші орын иеленеміз. ЕЭО – Еуразияны біріктіретін үлкен аумақ. Оның құрамындағы елдердің халқы 184 млн адамды құрайды, бұл – өте алып тұтыну нарығы. Біздің бизнесіміз де бірге дамып келеді. Әрине, мұның бәріне үлкен еңбекпен, қажыр-қайратпен жеттік. Қазір ­ЕЭО-ны күллі әлем мойындап отыр. Соның дәлелі шығар, әлем­нің 40 елі осы одаққа қызығушылық танытуда» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол өз сөзінде одақтың құрылуы халықаралық экономикалық ахуалдың шие­леніскен уақытымен дөп келгенін айтты. Тұңғыш Президенттің пікірінше, Қытай, АҚШ және Еуропа арасындағы сауда соғыс­тарының ушығуы күрделі жағдайды қалыптастырды. Сол себептен интеграция­ны барынша кеңейтіп, Еуроодақпен, ШЫҰ-мен экономикалық ынтымақтас­тықты нығайту қажет. «Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бізге ғаламат мүмкіндік сыйлап отыр. Гео­графиялық жағынан тиімді орналасуын ескеріп, ЕЭО-ға мүше-елдер интеграцияның шекарасын кеңейте бергені абзал» деп мәлімдеді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев сауда соғыстары ушыққан кезеңде жаңа нарықтарды жаулау үшін жаңа стратегия қажеттігін қадап айтты. Тұңғыш Президент ең алдымен импортталатын тауарларға талдау жасауды ұсынды. «Біз машина жасау өнімдері, халық тұтынатын тауарларды, азық-түлік өнімдерін импорттаймыз. Бірақ бұлардың бәрі өзімізде шығарылады. Біз негізгі өнімдерімізді өз елдерімізге жіберейік. Бізге Airbas концерні сияқты біріктіретін өз жобаларымыз керек. Мысалы, біздің одақтағы Ресей – өндіріс­тен де, қуаты жөнінен де алдыңғы орындағы ел. Өзге елдерде неге осындай жобаларды қолға алмаймыз? Мәселен, ішкі нарықта ұшақтарымыз болса. Оны өзіміз де шығара аламыз» деп мысал келтірді Н.Назар­баев.

Александр Лукашенко: «Сауда қарқыны сыртқы нарықта өсіп барады»

Мәжілісте сөз кезегін алған Беларусь Президенті Александр Лукашенко ЕЭО-ның әлі бұғанасы қатаймаған жас құрылым болғанымен, өзінің дербес­тігі мен тиімділігін дәлелдегеніне тоқталды. «Соңғы кездері сауда қарқынын өсіруге жол ашылды. 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда бұл өсім 12 пайызды құрады. Алайда одақтың ішінде оның қарқыны төмендегенімен, сыртқы нарықта өсіп бара жатқаны алаңдатып отыр» деді ол.
Айтпақшы, Беларусь басшысы бірыңғай нарықтың барлық салаларында бәріне бірдей жағдай туғызуды атап айтты. Сол кезде ғана тығыз кооперация, одақ ішіндегі тауарлардың үлесі ұлғаяды. «Ол үшін одақтың әр мүшесі: мемлекет басшысынан бастап сарапшыларға дейін осы қарапайым нәрсені түсіне білуі тиіс» деді А.Лукашенко.
Басқосудың соңынан тараптар барлық мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келіп, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button