Басты ақпаратҚоғам

Халық жұмыстың нақты нәтижесін көруі керек

Жуырда Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен, Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтің қатысуымен Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев отырысты аша отырып, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы халық арасында үлкен қолдауға ие болғанын айтты. «Үкіметтің негізгі міндеті – таяу келешекте аталған міндеттерді іске асыру; өңірлерге бөлінетін қаражаттардың жеткілікті көлемі; қажетті шешімдерді жылдам қабылдау. Халық бүгін аталған тапсырмалардың орындалуын күтпеуі керек, халық атқарылған жұмыстың нәтижесін көруі керек» деді ол.
ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ә.Исекешев Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет қызметінің басты басымдығы ретінде қазақстандықтардың әл-ауқатын анықтағанын еске салды. Ол екі құрамдауыштан тұрады: халық кірісінің өсімі мен әлеуметтік қызметтер сапасынан, өмір сүруге жайлы орта мен қауіпсіздіктен тұратын өмір сапасының артуы. Бұдан өзге, Президент қыс мезгіліне, егін жинау науқанына, азық-түлік өнімдері мен көмір бағасының негізсіз өсу жағдайына және қоғамдық-саяси жағдайдан көрінетін қазақстандықтардың көңіл күйіне қатысты басқа да мәселелерді бақылауда ұстайтын болады.
Өз кезегінде Үкімет мүшелері Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру жөніндегі жоспарлары туралы баяндады. Мәселен, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есеге өсіп, 28 мың теңгеден 42,5 мың теңгеге көбейеді. Мұның нәтижесінде 1,3 млн азаматтың еңбекақысы өседі. Бұған қоса, 275 мың азаматтық қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға ұлғаяды. Бұл – білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова Мемлекет басшысының ең төмен жалақы мөлшерін 1,5 есеге өсіру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңының жобасына тиісті өзгерістер енгізілетінін айтты. «Ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесі өзгеретін болады, ол ең төменгі күнкөріс деңгейімен қабыспайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметкердің еңбекақысы өседі. Олар үшін жалақы өсімі орта есеппен 35 пайызды құрайды» деді М.Әбілқасымова. Бұдан өзге, ең төменгі жалақының артуына байланысты жұмыспен қамтылған халықтың салық жүктемесі азайып, барлық жалдамалы жұмыскерлердің табысынан салықтық шегерімдер ұлғаяды. 6 млн-нан астам жалдамалы қызметкердің салық жүктемесі төмендетіледі. Жалпы алғанда, ең төменгі жалақының өсуі экономиканың барлық секторларында төмен жалақы алатын 1,3 млн адамның еңбекақысының өсуіне әкеледі.
Алдағы уақытта Мемлекет басшысының Жолдауын өңірлерде түсіндіру жұмыстары басталады. Бұған қоса, 20 қазанға дейін Жолдауды ақпараттық қолдау мақсатында Үкімет мүшелерінің басшылығымен мемлекеттік органдардың және түрлі ұйымдардың өкілдерінен тұратын республикалық ақпараттық топтар өңірлерге сапарға шығады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button