Басты ақпаратСұхбат

«Ғалымдар қағазбастылықтан құтылса…»

Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында Елбасының бастамасымен қолға алынған «100 жаңа есім» жоба жеңімпаздарының бірі – астаналық жас ғалым Зарина Саутбаевамен сұхбаттастық.

АКАДЕМИЯЛЫҚ ЕРКІНДІК КЕРЕК

  Зарина, «100 жаңа есім» жобасы есімі елге беймәлім талапты азаматтарды іздестіргені белгілі. Осы орайда, оқырман қауымға өзіңізді таныстыра кетсеңіз.

– Әкем – мектеп директоры, анам қазақ тілі және әдебиетінен сабақ береді. Мектепті тәмамдаған соң, «Болашақ» степендиясы бойынша Ұлыбританияға оқуға түстім. Бірақ бірден түсе қойған жоқпын. Жасым 18-ге толмаған еді. Сондықтан екі жыл Қостанай мемлекеттік университетінде оқып, 2008 жылы шетелге аттандым. Манчестер қаласының колледжінде, кейін университетінде биомедицина мамандығы бойынша білім алдым. Алғашқы кезде біраз үйренісе алмай, қиналғаным бар. Ақырындап өзіме таңсық ортаға сіңісіп кеттім. Колледж қабырғасында ағылшын тілі, химия, биология және математиканы оқытты. Жалпы, Ұлыбританияда бакалавр үш жылға жалғасады. Бірінші жылы – негізгі пәндерді өтсек, келесі оқу жылында пәнді өзіміз таңдадық. Тек теориямен шектелмей, зертханада түрлі ғылыми тәжірибе жүргізіп отыратынбыз. Ал екінші курсты адам патологиясын зерттеуге арнадым. Ол кезде эндокринология, иммунология, онкология, молекулалық биология, генетика салаларын тереңінен меңгеруге ден қойдым.

– Шетел мамандары болашақ ғалымдарды қалай даярлайды?

– Лабораториядағы зерттеу жұмыстарын жасау барысында профессорлар бізге еркіндік беретін. Барлығын көзбен көріп, қолмен ұстап, іс жүзінде үйренуге мүмкіндік алдық. Ал емтиханға келсек, білімімізді эссе арқылы бағалайтын. Небәрі екі сағаттың ішінде екі эссе жазуға міндеттейтін. Қазір өткенге көз жүгіртсем, оқуда қиналғаным түк емес сияқты. Бірақ сол жылдары әлемнің түкпір-түкпірінен келген 800 студенттің ішінде жалғыз қазақ едім. Соңғы курста тобымызбен dissecting room-ға жиі-жиі баратынбыз. Бізше – мәйітхана. Бірақ бөлмелерге кіргенде, денең түршігіп, тітіркенбейсіз. Өйткені барлығын адам анатомиясын зерттеуге ыңғайлап қояды: иісті жояды, зарарсыздандырады. Ұлыбританияда кей адамдар алдын ала «ғылымның пайдасына жарар» деп биологиялық өлімнен кейін мәйіттерін алуға рұқсат етеді. Бізге үнемі ота жасауға қатысып жүрген тәжірибелі дәрігерлер ұстаздық етті. Кейде емделушілерімен кездесу ұйымдастыратын. Бір жылы «triple P» ауруына ұшыраған, яғни, адамның дене бітімінің үш мүшесінде пайда болған қатерлі ісікпен ауыратын қызбен таныстым. Сау адамның бойында жоқ күш-жігері бар науқаспен сөйлесе келе, өмірге деген көзқарасыңды өзгертетінің анық. Манчестердегі алған білімім мен тәжірибем қазіргі жобалармен айналысуға көмегін тигізуде. Себебі ғылыммен айналысатын адам ешуақытта бәріне өзім қол жеткіздім дей алмайды. Ғылыммен айналысу – топтық жұмыс.

– Елге оралғаннан кейін бірден жұмысқа кірісіп кеттіңіз бе?

– Оқуды тәмамдаған соң алғашқы жылы шұғыл медициналық көмек көрсететін орталықта (қазіргі Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы) стратегиялық жоспарлау мен зерттеу бөлімінде жұмыс істедім. Сол жылдары ми ісігін емдейтін жұмыс тобының құрамына ендім. Шотландиядан келген маманмен бірігіп, қатерлі ауруды анықтау үшін науқастарды скринингтен өткізетінбіз. Отаның қаншалықты сәтті өткенін білу мақсатында да тестілеу жүргізіп, нәтижелерін шығардық.

Ал 2013 жылы Назарбаев университетіне оқытушының көмекшісі ретінде қабылдандым. Сол уақытта Гарвард медицина мектебінің профессоры Наталья Бартеневамен таныстым. Профессор жетекшілік ететін «Тоқ ішек қатерлі ісігімен ауыратын науқастардағы айналмалы микробөлшектерді зерттеу» жобасы бұрыннан жүргізіліп жатыр. Мен тек сол зерттеу тобына еніп, жоба аясында Швейцарияның Базель қаласында және АҚШ-тың Бостон қаласындағы Гарвард медицина мектебінде тағылымдамадан өттім. Еуразия ұлттық университетінде биомедицина саласының магистр дәрежесін алдым. Қазір университеттегі уақытымның бір бөлігін студенттермен өткізсем, қалған бөлігін ғылымға арнаймын.

ҒЫЛЫММЕН АЙНАЛЫСУҒА ЕШКІМ МӘЖБҮРЛЕЙ АЛМАЙДЫ

– Еліміздегі жас ғалымдарды ынталандыру үшін қандай амал қолдану керек деп ойлайсыз?

– Шындығына келсек, ғылыммен біте-қайнасып, соған қызмет еткісі келмеген адам қайткен күннің өзінде өмірін ғылыммен байланыстырмайды. Бірақ зерттеу жұмыстарына ден қойып, одан нәтиже шығаруы үшін жастарға қаржылай көмек көрсетілуі тиіс. Бір жақсысы, біздің университетте жобалар жөніндегі менеджерлер бар. Олар кейде туындайтын қағазбастылыққа толы жұмыстарды өз мойындарына алады. Сөздің тоқ етері, жас ғалымдар жан-жақты қолдаудан бас тартпайды.

– Жұмыс барысында қандай қиындықтармен кездесесіздер?

– Әрине, ғылыммен айналысу оңай емес. Барлық мамандық иелері сияқты бізде де күтпеген жағдай туындауы мүмкін. Әрине, барлығын біз алдын ала ескеріп, ширақ қимылдауға үйрендік.

– Сіздің пікіріңізше, ғылыммен шындап айналысқысы келген адам қанша уақытын сарп етуге дайын болуы тиіс?

– Зерттеу осынша уақыт алады деп дөп басып айта алмаймын. Бір тәжірибені жасаған кезде ынта-шынтамен кірісіп кетеміз. Деректерді алып, оны өңдеп, талдау жасаймыз. Біраз уақыттан кейін екінші кезеңге кірісеміз. Ал оқытушы ретінде студенттерге аптасына 15 сағат сабақ беремін. Күнделікті сағат 6-7 тұрып, университетке асығамын. Жұмыстан шығып, йогаға баратын әдетім бар. Эмоцияның адамы екенімді жасырмаймын, йогамен шұғылданып, жан тыныштығын сезінемін. Болмаса достарыммен кездесіп, бос уақытымда кітап оқуды да жақсы көремін. Театр және кинодағы премьерлардан қалмауға тырысамын.

ЕЛБАСЫ БАҒАСЫ – МӘРТЕБЕ

– Бізде ғалымдар өз ортасын қалыптастырып үлгерді ме?

– Өз басым, Манчестерде бірге оқыған курстастарыммен әлі күнге дейін араласамын. Кейбіреулері басқа саланы таңдап кетті. Көбінесе шетелге тәжірибе жинақтауға барғанда, мамандармен танысамын. Бір-біріміздің жеткен жетістіктерімізге куәгерміз.

Оқуды жалғастырып, PhD дәрежесін алу жоспарыңызда бар ма?

– Әрине, бірақ қашан оқуға тапсыратынымды әлі шешкен жоқпын.

Жоба жеңімпаздарымен кездесу барысында Президент сізге онкологиялық орталықты басқаруыңыз мүмкін деді. Жас ғалым бола тұра, басшылыққа келуіңіз қаншалықты дұрыс, өзіңізді бұл лауазымға лайықты санайсыз ба?

– Астанада мамандандырылған онкологиялық орталықтың салынып жатқанының өзі қуантады. Бұл мекеме еліміздегі медицина мен ғылымды бір арнаға тоғыстыра алатынына үміттімін. Егер биомедицинаның дамуын қаласақ, екі саланың арасын жалғау керек. Ал лауазымға байланысты айтарым, бұл сөздерді Мемлекет басшысынан естудің өзі – мен үшін мәртебе.

Сұхбаттасқан
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button