Басты ақпарат

«Кәсіпкер ана» жобасының мүмкіндіктері мол

Астана ТВ арнасының Elorda LIVE бағдарламасына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина елорда халқын жұмыспен қамтамасыз ету, әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша сұрақтарға жауап берді.159 мың адамға – әлеуметтік көмек

– Елорда халқының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Сәйкесінше әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қамтамасыз етіп, әлеу­меттік қолдау бағытында жасалатын жеңілдіктер де көбейді. Бұған бюджеттен әжептәуір қаражат қарас­тырылған. Жыл сайын осы мақсатта бюджеттен қанша қаражат бөлінеді, биыл осы бағытта бөлінген қаражат көлемі қандай?
– 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік қолдау аясында 159 мың адам қамтылды, оның ішінде 25 мыңы – мүмкіндігі шектеулі жандар, 80 мыңы – зейнеткерлер, сондай ақ көпбалалы отбасынан шыққандар бар. Тұтастай алғанда, 11 млрд теңге қаражат бөлінді.
– Бұл былтырғымен салыстырғанда көбейді деген сөз ғой…
– Иә, бұл көрсеткіш былтырғыдан жоғары.
– Сонда қаншаға көбейіп отыр?
– Былтырғымен салыстыр­ғанда 2 млрд теңгеге көбейіп отыр.
– Әлеуметтік осал топтарға қандай тегін қызметтер ұсынылады?
– Жалпы алғанда, елорда азаматтарының әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударылады, соның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар тегін жол жүру құқығына ие, тегін жолақымен қамтамасыз етілген. Биыл атау­лы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілді. Аз қамтылған отбасылар мемлекеттен әлеу­меттік көмек алады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қайта қалпына келтіру, яғни реабилитациялық ем тегін жүргізіледі. Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту басқармасы арқылы мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балаларға қызмет көрсету қарастырылған, әсіресе, үкіметтік емес ұйым­дар «Орда», «Асыл мирас», т. б. өмірде кездесетін әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созып, көмек көрсетеді. Сондай-ақ айта кететін жайт, естіп, бәлкім, көрген де шығарсыздар, жаз айында Нұр-Сұлтанда «Жанұя» отбасылық орталығы ашылды.

«Жанұяның» көмегі көп

– Менің есімім Зухра, мынадай сұрағым бар еді. Отбасыларды қолдау орталығы ашылды, бұл қандай орталық, немен айналысады? Жуырда кү­йеуіммен ажырастым, қиын жағдайдамын, орталықта психологтар жұмыс істей ме, олардан тегін кеңес алуға бола ма?
– «Жанұя» отбасылық орталығы биыл тамыз айында ашылған болатын, жас отбасылардың әртүрлі мәселелерін шешуге бағытталған орталықта заңгерге, кәсіби психологқа жүгіне аласыз, әр адаммен жеке жұмыс жүргізіледі. Әлеуметтік қызмет те алуға болады. Яғни адам біздің орталыққа келген бойда 70-тей мемлекеттік қызмет түрін алуға мүмкіндігі бар. Тамыз айынан бері біздің орталық арқылы 6 мыңнан астам отбасы кеңес алды, оның ішінде 3200 отбасының мәселесі оң шешілді, егер біздің орталыққа келсеңіз, міндетті түрде қолдау не көмек аласыз деп ойлаймын.
– Сонда адам сіздің орталыққа келген кезде өзімен бірге қандай да болсын құжат ала келу керек пе, жалпы, қабылдау процесі қалай жүреді?
– Бұл үшін орталықтың координаторларына хабарласыңыз, сол жерде мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, денсаулық сақтау, білім беру салаларының мамандарына жолыға аласыз. Сонымен бірге біздің орталықта «Кәсіпкер ана» жобасы жұмыс істейді, көптеген кеңес жүргізілді. Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы жас аналарға өз кәсібін жүргізу бойынша кеңестер береді, сіз де жолығып, бизнес саласында өзіңіздің қабілетіңізді байқап көруіңізге болады.

Тағы да АӘК туралы…

– Атаулы әлеуметтік көмек туралы қозғап өттік. Нұр-Сұлтан қаласында әлеу­меттік аз қамтылған отбасылар саны қанша және олар атаулы әлеуметтік көмектен өзге тағы қандай көмектер алады?
– Нұр-Сұлтан қаласында 8 мыңнан астам адам АӘК алады. Жұмыспен қамту бөлімі көрсететін қызметке келсек, білімі жоқ, атаулы көмек алатын адамдар қысқамерзімдік курстарға жіберілді. Олар курсты бітіргеннен кейін де жұмысқа орналасуына мүдделілік танытамыз. АӘК алатын отбасылар көмек алып, одан әрі өз бетінше әрекет етіп, жұмысқа орналасады. Одан бөлек, жоғарыда айтып өткендей, Нұр-Сұлтан қаласы аумағында қоғамдық көлікпен тегін жүре алады. Биыл Нұр-Сұлтан қалалық мәслихат депутаттарының шешімімен жеңілдік қарас­тырылып, мүмкіндігі шектеулі адамдардың, 16 жасқа дейінгі балалардың қасында еріп жүретін олардың туыс­тарына да тегін жүру қарас­тырылды. Сонымен бірге қатты отын сатып алуға берілетін жәрдемақшаның көлемі өсті, яғни жеке тұрғын үйде тұратындар үшін қаралған көмек 8-ден 16 АЕК-ке дейін көтерілді. Қатты отын алуға бөлінетін ақшаның көлемі 40400 теңгені құрайды.
– Қаңтар айынан бастап АӘК жаңаша тәсілмен беріледі деп естідім. Оған қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар енгізілді ме?
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК-ке қатыс­ты жаңа «Алтын алқаға» ие көпбалалы отбасылар, бұрын арнайы мемлекеттік көмек алғандар, төрт не одан да көп баласы барлар автоматты түрде отбасының кірісін есепке алмастан әлеуметтік көмек алатын болады. Төрт және одан көп баласы барлар әр бала үшін 10504 теңге көмек алады. Атаулы әлеуметтік көмекте кіріс есептеледі.

Елордада слесарь мен сантехник жетіспейді

– Жаңа жұмысқа орналасу туралы айттық, бүгінде қалада қанша жұмыссыз адам бар? Барлық категориядағы адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесі қалай шешілуде?
– Нұр-Сұлтан қаласында жұмыссыздық деңгейі жалпы еліміз бойынша көш басында тұр деуге болады. Статистикалық көрсеткіштерге қарағанда, 25571 адам жұмыссыз. Жұмыспен қамту орталығына 17 мың адам келген, қазіргі таңда 13 мың адам жұмыссыз ретінде қамтылған, бұдан әрі қандай белсенді іс-шаралар қабылдау керектігін қарастырып жатырмыз. Біз қоғамдық жұмыстарға тартамыз, жастар практикасына жібереміз, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы кәсіпкерлер палатасымен бірігіп жұмыс істейді, жұмыс берушілермен байланыс орнатылған. Биыл жұмыспен қамтудың мобильді орталығы ашылды, Кәсіпкерлер палатасы алаңында біздің қызметкерлердің көмегімен жиі кездесу ұйым­дастырылып, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру бо­йынша мәселелер көтеріледі.
– Елордада бүгінгі таңда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары болып отыр?
– Елорда еңбек нарығында менеджерлер, денсаулық сақтау саласының мамандары, слесарь, сантехник, жобалаушылар мен инженерлер жоғары сұранысқа ие.
– Мемлекеттің жұмыссыз азаматтарды оқыту шығындарын өз мойнына алатын бағдарламалары бар, яғни кейбір азаматтар осындай жеңілдікке ие болады, бірақ оқымайды, жұмысқа орналаспайды. Жасалған көмек айдалаға кетеді, ондай жағдай бола ма?
– Бұл – күрделі сұрақ. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы қысқамерзімдік курстарға жолдама береді, жұмыспен қамту орталығы жанынан мобильді топ құ­рылған, бұлар сол курста оқы­ған азаматтардың одан әрі жұмыспен қамтылуын қадағалайды. Практикадан өту барысында жұмыс берушілерге жұмысшы ұсыну мүмкіндігі бар. Жақсы жұмыскер барлық жерге керек. Егер жұмыс берушілер жұмысқа алу туралы ұсыныс білдірмесе, біз жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналасуды өз мойнымызға аламыз.

Тұрғын үй мәселесі кезекпен шешіледі

– «Берекелі баспана» бо­йынша пәтер алғым келеді. Көпбалалы ана ретінде баспана кезегіне тұрмау себебім – ол жерде кезекте тұрғандар өте көп. Осы «Берекелі баспана» бойынша кезекке тұрғандар саны қанша және қандай құжаттар жинау керектігі туралы ақпарат бере аласыз ба? Қайда бару керек?
– Елордада баспанаға мұқтаж азаматтар тізімінде 47577 адам кезекте тұр. Көпбалалы аналар кезегінде 3997 адам бар. 1-6 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қоры «көпбалалы аналар» категориясы бойынша құжаттар қабылдады. Бұл категорияға ұсынылған пәтерлердің жалпы саны – 249 пәтер, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында конкурстан өткендер жаңа қоныстарының кілтін алады. Сондай ақ әкімдіктің Тұрғын үй қоры желтоқсанның үшінші декадасында құжаттар қабылдауды бастайды, сіз Қош­қарбаев көшесіндегі №39 үйге барып, құжаттарыңызды тапсыруыңызға болады.
– Мүгедек балалары бар аналар өздерінің үй кезегі жылжымайтынына шағымданады. Көбіне жағдайы төмендерге назар аударылады, ал мүгедек бала асырап отырғандарға көңіл бөлінбейді дейді. Бүгінгі таңда мүгедек баласы бар кезекте тұрған аналардың саны қанша? Олардың кезегі неге жылжымайды, мұны шешуге болмай ма?
– Жоғарыда айтқанымыз­дай, тұрғын үйге кезекте тұрушылар саны – 47577. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар кезегінде 2031 адам бар. Келер жылы тұрғын үй құрылысы үш есеге ұлғайтылады деп күтілуде. Баспананы бөлу арнайы кезекке сай жүргізілуде, бәрі де кезегімен, тәртіппен. Біз комиссия құрамына қоғамдық кеңес мүшелерін, мәслихат депутаттарын кіргіздік, баспана сол адамның кезегі бойынша қамтамасыз етіледі. Бұрынғыдай емес, Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үй құрылысы ұлғайтылды, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Сейдірұлы бұл мәселемен тікелей өзі айналысып жатыр, бәрі бақылауда. Өткен жылы барлық категория бойынша 7804 пәтер тапсырылды.
– Инватаксиге қатысты сауал көп. Жетіспейді дейді…
– Нұр-Сұлтан қаласы бо­йынша 36 арнайы көлік бар. Тірек-қимыл аппараттары зақымданған, зағип, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер үшін инватакси қызметі жыл сайын көбейтілуде, биыл 12 автомашина қосылды. Алдағы жылы тағы 10 көлікке көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Дайындаған Жадыра ШАМҰРАТОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button