Әлеумет

«Халықтық ІРО» бағдарламасына қалай қатысуға болады?

Сіздің «Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша акциялар сатып алу ниетіңіз болса, бірнеше қарапайым қадам жасау ғана жеткілікті.

Бірінші қадам. Брокерлік компанияны таңдап алыңыз 

Алдымен брокерлік компаниямен (брокермен) шарт жасасу керек.

Биржада бағалы қағаздардың саудасын тек арнайы лицензиясы бар брокер арқылы ғана жүргізуге болады.

Брокерді таңдаған кезде оның тәжірибесін, комиссия шамасын, клиенттерге арналған қосымша шарттарды ескеру дұрыс болады. Белсенді брокерлік компаниялардың тізімін Қазақстанның қор биржасының сайтынан www.kase.kz таба аласыз.

Сіз кез келген уақытта брокерлік компанияны ауыстыра аласыз. Инвестордың қаражаты мен бағалы қағаздары құжатсыз нысанда Орталық депозитарийдегі шотта сақталады.

Екінші қадам. Брокермен шарт жасасыңыз 

Брокерлік қызмет көрсету туралы шарт жасасу үшін жеке куәлік (паспорт) және СТН қажет. Брокерлік компаниялардың көбі Алматы қаласында орналасқан. Бірақ еліміздің кез келген аймағында брокерлік қызмет көрсететін «Қазпочта» АҚ бөлімшесіне бара аласыз, сонымен қатар ол өз тарапынан трансфер-агент болып табылып, басқа брокерлік компаниялармен шарт жасасуға көмектесе алады.

Трансфер-агент лицензиясы сондай-ақ «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ-да да бар.

Трансфер-агент – бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы. Ол инвесторлар мен брокерлер болып табылатын өз клиенттері арасында құжаттарды (ақпаратты) қабылдау және тапсыру бойынша қызмет көрсетеді.

Үшінші қадам. Орталық депозитарийдегі шотыңызға ақша салыңыз

Шарттың негізінде брокер Сіз үшін Орталық депозитарийде шот ашады. Акцияларды сатып алу үшін ол шотқа теңгемен ақша аударуыңыз керек. Оны кез келген банкте немесе «Қазпочта» АҚ бөлімшесінде жүзеге асыруға болады.

Төртінші қадам. Брокерге бұйрық беріңіз

Орталық депозитарийдегі шотқа ақша түскеннен кейін Сіз брокерге немесе трансфер-агентке («Қазпочта» АҚ, «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ) акцияларды сатып алуға бұйрық бере аласыз, онда қажетті мәліметтер: сатып алынатын бағалы қағаздардың түрі, саны, бағасы көрсетіледі.

Сіз ол бұйрыққа қол қойып, брокерге тапсыруыңыз керек. Мәміле аяқталғаннан кейін брокер Сізге ол туралы хабарлайды.

Инвестордың шығындары қандай?

«Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша акцияларды сатып алған кезде Сіз брокерге (трансфер-агентке) комиссиялық төлем жасайсыз. Ол сатып алған бағалы қағаздардың жалпы сомасына қарай есептеледі. Әр түрлі брокерлік компаниялардың алатын комиссия шамасы әр түрлі.

Мысалы, «Қазпочта» АҚ-да ол мәміле сомасынан 0,05% құрайды, бірақ айлық есептік көрсеткіштің (МРП) жартысынан кем болмауы тиіс. Қазіргі уақытта ол 809 (сегіз жүз тоғыз) теңге болып табылады.

Мысалы, Сіз «Қазпочта» АҚ арқылы жалпы сомасы 500 000 (бес жүз мың) теңгеге акция сатып алдыңыз дейік. Брокер комиссияның ең төмен шамасын алады, ол бүгінгі күні 809 теңгені құрайды. Егер Сіз акцияларды 2 000 000 (екі миллион) теңгеге сатып алатын болсаңыз, онда брокерлік комиссия 1 000 (бір мың) теңгені құрайды.

Егер Сіз «Халықтық ІРО» барысында сатып алған акцияларды биржада сатып жіберу туралы шешім қабылдасаңыз, биржаның комиссиялық төлемін төлеуіңіз керек. Оның шамасы да мәміле сомасына байланысты. Бір миллион теңгеден аз сомаға акция сатып алынған жағдайда биржалық алым 100 теңгені құрайды, бір миллионнан үш миллионға дейін – 150 теңгені, үш миллионнан бес миллионға дейін – 200 теңгені, ал бес миллионнан жоғары болса – мәміле шамасының 0,01% құрайтын болады.

Брокер мен биржа комиссиясын инвесторлар акцияларды сатып алған кезде де, сатқан кезде де әрбір мәміледен төлейді.

«Халықтық IPO» қатысу және акцияларды сатып алу туралы шешімді жауапкершілікпен, жақсылап ойланып қабылдау керек. Бағалы қағаздарға инвестициялау тәуекелмен тікелей байланысты. Егер Сізде Бағдарлама жөнінде сұрақтар туындаса, 8 800 080 50 70 «жедел желі» телефоны бойынша хабарласып, кеңес ала аласыз (Алматы қаласы үшін – 8 (727) 250 70 00). Қоңырау тегін.

www.halyk-ipo.kz ресми веб-сайтындағы ақпаратпен танысыңыз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button