Басты ақпаратРуханият

Қайраткер туралы жыр

Кейбір әуел бастан кеңінен пішіліп, молынан тігілген, таудың жартасындай тұтас жаратылып, жан-жағына жылу сәуле таратып жүретін жандар болады. Сондай адамның бірі – Арқаның Ақтоғайында туып-өскен Қайырбек Сәдуақасов ағамыз. Арғы аталары – Абылай ханға жас та болса бата берген Өтеміс би. Батаға ырза болған Абылай жорықтан қайтқанда «әлі үйленбеген екенсіз» деп олжаның алдын, Қантбике сұлуды биге тартады. Олардан тараған Шабанбай бидің жасөспірім Жанқұттыға берген: «Аллаға жағам десең азанды бол, ағайынға жағам десең қазанды бол. Айналаң суат болсын, сөзің еліңе қуат болсын. Көнтерлігің қара жердей болсын, бәрімізді көтеретін. Тазалығың ағын судай болсын, кірімізді кетіретін. Құдайым сені құлым десін, халқым сені ұлым десін» деген сөзі бүгінгі күні де «ел қамын жейтін ер болам!» деген әрбір қазақ жасына арналғандай естіледі…

Алты жасынан бәйгеге шауып, тоғыз жасында ұры түсірген, құс пен ұсақ аңдарға тұзақ, ірілеріне қақпан құрып, түзден олжа тауып үйренген, ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген хас шебер, есейе келе ескіше хат танып, құран сүрелерін жатқа айтып отыратын әкесі Изатбек көрген адамның көзі сүйсінетін небір керемет бұйымды жасағанда баласы Қайырбекке өз білгенін үйретіп қана қоймай, он бір жасынан жылқының түнгі кезегіне жұмсап, өз бетімен бытыра жасап, оқ-дәрі мен патрон әзірлеп, мылтық асынып, орман-тау аралап, аңшылық жасауға да ерік береді. Міне, осындай адамша тәлімді тәрбиенің, балапанын желді күні ұшыратын қыранша қатал баулудың қайталанбас мектебінен өткен бозбала қалайша «он бесінде бас» болмайды, қалайша «отау иесі болуға» дайын тұрмайды? Қайыр­бек 1960 жылы Ақтоғайдағы ығай мен сығайлар жиналған жалғыз орыс орта мектебін алтын медальмен бітіргенде, ерекше үлгідегі аттестат кешігіп келеді-дағы, аудандық байланыс бөлімінде техник болып істейді. Жазда Мәскеудің әйгілі энергетика институтына құжат тапсырғанымен, бес пәннен 24 балл жинап, конкурстан өте алмай қалады. Күтпеген соққыдан есеңгіремесе де намыс­танған ол Қарағандыдағы «Гипроуглегормаш» ҒЗИ-ға лаборант болып орналасады. Күзде 17 жасар Қайырбек Сталиннің есімі барлық жерден ауыстырылады дегенді естіген бойда қаладағы Сталин көшесі мен қазақ театрына Сәкен Сейфуллиннің атын беру жайлы өтініш жазып, оған 400-ден астам студенттер мен шахтерларға қол қойғызып, қалалық атқару комитетіне тіркетеді. Билік басты көшені қимаса да, театрға Сәкеннің атын береді. Бүгінгі балалардан бұндай ерлік жасағандар бар ма екен?..

Содан бір ай өткенде, 7 қарашада Қайырбек өзінің бесінші кластан бергі бала ғашығына, мединституттың 1-курс студенті, ауылдас қызға үйленеді. Жазға дейін мектепте мұғалім болып істеген Қайырбек университетке оқуға түскен күні Ақмарал деген тұңғышын өмірге әкелген Аман сұлу да бір жылдан соң Алматыға аттанады, Қазақ педагогика институтына оқуға түседі. Аты ауданда аңызға айналған екі жас енді Қытай азаттық армиясының полковнигі болған, аурушаң әйелі, ата-енесі, төрт баласы бар ұйғыр кісінің кең үйінің екі бөлмесін жалдап тұрады. Бәрі өте тату-тәтті, сыйластықпен бес жыл ғұмыр кешеді. Жігіттің сұлтанына төрт қыз, екі ұл сыйлаған Аман ару жетпіс жыл сүйгенімен бірге бақытты өмір сүрді. Оқуын бітірген екеуі, университет басшылығының Қайырбекке «аспирантурада қал» дегеніне қарамай, Ақтоғайға оралады.
Азаттық – басты тілеуде,
Қажетсіз қорған, тіреу де.
Жазала мені, Жаратқан,
Тәуелді болсам біреуге.
Жаманмен өтем белдесе.
Дайынмын тағдыр жерлесе,
Егер де бір күн қолымнан
Жақсылық жасау келмесе.
Бұл – Қайырбектің үлкен өмірге қадам басқан кезде өзіне берген серті. Өте ерте есейген, ойлы, білімді, кіммен болсын терезесі тең адамдай сөйлесетін, өзі студент кезде-ақ танысып, араласқан көп жақсының бірі, Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіріп келген, Ақтоғайдағы жаңа мектептің директоры Тиышбек Қадырбаев Қайырбекті өзінің орынбасары етіп қабылдайды.
Үш жыл өтпей, өмірдің арнасы бұның еркінен тыс күрт өзгерді, алдымен аудандық оқу бөлімінің инспекторы, екі жылдан соң аудандық партия комитетінің лекторлар тобының жетекшісі болып істеді. Елтану, жертану, адамтану тәрізді еш жерде оқытпайтын пәндерді игерумен болды, ақсақалдармен де, жастармен де араласты, үлкен өмір мектебінен өтті. Аупарткомның білдей үгіт-насихат бөлімін басқаруға кірісті.

Кеңес өкіметінің бір жақсы жері – бастамашыл, тындырымды мамандарды өсіріп отырудың тиімді жүйесі жасалған-тұғын. 1976 жылы әйгілі Ұлытау мен атақты Қарсақпай кіретін Жезді ауданына идеология бойынша хатшы етіп жіберілді. Орда бұзар отыз бен қынсыз қылыштың арасы, Қайырбектің құлашын барынша сермей қимылдаған, ең бір жемісті шағы еді ол. Жездінің әрбір тау мен тасын біліп алдым десе болады. Барған бойда аудандық газеттің редакциясын іздедім. Мұның алдындағы басшылар оның қайда екенін сұрамаған да екен. Ахаң айтқан «халықтың көзі, құлағы һәм үнінің» жұмысын жолға қойды.

Идеология жұмысы қалай жүргізілуі керек деген бағытта тұжырымдама жасады, ауданның үгіт бригадасы республикалық байқауда бірінші орын алды. Әсіресе, Жездіде Ұлы Отан соғысы құрбандарына арнап орнатылған ерекше ескерткішті айтсаңызшы. Қаза болғандардың бәрінің аты атап көрсетілді. Р.Рождественскийдің «Реквием» поэмасындағы «Вспомним всех поименно, горем вспомним своим… Это нужно – не мертвым! Это надо – живым!» деген өлең жолдарын да өзі қазақшаға аударды, ол тасқа қашап жазылды:
«Аза тұтып, еске алайық,
Аты өшпесін бірінің!
Бұл – өлгендер тілегі емес,
Бұл – парызы тірінің!»
Өлең емес, ұран дерсің…
Қайрекең Жезқазған, Қарағанды облыстарында жұмыс істеген жылдары Жезқазған қаласы, Атасу кентінде С.Сейфуллиннің, Ақтоғайда Алаштың үш арысы – Ә.Бөкейхан, Ж.Ақпаев және Ә.Ермековтің мемориалды ескерткіштері орнатылды. Қазақтардың бүкіл дүниежүзілік І құрылтайының Жезқазған облысындағы күндері, 3 рет қатарынан республикалық, халықаралық театр фестивалі өткізілді. Жас таланттарды таныту үшін «Байқоңыр даусы» (оған арнап өзі ән шығарды), «Ұлытау үні» байқаулары өткізіліп тұрды, энциклопедиялар жарық көрді. Сол кезде басталған ақпан айындағы республикалық айтыс дәстүрге айналды, бүгінге дейін өткізіліп келеді.
Қайрекең өзі «басты ісім» деп білген Алаша хан мен Жошы ханның мазарларын қалпына келтірумен он үш жыл бойына үзбей айналысты, академик О.Смағұлов пен Е.Хорош бастаған мамандар екі жыл бойы тынбай жұмыс істеді. Сол кезде Үкімет басшысының орынбасары болған Иманғали Тасмағамбетов 60 млн теңге бөлдірді. Жошы хан кесенесінің күмбезін де, оған қажет глазурь жағылған тақтайшаларды да Қайрекең екі рет Петербургтен ұшақпен алып келген еді. 1993 жылы Қ.Сәдуақасовтың ұйымдастыруымен Әлихан Бөкейхановтың, Әлімхан Ермековтің, Жақып Ақбаевтың ұрпақтарын түгел жинап, ғылыми конференция өткізді. Осы конференцияда отандық ғалымдар Алаш қозғалысы, оның басшыларының тағдыры жайында алғаш рет ашық пікірлері мен көпшілікке беймәлім деректерді ортаға салды. Қайрекең өзі Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев туралы үш кітапша шығарып таратты.
Әлихан атамыздың ұрпағын тауып алып, елге таныс­тырған да Қ.Сәдуақасов болатын. Аталған конференцияға Әлиханның Үкітайынан (Сергей) туған Евгенийдің табаны қазақ топырағына тұңғыш рет тиді. Ол Петр деген әлі үйленбеген жалғыз баласымен келді. Евгений – өзі әрі тарихшы, әрі байланысшы, техника ғылымының кандидаты, Мәскеуде тұрады. Бір ғажабы, Қайрекең Жошы бабасының басына арнайы апарған соң Евгений өмірінде тұңғыш рет өлеңдер және керемет өлеңдер жазды. Қайрекең оны әдемілеп қазақшаға аударды.

Қ.Сәдуақасовтың облыс­тық тіл басқармасына басшы болған, Жезқазған қалалық кеңесіне «Қазақмыстың» құдіретті басшысы Т.Урумовты жеңіп депутат болған кезде 49 көшеге қазақтың айтулы азаматтарының атын бергізгені, облыстық өлкетану музейін аштырғаны, оның аудандардағы филиалдарын құрып, кейін аяққа тұрғанда Мәдениет министрлігінен рұқсат сұрап әуре болмас үшін облыс­тық мәдениет басқармасының шешімімен жеке музей бекітіп беріп отырған тапқырлығы, оларға бір күнде 19 қызметтік көлік бөлдірген қайраткерлігі, Жездіде әлемде тұңғыш «Тау­-кен және балқыту ісінің тарихы» музейін ашуы – өз алдына бөлек әңгіме. Көп ұсынысының ішінен Жарық стансасына Сәкеннің атын қайтару туралы ұсынысы өтпей жатқаны жанына қатты бататын Қайрекең:
Мен де өтемін өмірден Әлемді ойлап,
Әлеміме жас буын әзер бойлап.
Ұғымдысы ұрпақтың тәуап етер,
Өткен сайын тұсымнан әлем байлап, – деп, өз сертінде тұра білгенін, ендігі қалғаны келер ұрпақтың мойнына аманат екенін айтып, болашаққа үмітпен қарайды…

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button