Денсаулық

Адам жанының арашасы

Қай жерің ауырса, жаның сол жерде тұрады, бұл ретте аяқ-қолың сау, көздерің көрсе «Екі көзің – шырағың, екі аяғың – пырағың» дейтін үлкендердің айтқанының дұрыстығына көз жеткізесің. Аурудың қай-қайсысы да жақсы емес, әсіресе, жүріп-тұратын тірек-қимыл функциясының бұзылуы адамға көп қиындық келтіреді. Жарақаттану барлық жастағы адамдардың денсаулығы мен өміріне өте қауіпті. Жыл сайын әлемде әртүрлі жарақаттардың салдарынан 5 млн адам көз жұмады екен, бұл шамамен, жалпы өлім санының 9 пайызын құрайды. Көбінесе адамдар өзінің бейғамдығы мен абайсыздығы немесе біреудің қылмыстық немқұрайдылығы мен жауапсыздығынан жарақат алады, мүгедек болып қалады, өмірінен айырылады. Біз осы ретте Астана қалалық №4 емхананың жоғарғы санатты травматолог-ортопед дәрігері Бейбіт Алиакпаровқа бірнеше сауал қойған едік.

– Бейбіт Сабетұлы, адамдар қандай шағыммен көп келеді? Көбіне қандай жарақаттар көп кездеседі?
– Жыл бойы бізге адамдар түрлі жарақаттармен келеді. Соның ішінде орта жастағы жұмыс істеп жүрген тұрғындар түрлі шағыммен қабылдауымда болады. Әсіресе, күз бен қыс уақытында, сондай-ақ қыстың көктемге ұласқан кезінде өкпек жел, омбылаған қар мен көктайғақта, көбіне үлкен кісілерге, жасы ұлғайған адамдардың жүруі қиындап, тайғанақтап, қол-аяғын сындырып, жарақаттанған жандар көбейетіні рас.

– Жарақаттанушылықтың негізгі себебі осы ма?
– Маман ретінде негізгі себебі деп адамдардың дұрыс аяқ киім кимеуін айтар едім. Өйткені аяқ киімнің дұрыс болуы – адамдардың денсаулығына ерекше әсер етеді. Бұрынғы көксегеніміз емес, бірақ айтуымыз керек, бұрын ортопедиялық табанға ыңғайлы аяқ киімдер ортақ стандарттарға сай сатылымға шығарылатын, арнайы мамандардың тексеруінен өтіп, аяқ киім сапасы бақыланатын. Кішкентай бүлдіршін тәй-тәй басып жүрген кезінен-ақ осындай ортопедиялық аяқ киімді кисе, ол баланы болашақта «майтабан» болудан сақтайды. Ондай сапалы аяқ киімдер тайғанақ болмайды, кедір-бұдыры аяқ табандарына өте пайдалы болатын. Аяқ киім ыстық кезде терлемейтін сапалы болса, күз бен қыста тайғанамайтын жақсы материалдан жасалған болса, адамдарды көп қиындықтан аман сақтап қалары сөзсіз.
Сосын өндірістегі жарақат деген бұрын көп болды. Қазір бұл азайды, соңғы уақытта көбіне тұрмыстағы жарақаттанушылық басым болып келеді. Жарақаттанушылықтың 2-3 пайызы жол-көлік оқиғаларына қатысты болады. Оларды жедел жәрдеммен стационарлық емге, травматологқа бірден апарады. Рентгенге түсіп, жарақат деңгейі анықталғасын жергілікті емханадағы травматолог дәрігер әрі қарай емдеуді жалғастырады. Жалпы, жарақаттанушылық дегенде, әсіресе, қолды сындырғандар, сосын аяғын сындырып алғандар көп келеді. Аяғынан жарақаттанғандардың көбісі 80 пайызынан астамы тобығын шығарып алып келеді, мамандар оларға жедел көмек көрсетеді, қалған ем емханада жалғасады.
– Жарақат жасына қарай жазылады деген ұғым бар. Осы қаншалықты рас?
– Ол рас. Сынған жер адамның жасына қарай бітеді. Нау­қастың денсаулығына орай, иммунитетіне қарай бітетіні де шындық. Сондай-ақ дәрігер берген ем-домды уақтылы қалай сақтауына да көп нәрсе байланысты. Дер кезінде емделіп, бақылау мақсатында уақтылы рентгенге түсіп, дәрігердің айтқандарын бұлжытпай орындаса, гипсті ұстау мерзімін сақтаса, жарақаттанған жер қиындықсыз жазылады деп айта аламын.
– Жарақаттанушылықтың алдын алу мүмкін бе?
– Алдын алуға, әрине, болады. Қыс уақытында жаңа айтып өткенімдей, дұрыс аяқ киім киіп, өзі жүретін бағытын алдын ала айқындап алып, нақты мақсатпен қозғалса, проблема болмайды. Жолдан өтерде бағдаршамның жасылы жанып тұрса да екі жаққа мұқият қарап, анық көзі жеткенде ғана қарсы бетке қауіпсіз өткені жөн. Өйткені қазір қозғалыс құралдары, көліктер көшеде жиі кездеседі. Мопед, самокат, велосипед, тағы басқа жылдамдықты асырған құралдар көп. Абайламаса, аяқ астынан жарақаттанып қалуыңыз әбден мүмкін. Жалпы, адамның денсаулығы өзіне тікелей қатысты. 90 пайыз жағдай адамның өзін-өзі қорғап, сақтанып жүруіне байланысты, тек қана он пайызы ғана дәрігерлердің қарауына қатысы бар.
– Сіз осы салада қанша жыл жұмыс істейсіз?
– Мен травматолог маман ретінде 37 жылдан бері адамдарды емдеумен айналысып келемін. Ерейментау ауданының тумасымын, туған жерім осы Ақмола облысында. Целиноград медициналық университетін оқып бітіргесін осы салада Павлодарда 30 жыл жұмыс істедім. 5 жыл ауруханада травмпунктте, 20 жыл стационарда, 10 жыл экстремалды травматологияда жұмыс істедім, түрлі оталарды жасадым. Біліктілігім жоғары, түрлі оталар жасаудан лицензияларым бар. Жасым елуден асқасын, қан қысымы жоғарылай беретіндіктен, қызметімді қалалық емханада жалғастыруды жөн көрдім. Осы емханада 5 жылдан бері травматолог-ортопед дәрігер ретінде науқастарды қараймын. Жарақаттанумен бірге адамдардың созылмалы немесе қосарлана ауыратын науқастарын да дәрігер жете білуі тиіс. Осы ретте ота жасаған кездегі біліктілік, алған білім, тәжірибе көп көмектеседі. Мысалы, қант диабеті немесе қан қысымының жоғары болуы, қалқанша безіне қатысты аурулар жарақаттың жазылу-жазылмауына тікелей әсер етеді. Дұрыс тамақтанып, дұрыс ұйықтап, демалмаған адам, созылмалы ауруын емдемеген науқастың жарақат алған жері оңайлықпен жазыла қоймайды. Осыны ерекше ескерген ләзім.
– Жарақаттанған адам күннің райына орай сырқырап ауыратыны рас па? Аяқ-қол тірек функциясы бұзылған науқастарды емдеу жолдары қандай?
– Иә. Жас келген сайын бұрынғы жарақаттардың орны сырқырап, буындары ауруы әбден мүмкін. Артроз, артрит, тағы басқа аурулар қозады, ауырған жерге тұз жиналып, шеміршектеніп, сары су жиналып, буындар сырқырай бастайды. Мұндай науқастарды аппаратпен әбден зерттеп, базылап, «Сізге протез жасау қажет, қазір протез жасауға жарамды денсаулығыңыз ертең жарамсыз болып қалуы кәдік, сондықтан жүріп-тұруыңызға көмектесетін протезді шұғыл жасауыңыз қажет, отаны дер кезінде жасамаса, кейін кеш болады» деп үнемі кеңес береміз. Жамбас буынын тотальді эндопротездеу, тағы басқа оталар жоғары білікті мамандардың арқасында жүзеге асады.
– Травматолог дәрігердің басқадан басты ерекшелігі неде деп есептейсіз?
– Терапевт дәрігерлерге қарағанда біз шұғыл әрекетке, жедел ем жасауға әрекеттеніп үйренгенбіз, шешімді шұғыл қабылдап, науқастың жағдайын жақсартуға барымызды саламыз. Қолы сынған адамға ма, аяғы сынған адамға алғашқы көмекті кімге беруіміз керек дегенде ауруын анықтайтын таңғыштарды жедел айқындап, байлаймыз, сосын ауырсынуды басатын дәрілерді егеміз, науқасқа шұғыл көмек көрсетеміз. Егер басқа қауіпті ауруы анықталған жағдайда тез арада жедел жәрдем шақырып, басқа ауруханаға жөнелтілуін қадағалап, бірінші көмекті жедел көрсетеміз. Минуттар, секундтар саналған сын шақта дәрігердің шапшаң қимылы, білігі қаншама адамды өлімнен аман алып қалып, ауруының әрі қарай жазылуына тікелей әсер ететінін сеніммен айта аламын. Оперативтілік, жеделдік – басты қаруымыз. Жедел әрекетке өміріміз үйренгендігі соншалықты, үйде де тамақты асығып ішеміз үнемі. Науқасты жедел қарап үйренгенбіз. Жедел жәрдеммен келген жанға бірінші көмекті беруге мүдделіміз, сондықтан, әріптестерімнің еңбегі қандай да құрметке лайықты деп есептеймін.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button