Білім

Ерекше кезеңде қызмет атқарды

Биыл – Астана қаласы мәслихатының құрылғанына 30 жыл. Елорданың ғана емес, еліміздің барлық мәслихатына үлгі болып отырған Астана қалалық мәслихат депутаттары өз міндетін қаланы дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын бекіту арқылы орындап жүр. Елге қызметті абыроймен атқарған халық қалаулылары аз емес. Соның бірі – мәслихаттың 1999-2004, 2016-2021 жылдарда Астана қаласы мәслихатының II, VI шақырылымының депутаты болған білікті педагог, №17 мектеп-гимназия директоры, педагогика ғылымдарының магистрі, қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Рамзия Өмірбаева.

Елге қызмет – абыройлы міндет

Рамзия Фаатқызы – ел астанасы оңтүстіктен Сарыарқа төріне қоныстанған кезде елорданың білім саласын көтеруге атсалысқан алғашқылардың бірі. Мектеп директоры, білім беру саласының үздігі, құрметті қызметкері Рамзия Өмірбаеваның өмірлік ұстанымы берік, мақсаты айқын. Ол елордалық мектепте заманауи білім беруді қолдап, онда баланың өзі білім алуға ұмтылып, өзін-өзі дамытуға, әртүрлі салада өз күшін сынап көруге қызығушылық танытуы үшін жағдай жасау жолында қыруар жұмыс атқарған жан. 30 жылдан астам мектеп директоры қызметін атқарған ол оқу ордасы құрылуының қиын да күрделі кезеңінде, ұжымның қалыптасуы шағында, жеңісті де қуанышты сәтінде басы-қасында болды. Осыншама жүкті абыроймен атқарған ол – алысты болжай білетін көреген, объективті пікірін ашық айтатын, әділ, іскер басшы, заманауи педагогиканы меңгерген мобильді педагог ретінде танымал тұлға.
Рамзия Фаатқызының іскерлік қабілеті оның кәсіби қызметінде қалыптасты. Ол 1999-2004, 2016-2021 жылдарда Астана қаласы мәслихатының II, VI шақырылымының депутаты болды. ІІ шақырылымдағы мәслихат бір ерекше кезең – елорданың көшіп келіп жатқан жауапты кезеңі еді деп еске алады Рамзия Өмірбаева.

– Депутаттық қызмет – бұл көп ойлануды керек ететін үлкен жұмыс, мерейлі міндет. Нәтижесі жалпы қалаға ғана емес, адамдардың өміріне де әсер ететін жауапты жұмыс. Халық қалаулылары қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды, ардагерлерді, мүгедектерді, толық емес және көпбалалы отбасыларды, жетім балаларды қорғайтын атаулы әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуге міндеттейді, – дейді ол бізбен кездескен кезінде.
Депутат ретінде Рамзия ­Фаатқызы азаматтарды қабылдап, ұйымдардардағы ­проблемалық мәселелерді шешуге көмектесті, сайлаушылармен, еңбек ұжымдарымен, аумақтық өзін-өзі басқару өкілдерімен жиі кездесті, бірлескен акцияларға, жергілікті жерлердегі қиын өмірлік жағдайларды қарауға қатысты.
Рамзия Фаатқызы сайлау­шылардың өтініш-тілектерін орындай отырып, адамдарды қала өмірін жақсартуға қатысуға, өзін-өзі басқаруды дамытуға, биік азаматтық позиция ұстануға шақырды. Елорданың өзекті мәселелерін шешуге өз ұсыныстарын жеткізіп жүрді. Өзінің қызмет түрі, білімі және ортасы бойынша әлеуметтік салаға интеграцияланған ол адамдармен жұмыс істеуге әрқашан мүдделі болатын. Адамдарға қиын сәтте көмектесу, қолтығынан демеу – бұл Рамзия Фаатқызының жаратылысынан бойына біткен қасиет.

Әйел – отбасы мен Отан ұйытқысы

– Өз отбасын және елін қорғауға қабілетті саясаткер – адамдардың пікірлерін тыңдау арқылы ортақ істерге ұмтылатын тұлға. Елдегі бейбітшілік пен ұлттың денсаулығын ойлаған депутат мәдениетті көтеру мен қауіпсіздікпен қамтамасыз ету жолында балалар мен көмекке зәру қарттарды ұмытпайды, бұл мақсатта жаңа, тың қадам жасайды және қазірдің өзінде жасалғанды қорғайды, сонымен бірге саясаткер әйел өмірді жалғайды, өсіп-өнуді өркендете түседі. Өйткені бұл басқаның емес, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген әйел-­саясаткердің ғана қолынан келуі мүмкін, – деп ақтарылды Рамзия Фаатқызы.

Отан алдындағы қалтқысыз қызметі үшін, білім мен ғылымға сіңірген еңбегі үшін Р.Өмірбаева алғыс хаттармен, медальдармен, «Құрмет» орденімен марапатталған. Француз Республикасы Ұлттық білім министрінің ұсынысы бойынша және 2022 жылғы 12 шілдедегі қаулысымен Р.Өмірбаева Қазақстанда француз тілін оқытуды қолдау мен дамытуға сіңірген еңбегі үшін, сондай-ақ франко-қазақстандық білім беру ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін Академиялық Пальмалар Орденінің Кавалері атағына ие болды. Академиялық Пальма ордені 1808 жылы император Наполеон I құрған Франциядағы ең көне азаматтық сыйлық екенін ескерсек, Рамзия Фаатқызы еңбегінің елеулі екенін аңғаруға болады.

Білікті педагог, іскер басшы, белсенді депутат, халық қалаулысы Рамзия Фаатқызы қоғамдағы, әлеуметтік саладағы оң өзгерістермен бірге адамдар да жақсы жағына қарай өзгеретініне қуанады.

– Қоғамдағы жақсы өзге­рістер, игі амалдардың әсері мол. Осы арқылы азаматтардың өзіне деген сенімі ұлғайып, болашаққа ұмтылысы күшейе түседі. Сондықтан да өмірім босқа өткен жоқ, депутат, мектеп басшысы, адам ретінде талай абыройлы істі атқардым, әлі де ғұмырым жеткенше осы бағыттағы игі жұмыстарымды жалғастыра беремін, – дейді Рамзия Өмірбаева.
Ол адамдарға қол созып, өміріне айрықша әсер еткен жылдарын осылайша еске алады. Шын мәнінде көмектесе алғанын осылай мақтанышпен жеткізеді, өйткені халықтың сенімінен шығу – абыройлы міндет.

Рамзия Фаатқызы алдағы уақытта да саяси бәйгеде елінің ертеңін, балаларымыздың болашағын ойлайтын нағыз халық қалаулыларының бәсі басым боларына сенімі мол. Додада іріктелген азаматтар мәслихат мінберіне сай мемлекетшіл, Әділетті Қазақстанның нағыз патриоттары болады деген үкілі үміті бар. Ал халықтың қолдауына ие болған Президенттің тағдыршешті қадамдарын жүзеге асыруға аянбай атсалысу – баршамыз­дың міндетіміз.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button