Басты ақпарат

КАСПИЙДЕГІ КИКІЛЖІҢ

Соңғы айларда маза кеткен оңтүстіктегі шекара бекеттеріндегі оқиғалар басты назарда болып, өзге жаңалықтар санамызға сына салып кіре қоймағаны рас. Бірақ өткен аптада енді батыс жаққа да бет бұратын оқиға орын алған сияқты. Түркіменстан мен Әзірбайжан ертедегі жер дауын, дәлірек айтсақ,  түркіменше «Сердар», әзірбайжанша «Қәпәз» деген кеніштің мәселесін тағы қоздырып, Каспий теңізіндегі ертеректегі «нан бөлістің» жай-жапсарын қайта еске түсіруге тура келді. Қазақстан үшін Каспий қайраңдарының экономикалық маңызы айтпаса да түсінікті. 

«МАЙЛЫ ЖІЛІКТІҢ» МӘСЕЛЕСІ

Түркіменстан мен Әзірбайжан арасындағы текетіреске жиырма жылдан бері себеп болған аталмыш кен орны осы елдердің территориялық суларының қақ ортасында орналасқан. Кезінде «Қазан төңкерісінің 50 жылдығы» деген атпен белгілі кеніш, одақ ыдырағаннан кейін түркіменше «Сердар», әзерише «Қәпәз» боп шыға келді. Ақыры осы кеніш – этникалық тұрғыдан болса да бауырлас елдердің арасына жік салып тынды. Айталық, 2001 жылы осы және басқа да кен орындарының дауы Түркіменстанның Әзірбайжандағы Елшілігінің жабылуына дейін әкелді. Бұған дейін де аталмыш даулы кеніштерді игеру ісінде екі мемлекеттің бірі-бірінің әрекеттеріне вето қойып, тап бастырмай қойғандары бар еді. Ал енді, өткен аптада түркімендік ғылыми-зерттеу мақсатындағы кемесін әзірбайжандық теңіз патрулі тоқтатқаны – дауға жаңа дем беріп отыр.

Жалпы «Сердар» әлде «Қәпәз» кен орнының қоры – әскер көтеріп, қайрат көрсетуге тұрарлық деуге болады: мамандардың пікірінше, онда 50-ден 100 млн тоннаға дейін мұнай, 32 млрд текше метр газ бар. Бірақ кеніштің заңдық статусы бұлыңғыр болғандықтан, ресейлік ЛУКОЙЛ да (түркімендер атынан), америкалық Mobil де (әзірбайжандар атынан) түрен салуға бата алмай, әліптің артын бағып отыр.

ЖАППАЙ ҚАРУЛАНУДЫҢ ЖАҢА КЕЙПІ

Әрине, Каспий әлемдік деңгейде тек аймақтық мәртебеге ие. Бірақ онда үлесі бар Қазақстан үшін – стратегиялық маңыздағы нысан. Ал, стратегия жүрген жерде – қазақша мәтелдің өңін айналдырсақ, «қару-жарақ қаңғырламай тұрмайды».

Сөз жоқ, Каспийдегі бірден-бір күшті әскери держава – Ресей. Ресейдің Петр I «Еуропаға терезе ашқаннан» бергі теңіз-жиһанкездік тарихына төрт құбыласында түгел суы жоқ Қазақстанның, немесе түркімендердің әлеуетін қарсы қойып салыстыру әрекетінің өзі сөлекет болар еді. Бірақ Ресейді, дөрекі айтсақ, Каспийден «аларын алып болды» деуге болады. Ендеше, екінші орында кім? Иран ба?

Міне, осы жерде «қырғи-қабақ соғыс» тарихының әуесқойларына қызықты жәйттерге кезігеміз. Себебі, «Каспийдегі екінші мықты – Иран» дей қою ендігәрі қиын. Алысқа бармай-ақ, АҚШ-тық журналист, Кавказ, Орта Азия мен Таяу Шығыстағы қауіпсіздікке маманданған Джошуа Кучердің мәліметтеріне жүгінеміз:

«Ашхабад өткен жылы Каспийге «Ғайратлы» және «Едермен» атты екі катер түсірді. Олардың әрқайсысы 16 кемежойғыш зымыранмен жабдықталған. Иранның Каспийде ондай қауқары жоқ екенін ескерсек, Түркіменстан аймақта Ресейден кейін ең мықты флот иесі боп шығады». Автор қазіргі кезде «линкорлық флоттың заманы» (флоттағы күштіліктің көрсеткіші ретінде – кеме саны мен олардың от беру қабілетін молайту) өткенімен, «бұл жәйт Түркіменстанның теңіз дауында ештеңеден аянып қалмайтынын көрсетеді»  дейді. Шынымен, қазіргі заманғы теңіз қақтығысында авиацияны және орта, алыс қашықтықтағы зымырандарды есептен шығаруға болмайды. Ол жағынан түркімендерді тап сол Ираннан күшті деу өтірік болар еді. Бірақ тактикалық болса да қарудың көбеюі – бәрібір мазасыздықты білдірмей ме?

Джошуа Кучер бұған қоса, дипломатиялық құпия хаттарды жариялаумен аты шыққан атышулы Wikileaks сайтының 2007 жылдың маусымындағы хабарламалардың бірін келтіреді. Хабарламада Түркіменстан президенті Бердымухамедов, сол кездегі АҚШ Орталық Штабының  басшысы адмирал Уиллиам Фаллонмен кездесуі кезінде, одан «АҚШ-тың Түркіменстанға «мықты қару» беру (сату? – Е.О.) мүмкіндігін қарастыруын» өтінгені айтылған. Ендеше,  Каспий қайраңындағы байлықты қорғау мәселесі, бұл істе есебі түгел Ресейді есептемегенде, аймақтағы қалған төрт елді жаппай қаруланудың «сара жолына» итермелеу қаупі бар.

 КАСПИЙДІҢ «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МАЗМҰНЫ»

Каспий бассейнін бөлу саясатында Қазақстан өз әлеуетін ескеріп, мүмкіндігі мен қарымына сай келетін ұстанымдарда болды деуге болады. Сыртқы саясатқа көбірек жақын бұл істе Қазақстан көрші Ресей мен Әзірбайжанмен бірге болды.

Қазақстан-Ресей-Әзірбайжаннан тұратын каспийлік альянстың ұсынысы бойынша, теңіз барлық елдерден бірдей қашықтықта жатқан сызық бойына дейін бөлінуі керек. «Арба сынбай, өгіз өлмейтін» бұл нұсқаны ең ұтымды деуге болады, «ешкім де шелпексіз қалмайды». Бірақ бұған Иран мен Түркіменстан қарсы. Олар не дейді?

Иран теңізді тура бес бөлікке тең бөліп алуды ұсынады. Бала-шағаға қарбыз бөлу кезіндегі әділеттілікті еске түсіретін бұл жоспар жүзеге асса, Иранға теңіздің 20 пайызы тиеді. Тигенде, ашық баспасөз көздері «Иран Каспийдегі үлесін өзіне өзі әлдеқашан белгілеп алған, теңіздің қалған бөлігінде шаруасы шамалы» дейді.

Түркімендер болса, барлық жағалаудан бірдей қашықтықтағы нүктелерді ендік бойымен анықтап бөлсек дейді.

Енді үш нұсқаны да Каспийдің картасына салсақ келесідей бейне пайда болады. Қазақстан-Ресей-Әзірбайжан нұсқасы – Ираннан және Түркіменстаннан біраз жер «жеп» қалады. Ирандық жоспар болса, Әзірбайжан мен Түркіменстанға тиімсіз. Ал, бөлістің түркімендік нұсқасы – Иран мен Әзірбайжанның тақиясына тар келіп тұр.

Бұл жерде Қазақстан үшін барлық нұсқа да тиімді. Тиімді болғанда, әйтеуір бардан айрылу қаупі жоқ. Бірақ Каспий теңізі айналасындағы оқиғалар бізді де айбалтаны жақын жерде ұстауға мәжбүрлейтіндей.

Айталық, кезінде Каспий ойынында, аймақ бойынша, тіпті, қатысы жоқ Грузияға дейін белсенділік танытқан. Сарапшылар Грузияны «ірі инвесторларға өз аумағында орналасқан Тбилиси-Джейхан, Баку-Супса мұнай құбырларын ең сенімді маршрут етіп көрсетуге тырысып, Каспийдегі жыртыстан бірдеңе қармап қалмаққа талпынды»,– дейді. Шынымен, мұнайды алу бар да, оны жеткізу мәселесі тағы бар ғой. Бұған қоса, сол кездерде ГУУАМ деген (Грузия-Украина-Өзбекстан-Әзірбайжан-Молдова) әскери-саяси ұйымның болғанын тағы білеміз. Эдуард Шеварднадзенің ықпалымен құрылды делінетін бұл ұйымның теңіз бөлісіне тікелей қатысы бар. Бірақ ең болмаса транспорттық дәліз бере алмайтын Өзбекстан бұл ұйымда не істеп жүрді? Қарап тұрсақ, саудаға салар жері болмаса да, ең болмаса аймақта әскери-саяси құйтырқы әрекеттер арқылы Каспийден бірдеңе дәметкен елдер көп-ақ.

Қазір Каспийдің қазақстандық мұнайы ресейдің Новороссийск бағытында айдалып жатыр. Баку-Тбилиси-Джейхан бағытына да қарайлап жүрміз. «Көңіл тоқ, қай жеңгенің менікі» деген саясат ұстануға болады-ақ. Бірақ жер дауы қашан да өзінің өңі айналып шығатын құйтырқылығымен белгілі. Әрі бұл «тыныштық» үшін біз сыртқы саясатта Ресейге біраз мәселеде жеңілдік жасап жүргенімізді мойындау керек. Мәңгі дос жоқ та, мүдде бары рас болса, қалыптасқан ахуал Қазақстанға өзінің ұлттық флотын күшейткен үстіне күшейтіп,  соңғы кездері жақсы үрдіске айналған суға жаңа кеме түсіру әрекеттерін жалғастыруды міндеттеп тұрған сияқты. Сірә, қылышты қойынға, қорамсақты басқа жастап, бір көзіңді ашып ұйықтау қай заманда да өзекті болып қала беретінге ұқсайды.

Ерлан ОСПАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button