Басты ақпарат

Инвестиция және бизнес: «Көше саудасы: 1000 орын»

Astana TV арнасының Elorda live бағдарламасында әр аптаның дүйсенбісі күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін неғұрылым көкейтесті тақырыптар көтеріліп, көпшілік өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап ала алады. Бұл жолы бағдарламаға қатысушы «Астана» ӘӘК» АҚ басқарушы директоры Халел Әкімжанов инвестиция және бизнес тақырыбында ой өрбітті.

– Халел Рақымұлы, хош келдіңіз! Бүгін біз корпорацияның кәсіпкерлікті қолдауғажәне дамытуға арналған танымал бағдарламаларының бірі – «Көше саудасы: 1000 орын» бағ­дарламасы туралы әңгіме қозғайтын боламыз. Бұл қандай бағдарлама және бүгінгі күні жеткен жетістігі қандай?
– Бұл өңірлік шағын кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы болып табылады. Шағын кәсіпкерлікті дамытуда көше саудасы маңыз­ды деп санаймын. Жергілікті атқарушы биліктің көше саудасына көзқарасы әртүрлі: бірі оған қолдау көрсетсе, енді бірі оған қарсы күреседі. «Көше саудасы: 1000 орын» бағдарламасы 2017 жылы іске қосылды. Оның басты мақсаты – астанадағы көше саудасының бәрін жаңа заманның талабына бейімдеу. Бұл рес­публикадағы қанатқақты жоба болатын. Енді екі жыл өткеннен кейін аталған бағдарлама өз жемісін берді деп нақты айта аламыз. Кәсіпкерлердің оған деген сұранысы жоғары. Ең басты жетістік – жер учаскесін ашық, таза және түсінікті әдіспен жалға беру механизімін қалыптастыруға қол жеткізгендігіміз. Бүгінде кәсіпкер өзінің шағын ісін ашып, кейін оны ұлғайтқаны жөнінде мысалдар аз емес. Осы бағдарламаның арқасында әлеуметтік осал топ өкілдері өздерінің бизнестерінжүргізіп, әлеуметтік және материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Осы бағдарлама шеңберінде бүгінде 600-ден астам субъект жұмыс істеп жатыр. Жыл сайын 800-900 өтініштер түседі. Қазақстан Үкіметі бағдарламаға жоғары баға берді.

Негізгі бағыт – азық-түлік саудасы

– Көше саудасы дегеніміз не? Ол бойынша нақты не сатуға болады?
– Оның белгілі бағыттары, санаттары бар: тұрғындарды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, жеміс-жидек, көкөніс, сондай-ақ кез келген қала инфрақұрылымының ажырамас бөлігі – фастфуд, т. б. Астана жылдам өсіп келе жатқандықтан тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін ескерсек, аталған бағдарламаның өзектілігі ерекше.
– «Көше саудасы: 1000 орын» бағдарламасы бойынша үйімнің жанынан жеміс-жидек павильонын ашайын деп едім. Менің павильоныма коммуникация қалай жүргізіледі және ол қанша тұрады?– Бүгінде бағдарламаға жер учаскесін енгізу тәсілін өзгерттік. Бастапқыда бағдарламаның жүргізу үшін жер учаскелерін әкімдіктің өкілетті органы бөлетін. Бұл жерде мына нәрсені ашып айтқан жөн, мемлекеттік орган әр кезде бизнестің дамуы үшін не керек екенін түсіне бермейді. Ендігі кезде кәсіпкерлердің өздері қандайда бір жер учаскесін бағдарламаға енгізуді ұсынады, ал мемлекеттік органдар барлық нормативтік-құқықтық базаны саралай келе бұл ұсыныстың заңды-заңсыздығын айқындайды.
«Астана» ӘӘК өз тарапынан кәсіпкердің техникалық шартын алуға барлық жағдайды жасайды, бірақ павильонды кәсіпкер өз күшімен іске қосады. Өйткені жер учаскесін бағдарламаға енгізуге кәсіпкердің өзі мүдделі, сондықтан барлық тәуекелдер, коммуникацияны қосу шығындары кәсіпкердің өзіне жүктеледі.

Жеңілдік те қарастырылған

– «Көше саудасы: 1000 орын» бағдарламасына әлеуметтік осал топ өкілдерінің қатысуы қарастырылған. Оған қатысудың нақты қандай шарттары барын айтып жіберсеңіз…
– Біз бүгінгі күнге дейін Нұр-­Сұлтан қаласының «Атамекен» кәсіпкерлердің өңірлік палатасымен көп жұмыстар атқардық. Олармен әлеуметтік кәсіпкерлікке қанша уақыт көмектесу керек екенін талқыладық, әлеуметтік осал топ өкілдерінің бизнеспен айналысуына жыл сайын квота бөліп тұруға шешім шығардық. Қазір 15 жер учаскесіне квота беріледі, енді оны 30-ға жеткізуді қарастырып жатырмыз.
– Бағдарламаның механизмінде электронды аукцион өткізу мүмкіндігі бар екені айтылады. Сол жайында түсіндіріп берсеңіз.
– Бұл жерде біз бірнеше мақсат қойдық: процестің мөлдірлігін және учаскелерді бөлудің айқын механизмдерін қамтамасыз ету үшін жер учаскелерін аукцион арқылы сатуға шешім шығардық. Бастапқыда аукцион өткізу үшін адамдар үлкен залға жиналатын, сондай-ақ оған конкурсқа қатысушы кәсіпкерлердің өзі немесе сенімді өкілдерінің болуы міндеттеледі. Қазір аукцион электронды түрде өтеді. Оның артықшылығы – кәсіпкер жер учаскесін үйде отырып та ала береді. Яғни бастапқы өтінішті тапсыру, сосын аукцион өткендігі туралы электронды хаттамаға қол қойылады. Кәсіпкер соның негізінде жұмыс істей береді.
– Мен «Көше саудасы: 1000 орын» бағдарламасы бойынша аукционға қатысқам, бірақ оны басқа адам жеңіп алды. Аукционда көп ақша ұсынған адам жеңіп кетті. Мүмкін көп ақшасы жоқ, бірақ кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін біз сияқты адамдар үшін қандайда бір көмектер бар шығар?
– Бірінші айтарым, кәсіпкерлер осындай бағдарламаларға ұдайы қатысып тұруы керек. Өткен аптада бізде аукцион өтті, оның бастапқы бағасы 126 мың теңге. Павильон 12 ш.м, сол бойынша 14 адам 126 мың -140 мың теңге айналасында шарттарға қол жеткізді. Бұл «Астана» ӘӘК-ның жер учаскелерін рәсімдеуге кеткен шығындары. Әрине, ерекше қызығушылық тудыратын жер учаскелері де бар. Олар, әдетте, астананы орталығында орналасқан. Сондай-ақ бастапқы бағасынан онша қымбат емес учаскелер де аукционға көптеп қойылады.

Өтініштер онлайн режимде қабылданады

– Бағдарламаға қатысу үшін өтініштерді онлайн беруге бола ма?
– Әлбетте, бізде қазір өтініш­тердің бәрі тек онлайн қабылданады. Жер учаскесін бағдарламаға енгізу туралы өтініштер IQala порталына жолданады. Ал аукционға қатысуға тіркелу мемлекеттік тіркелім порталында жүргізіледі.
– IQala қандай жоба, оның артықшылықтары қандай?
– IQala – бұл тұрғындардың өмір сүру қолайлылығын арттыру үшін қалалық қызметтердің бәрін «бір терезе» принципінде біріктіретін жоба. Бүгінде 77 қалалық қызметтер осы орталықта көрсетіледі. Енді жыл соңына дейін көрсетілетін қызметтер түрін 77-ден 140-қа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Ол тұрғындардың қысқа уақытта қызмет алуына септігін тигізеді.
– Сауықтыру кешендері фитнес орталықтарға қарағанда қолжетімді болуы тиіс. Ұлттың саулығы – бәрінен қымбат! Өйткені абонемент сатып алуға елдің бәрінің жағдайы жете бермейді.
– Бүгінгі күні қала бойынша 4 денешынықтыру-сауықтыру кешеннің жобасы әзірленіп жатыр. Оларда спорттық жаттығулар жасайтын тренажер залдарынан басқа, адамдар өзара қарым-­қатынас жүргізетін орталығын және әртүрлі жастағы адамдарға арналған үйірмелер, зейнет жасындағы адамдар үшін демалыс орталықтарын ашу ойластырылған.
– Сіздерде қандай әлеуметтік жобалар бар және келесі жылға қандай жобалар жоспарланған?
– «Астана» ӘӘК бүгін бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде жылы аялдама павильондарын орнату. Елордада қазіргі күні ӘӘК желісі бойынша инвесторларды қатыстыра отырып, 17 павильон орнатылды. Ол қалалық бюджетті үнемдейді әрі тұрғындардың жүріп-тұруының қолайлылығын қамтамасыз етеді. Әр павильон 10-12 млн теңгені үнемдейді, бұл жағдайда инвестор бизнес жүргізуге мүмкіндік алады. Аялдама павильонында коммерция­лық алаң қарастырылған. Жылы павильондар тұрғындардан сұрау ең көп түскен жерлерге орнатылады.
Қазіргі күні «Астана» ӘӘК желісі бойынша ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар үшін оңалту орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ инклюзивті балабақша салынуда. Жалпы «Астана» ӘӘК-ның инвестициялық портфелінде 100-ден астам жоба бар. Біз тек қана әлеуметтік жобаларды ғана емес, қаланы дамытуға арналған барлық жобаларға қолдау көрсетуге әзірміз.

Сауда жасаушыға талап бар

– Мобильді кофейнялар кімге қарайды және осындай нүктелерді қалай ашуға болады? Ондай машиналар кез келген жерге тоқтап, қызмет көрсете бере ме? Менің өз көлігімді соған ыңғайлап жасап алуыма бола ма? Жалпы, мобильді кофейняларға қойылатын талаптар қандай?
– Біз қалалық әкімдікке «Көше саудасы: 1000 орын» бағдарламасы аясында жылжымалы сауда бойынша өз ұсынысымызды жолдадық. Бүгінгі Сауда туралы заңда жергілікті атқарушы билік жылжымалы сауданы қай жерде жүргізуге болатынын анықтайды деп қысқа ғана айтылған. Сөйте тұра, көше саудасына, көліктің оған сай жабдықталуына, стандартына, санитарлық талаптарына байланысты кеңестеріміз, ұсыныстарымыз бар. Саудагер өзінен не талап етілетінін нақты білуі тиіс. Кез келген адам көшеде көлігін тоқтатып, сауда жасай беруге болмайтынын түсінуі керек.
– Тұрғылықты емес бөлмелерді әлеуметтік жобалар үшін жалға алуға болады деп естідім. Біз әлеуметтік осал топ санатындағы адамдардың құқын қорғайтын қоғамдық бірлестікпіз. Осы бағдарламаға қалай қатысуға болатынын айтыңызшы.
– Қала әкімдігінің ұйғарымымен осындай жобаларды жүзеге асыру үшін тұрғылықты емес бөлмелер «Астана» ӘӘК-қа берілген. Біз ай сайын түрлі, қызықты, ірі жобалар бойынша өтініштерді қабылдаймыз. Оның ішінде шахмат клубтары, Отбасына қолдау көрсету орталығы, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету орталығы, т. б. бар. Аталған жобаларға қатысу үшін «Астана» ӘӘК-қа өтініш жазуыңыз керек, біз өтініш берушіге жан-жақты көмек көрсетеміз.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button