Руханият

Көбелек қанатынан шыққан дыбыс

Өтіп бара жатқан жылы 30 жасында қазақ поэзиясы аспанында жұлдыздай ағып өткен аса көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл толды. Ақынның тойы ел аумағынан асып, Қарақалпақстанда, Мәскеуде тойланды. Төлегеннің құрдасы, лирика шебері Сабырхан Асанов есімі, өкінішке қарай, елене қоймады. Ал биыл алпыстың асқарына шыққан, жырлары қазіргі жас буынға үлгі Есенғали Раушановтың мерейтойы Астанадан басталып, Маңғыстауда қорытындыланды. Алғашқы рет өткен «Рух» байқауы әдеби өмірде жаңалық болды. Бұл байқаудың «Поэзия: топтама өлеңдер» аталымында Ықылас Ожайұлының аты озып келді. Астанада жастар арасында ұйымдастырылған бірнеше мүшәйрада Рауан Қабидолдин топ жарды. Біз өткен ғасырдың алпысыншы жылдары өлең өлкесіне келген ақындар мен қазіргі буын арасындағы сабақтастық тінін үзбей, биылғы мерейтой иелері мен осы жылғы ақындық додалар жеңімпаздарының жырларын жариялауды жөн көрдік.

Төлеген АЙБЕРГЕНОВ

Перзент жыры

Сен менің мәңгілікке өлмес атым,
Атымды ап алыс жылға
жалғасатын.
Әкеде өсиет бар өмір жайлы,
Балада қасиет бар алға асатын.

Сен менің ұшар басым биіктеген,
Жолыңа тапқанымды үйіп-төгем.
Сен менің дүрсілдеген жүрегімсің,
Қай нәрсе сол жүректен
сүйікті екен?

Сен мені өскен сайын ойландырып,
Заңдарын табиғаттың ойға алдырып.
Бір қадам басқан сайын өзің мені,
Барасың шежіреге айналдырып…

Сабырхан АСАНОВ

Жыл жаңа, келе жатқан
жылым жаңа,
Арналар оған әнім, жырым жаңа.
Бұл жылдың басқа жылдан орны бөлек,
Болса да жаңа жылдар бұрында да.

Жыл жаңа, келе жатқан
жылым жаңа,
Айтылар оған ойым, сырым жаңа.
Бұл күні байқағанға жаңалық бар,
Орманды ойымда да, қырымда да.

Жыл жаңа, келе жатқан
жылым жаңа,
Шашылар оған шуақ, нұрым жаңа.
Тып-тыныш ұйқым жаңа,
күлкім жаңа,
Таппайсың бір ескіні ырымға да.

Тау жаңа, бау да жаңа – бәрі жаңа,
Атқан таң, батқан кештің
әрі жаңа.
Төсінен жаңа армандар ұшырады,
Қашаннан сұлық жатқан кәрі дала.
Осының бәрі – бәрін көріп тұрған,
Көңілім әрі бала, әрі дана.

Есенғали РАУШАНОВ

Жаңа жылдағы ескі өлең

Керім қыс. Тайғақ демей табан
астың,
Келеді ала қашқың, жағаласқың.
Әжесі арқалаған ақ баладай,
Мойнында бір уыс қар қара ағаштың.

Тағы да таудан асып таң келеді,
Таң келіп сәнденеді, бәлденеді.
Ескі әндей (қайырмасы есіңде жоқ),
Жадыңа салғысы кеп әлденені.

Паналап қу жапырақты
торғай қонды.
Бұл оған қамқа сары тондай болды.
Қысса да тоңбайды енді қырық
күн аяз,
(Шын батыр өлген соң да
қорғайды елді).

Жазғырма қыс дейтұғын
«кәрі қуды»,
Жұтқандай тазармақ боп
тағы да уды,
Мұз шайнап, қар түкіріп
қабарып тұр,
Кім айтты оп-оңай деп Арылуды.

Жаңа жыл. Жаңа буын. Жаңа дәуір.
Біз ғой ол – жаңармайтын
қара бауыр.
Сондай бір кер кезеңге
келіп тұрмын.
Сырты бүтін, ал іші ала дауыл.
Сіз ше?

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ

         Өлең

«Айқай салып, аласартпа
шындықты…»
(Жұмекен)
Айқай мен ұрандардан
тамағы іскен,
Обал деп… Ойламады-ау,
өлеңді ешкім.
Көбіктен сөз қайнатқан сол маңайға
Мырс етіп, күлемін де қоям іштен.

Әуезі әулиемен болған туыс,
Ой деген – ол ғарыштан ұшқан
сыбыс,
Мысалы, дүниені көбелек те
Қара өлең…
Сол көбелек қанатынан
Дірілдеп дүниеге шыққан дыбыс.

Қиялдың мұны сезген заңғарлығы,
Маңдайдың осы емес пе жанғандығы.
Қара өлең… сол әуездің сөзге
айналып,
Мөлт етіп қаламсапқа тамған түрі.

Таңғы шық тіліндегі мағынаны,
Сезсем ғой… Сенім керек оған әлі.
Жөргектің жұпарындай
күнәдан пәк,
Жаза алмай… сол өлеңді келем әлі.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Аспаннан түскен менің Алтын ордам

Адамзат, санаң – сарсаң,
ойың – әлек,
Сойқанға салса дағы мойымап ек.
Алты Алаш аң-таң қалып
қарап отыр,
Абдырап Қараөткелдің бойына кеп.

Жат жұртқа есімі – ерек,
елесі – арман,
Дін – діңгек қағып сенде кеңесе алған.
Аспаннан түскен менің
Алтын Ордам,
Алланың өзі көктен бере салған.

Көре алмай шағылысып көзіме күн,
Керемет күндеріммен кезігемін.
Елорда – Еркіндікпен егіз ұғым,
Апыр-ай, Азаттықтың өзі ме едің?

Қанатын қағып-қағып қомдаса елі,
Самұрық құстай көрем сонда сені.
Емініп Еркіндік деп айтамыз-ау,
Еркіндік – елордасыз болмас еді.

Алты Алаш – әлемде жоқ
мұндай халық,
Көрген жоқ кірпігіме мұң байланып.
Астана – Азат елдің алдаспаны,
Сүйемін,
Сүйем сені күнге айналып!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button