Басты ақпаратРуханият

Ғылым ордасының сәулеткері

(Соңы. Басы газеттің №46 (4634) санында)

Қазақстан Ғылым ордасының ашуға байланысты «КСРО Ғылым академиясының филиалы ретінде 1945 жылдың 26 қазан күні ашылып, қызмет жасап келген мекемені өз алдына жеке Қазақ КСР Ғылым академиясы ретінде құрылғаны 31 мамыр 1946 жылдан» деп заңды қаулы қабылдаған сол уақытта Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Ә.Қазақпаев, Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов еді.

Дәл осы уақытта ең алғаш рет 1946 жылы 31 мамырда Қазақ КСР Ғылым академиясының 16 ғылыми-зерттеу институтының штаты бекітіліп, онда 1000 адам жұмысқа кіріскен. Олардың ішінде 75 ғылым докторы, 188 ғылым кандидаты болды. Сол уақытта 14 нақты мүшесінің тізімі бекітілген. Олар: Қ.И.Сәтбаев, М.О.Әуезов, А.Б.Бектұров, П.Г.Галузо, М.И.Горяев, А.Қ.Жұбанов, Н.Г.Кассин, С.К.Кеңесбаев, Н.В.Павлов, М.П.Русаков, Н.Т.Сауранбаев, Г.А.Тихов, В.Г.Фесенков, С.В.Юшковтар болатын.

Одан басқа мүше-корреспонденттер 16 адам: Х.К.Аветисян, Н.У.Базанова, А.И.Безсонов, С.Н.Боголюбский, Р.А.Борукаев, А.М.Ғаббасов, Қ.Ж.Жұмалиев, Ә.Х.Марғұлан, А.Ж.Машанов, К.М. Мың­баев, А.П.Полосухин, В.И.Смирнов, А.Н.Сызганов, Н.Н.Удинцев, М.И.Усановичтердің тізімін қаулымен бекіткен және қол қойған Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Д.Оңдасынов және Іс Басқарма басшысы Д.Сырцев болатын.

Бұл уақытта республикада 23 жоғары оқу орындары, 91 техникум және 7735 орта мектеп жұмыс істеген. Ал ресми түрде Қазақстан Ғылым академиясының ашылған салтанатты мәжілісі 1946 жылы 1 маусым күні республикада тарихи күн болды. Ол Қазақ КСР Ғылым академиясының ашылған уақыты еді. Міне, осы салтанатты мәжіліс Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен.

Қазақ КСР Ғылым академия­сының салтанатты ашылуына Кеңес Одағынан және республиканың түкпір-түпкірінен келген қонақтар қатысты. Ең алғаш сөз сөйлеген Нұртас Оңдасынов: «Жолдастар! Біз Сіздермен өте толқулы сәттің үстінде тұрмыз. Қазақстан өзінің Ғылым ордасын құруда. Бұл Ғылым ордасы мәдениет пен ғылымның дамуына жол ашады.

Қазақстан Ғылым ордасын құрғаннан кейін оның Президентін сайлау мәселесі қозғалады. Бұл айтулы оқиға 1946 жылдың 3 шілде күні болған. Ең алдымен, Ғылым академиясының бірінші сессиясын ашық деп жариялап, құрметті КСРО Ғылым академия­сының академигі Г.А.Тиховқа сөз кезегін берген Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Д.Оңдасынов болатын. Мұнда, негізінен, Қазақ КСР Ғылым академиясына Президентін сайлау мәселесі және болашақ атқаратын жұмыс жоспарлары қаралған.

Ғалымдардың басын қосқан алқалы жиында жасырын дауыс беру арқылы бірауыздан қолдау және сенім білдіріліп, бірінші сессиясында Қазақ КСР Ғылым академиясының Президенті болып Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сайланады.
Бұл мәжілісте сөз сөйлеген М.О.Әуезов Ғылым академиясының Президенттігіне түскен Қ.И.Сәтбаевтың қазақ интеллигенциясының арасында беделі зор және танымал ғалым екендігін атай келіп, оның терең білімді, шығарған еңбектерінің көп екендігін, сол себепті осы орынға барлық ғалымдар оны лайықты деп сайлауда дауыс беріп, үлкен сенім білдіргендігін айтқан.
Кейін 3-7 маусым күндері аралығында Үкімет үйінің мәжіліс залында жаңа академияның ең алғашқы жалпы жиналысы, соңынан тұңғыш ғылыми сессиясы өткен-ді.

Осы Қазақ КСР Ғылым академиясының ашылу салтанаты туралы Нұртас Оңдасынов өз естелігінде: «Кеңес Одағы Ғылым академиясының Қазақстанда ғылымды дамыту, ол үшін көрнекті ғылыми кадрлар даярлау, республиканың сан алуан байлықтарын жеңіс мүддесіне толығырақ жұмсауға сіңірген еңбектері өз алдына айрықша әңгіме етуге тұрарлық.
Қазақстан ғылымын басқарған Қаныш Сәтбаев ең алдымен үлкен ғалым еді. Оны бұл дәрежеге жеткізген – оның еңбексүйгіштігі мен ізденімпаздығы. Ешбір табыс өзінен-өзі келмейтінін жақсы білген ғалымның қағидасы – «Бейнетке – береке» болған. Ол алға қойған мақсатына тезірек жету үшін білімді білетіндерден танбай үйренген, үлкен ғалымдарды пір тұтқан, соларға ұқсауға тырысқан. Білмегенін білуге асығу оны дәйім ізденіске әкеліп отырған. Оның барлық әрекет-тірлігі тек күн көру үшін ғана емес, халқына ғылыми жаңалықтар табу жолына бағытталған. Қаныш Сәтбаев жаңалықты жанындай жақсы көретін еді.

Ол Отанымыздың ғылымына өзінің лайықты үлесін қосып кетті. Оның есімі өзіміздің елде ғана емес, көптеген шет елдер ғалымдары арасында кең белгілі болды. Шығыстағы Кеңес рес­публикаларынан бірінші КСРО Ғылым академиясының академигі болды. Бұл қазақ халқына үлкен абырой мен қуаныш әкелді, ғылыммен кеңірек шұғылдануға талпындырды. Сөйтіп, Қ.Сәтбаев кеңес ғылымының аса көрнекті өкілі ретінде тарихтан өзіне тән лайықты орнын алды, халықтың өнегелі перзенті болып ұрпақтар есінде мәңгі сақталады» депті.

Нұртас Оңдасынов – Ғылым академиясының дербес құрылуына бірден-бір атсалысқан адам. Соғыстың жүріп жатқанына қарамай жаңа ғимараттың салынуына қаражат қарастырып, оның іргесі қаланғанда ырымдап: «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп, күміс ақша шашқаны мәлім.
Академик Қ.И.Сәтбаевтың көп қырлы талантының аса жарқын саласы – ғылыми жұмыстардың ұлы ұйымдастырушысы болды. Қаныш Имантайұлы халқына мұра болып қалған қазынаның ең салмақтысы – оның өзі негізін қалап, іргелі парасат ордасы, ұлттық мақтаныш, дәрежесіне жеткізіп кеткен Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясы болып табылады.

Қ.И.Сәтбаев ұйымдастырушылық жұмысқа 1941 жылы шақырылды. Бұған дейін ол Атбасар және Қарсақбай трестерінде геология бөлімінің жетекшісі және бас геолог қызметтерін атқарып, Орталық Қазақстанда көптеген кен көздерін ашып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де жан-жақты айналысып маман ретінде де, адам ретінде де кемелденген болатын.

Ол 1941 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының құрамындағы геологиялық ғылымдар институтының директоры әрі осы филиал төрағасының орынбасары болып сайланды. 1943 жылдан филиалдың төрағасы қызметін атқарды. Сол жылы Қ.И.Сәтбаев геология ғылымын дамытудағы үздік жетістіктер үшін КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал 1946 жылдан толық мүшесі (академик) болып сайланды. Қаныш Имантайұлы сол кезде КСРО-ға кірген күншығыс республикалары халықтары өкілдерінен шыққан тұңғыш академик еді.

Қ.И.Сәтбаев Алматыға қыз­метке шақырылған кезде Қазақстанда Ғылым академиясын құру жөнінде мәселе қойылып, оған дайындық жұмыстары басталып та кеткен. Қаныш Имантайұлы осы жұмыстың бастау көзінде тұрды.
Қазақстанның Ғылым академиясын құру ісінің басы-қасында болған сол кездегі рес­публика үкіметінің басшысы Нұртас Оңдасынов «Тұңғыш Президент» атты естелігінде: «Қ.И.Сәтбаев ғалымдығына қоса шебер ұйымдастырушы жан еді. Басшылық етудің өзіне тән айырмашылықтары мен қиыншылықтары болды. Басшы болу – білгенге мехнат, білмегенге қанағат. Қ.Имантайұлының ұйымдастырушылық қабілеті басқаларда сирек кездесетін құбылыс. Ол бұл қасиетін ғылым басына келгенде бірден көрсетті. Қ.Сәтбаев жаратылысында өте алғыр, көздегеніне жетпей қоймайтын, қайда барса да олжасыз, құр қол қайтпайтын адам еді. Ол академия коллективін жаңа институтпен, жаңа лаборатория­мен, жаңа қондырғымен, сәтті қорғалған диссертациясымен, басқа да базарлықтармен дәйім қуантып отырған» деп жазған.
1946 жылғы 1 маусымда КСРО Ғылым академиясының (қазіргі ҚР Ұлттық ғылым академиясы) ашылуы республика өміріндегі аса көрнекті оқиға болды. Бұл тарихи оқиға Қазақстан ғылымының жаңа сапалық деңгейге шыққанының, маңызды мәселелерді шешуге қабілетті көптеген ғылыми кадрлардың өскенінің, ғылыми-зерттеу мекемелерінің айтарлықтай жүйесі құрылғандығының көрінісі болды.

Академияның алдында үлкен міндеттер тұрды. Мәселен, минералдық қорлар бөлімшесі республиканың табиғи байлықтарын геологиялық тұрғыдан зерттеп, Қазақстанның түсті және қара металлургиясының тау-кен және отын өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз ету міндеттерін шешуге тиісті болды.
1947 жылы наурыз айында Қ.И.Сәтбаев КСРО Жоғарғы Кеңесінің үкімет делегациясы құрамында іссапармен Англияға барды. Мұнда У.Черчилль мен К.Р.Эттлидің қабылдауында болды. Сол жылы 25-31 шілдеде Қазақстан Ғылым академиясы мен КСРО-ның Түсті металлургия министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен Өскемен қаласында өткен «Үлкен Алтайдың» өндіргіш күштерін зерттеу мен игеруге арналған көшпелі сессиясын басқарды.
Қаныш Имантайұлы өмір жолында көп еңбектерді жарыққа шығарды. 1942 жылы Алматыға көшіп келгеннен кейін екі маңызды монографиясы жарық көрді. Олардың біріншісі – «Қазақстан мен Кеңес Одағының мыс құмдары» монографиясы, екінші монографиясы – «Қазақстанда қара металлургияны дамыту мүмкіндіктері туралы», Қазақстанның темір рудасы кен орындарының геологиялық сипаттамасын береді. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өзінің маңызды еңбегі «Жезқазған аумағының кен орындары» деп аталатын көлемді монографиясын аяқтайды. 1942 жылы бұл еңбегі үшін ол Мемлекеттік (сталиндік) екінші дәрежелі сыйлыққа лайық деп танылды. Бұл марапат, шын мәнінде, соғыстың ауыр күндерінде Қазақстанға арзан мыс өндіру арқылы үлкен үлес қосқан Жезқазған кен орнының құрметіне берілген.
Қ.И.Сәтбаев қырықтан астам ғылыми еңбек жазды, олардың бірқатары диссертациялық жұмыс ретінде танылды. 1942 жылдың 17 тамызында Жоғары аттестациялық комиссия оның жұмыстар жиынтығын бағалау негізінде Қаныш Имантайұлына геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін береді. Ғалым минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау сияқ­ты аймақтарға да айрықша назар аударып, олардың кен орындарының стратиграфиясы, тектоникасы, құрылымы, металлогениясы, геохимиясы және пайда болу тегі туралы терең зерттеулер жүргізді. Осы зерттеулері арқылы ол ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешенді әдісін енгізіп, Қазақстанның геологиялық ғылымында жаңа кезеңнің басталуына ықпал етті.

Қаныш Сәтбаев Қазақстан ғалымдары арасындағы ақылшы және тәрбиеші ретінде танылды. Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық және қазақстандық деңгейдегі комиссиялар мен комитеттерде мүшелік және басшылық қызметтер атқарды. Сондай-ақ ол КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитет президиумының мүшесі болды. Оның еңбегі төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері (1958) атанды.

Қорытындылай айтқанда, Қаныш Имантайұлы – 1946-1951 жылдары және 1955-1964 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Президенті қыз­метін атқарған дарынды тұлға. Ірі ғалым. Қазақстан ғылымын дамытып, ғылыми мектеп қалыптастырған үлкен ұстаз болды. Ғалымның Қазақстан табиғат байлығын зерттеуде және оны ел игілігіне жаратуда еңбегі өте зор болды. Жалпы, Қаныш Имантайұлының атқарған еңбегі әлемдік деңгейде танылды.

Қанат ЕҢСЕНОВ,
Мемлекет тарихы
институтының жетекші
ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының
кандидаты, қауымдастырылған профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button