Басты ақпарат

Инвестициялар көлемі үш есеге өсті

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) алаңында шетелдік елшілермен өткен кездесуде елорда әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсімге қол жеткізіп, негізгі капиталға салынған инвестиция­лар көлемінің 3 есеге өскенін мәлімдеді. Осы басқосуда елордамыздағы дипло­матиялық корпустың өкілдеріне АХҚО-ның халықаралық арбитраж орталығы, экспат орталығы, инвестиция тартуға жасалған қолайлы жағдайлар, ынтымақтастықтың келешектегі бағыт-бағдарлары туралы айтылды.АХҚО-ның басқарушысы ­Қайрат Келімбетов Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЭКСПО-қала­шық­тың инфрақұрылымын АХҚО-ға беру жөніндегі шешімінің арқасында осы жерде АХҚО, IT Hub және IT University жұмыс істейтінін атап айтты. «АХҚО ағылшын құқына негізделгендіктен ерекше реттеу тәртібін қолданады. Сондай-ақ бізде тәуелсіз реттеуші органдар және арнайы тәуелсіз сот бар, әлемдік нарықтар үшін халық­аралық алаң құрылуда. Бүгінге дейін 180 млн АҚШ долларынан аса сомаға инвестиция­лар тартылды» деп түсіндірді Қ.Келімбетов.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов ел басшылығының инвестиция тартуға ерекше көңіл бөліп отыр­­ғанына тоқталды. «Біз инвесторларға барынша аса қолайлы жағдай туғызуға ұмтыламыз. Мысалға, әкімшілік реттеу жеңілдетілді, бизнес жүргізу шығындары қысқарды, қаланың цифрлық архитектурасы қалыптасып келеді. Цифрлық архитектураны қолдану аясында қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қызмет түрлері электрондық форматпен ұсынылады. Бізде әлеуметтік және экономикалық мәселелерді оң шешуге мүмкіндік беретін цифрлық технологияларды қолданудың табысты үлгілері бар. Бұған мысал ретінде smart-білім беруді, smart-медицинаны, open data-ны, Smart Astana мобильді қосымшасын, е-ПИК-ті келтіруге болады» деді қала басшысы.
Бас қаланы іскерлік және оқиғалық туризмнің халықаралық орталығы деп атауға толық негіз бар екені атап айтылды. Сонымен қатар, кешенді түрде шешуді талап ететін бірқатар мәселелер бар. Қала әкімдігі елорданың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірледі. Кездесу барысында дипло­матиялық корпус өкілдері табысты ынтымақтастықтың маңыз­дылығын қадап айтты. Әкімдік, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы мен Француз Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Францияның инвестициясы есебінен жекеменшік мектеп салу жобасын іске асыруға келісті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button