Басты ақпарат

Көлік тұрақтары неге көбейіп келеді?

Бұдан біршама уақыт алдын Астана қаласындағы ашық алаңқайлар мен көшелер жиектерінде автотұрақтар жаппай қанат жая бастаған тұста оған наразылардың қарасы аз болған жоқ. Қазір мұның көшелердегі кенеусіз кептелістердің алдын алуға бағытталған қарымды шаралардың бірі екенін талай жұрт түсінген сияқты. Бір жағы бұл көп қабатты үйлер жандары мен көшелер кернеуіндегі көліктердің орналасу тәртібін жолға қоюдың тәсілі болып табылады. Көлік тұрақтары көбеюінің өзге де алғышарттары бар.

Қазіргі заманғы қалалардың ең бас­ты ерекшелігі автокөліктердің шамадан тыс көптігінен кептеліс­тердің жиілеуі мен автотұрақтар санының тым аздығы болып отыр. Сондықтан көптеген мегаполистердің басшылығы бұл проблеманы шешуге барынша жедел кірісіп келеді.
Әлем қалаларында жер бетінде орналасқан қарапайым автомобиль тұратын орындардан бөлек, олардың жер астына жайғасқан, эстакада және пандус сипатындағы көп қабатты серіктері, сондай-ақ шектеулі кеңістікті тиімді пайдаланудың мейлінше озық технологиясы болып табылатын автоматты тұрақтар түрлері қолданылады.
Автоматты тұрақтар бүгінде Еуропа, Солтүстік Америка және Оңтүстік-Шығыс Азия қалаларында кең етек жайып үлгерген. Соңғы жылдары мұндай автотұрақтар үлгілері Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір, Краснодар секілді бірқатар қалаларында белсенді түрде қолданысқа ене бастады.

Еуроодақтың стандарты бойынша егер тіркелген машиналарының кемінде 60 пайызы тұрақты орын тапқан жағдайда ондағы тұрақ мәселесі шешілді деп есептеледі. Финляндияда мемлекет территориясына түгел тараған жолда жүру ережесін қамтитын заңнама бар. Онда жолда жүру мен оны бақылау «Жолда жүру ережесі» және «Автотұрақты дұрыс пайдаланбағандарды айыпқа тарту туралы заң» деп аталатын екі құжат арқылы жүзеге асырылады. Осы екі заңнама негізінде көлікті тоқтату, тұрғызу және тұрақтандыру мәселелеріне қатысты шектеулер мен тыйымдар бақылауға алынады.
Суоми елінде автотұрақ­тың ақы­лы да, тегін де түрле­рі бар. Ақылылар жер бетінде де (ақы­лары тұрақ автоматтары арқылы төленеді), жер астында да (тұрақтан шығар жердегі автоматтарда төленеді) кездеседі. Сондай-ақ тегін тұрақтар әдеттегі және міндетті тұрақ сағатын пайдалану деген екі бөліктен тұрады. Елдің отызға жуық қаласында тұрақтардың дұрыс жұмыс істеуін арнайы муниципалды қызмет пен полиция бақылайды, елдің қалған территориясында бұл қызмет тек полицияға жүктеледі.
Қытай мен Бразилияда паркоматтар орнына арнайы қызметшілер жұмыс істейді, ал Жапонияда автомобильдерді тұраққа автоматты лифтілер көтереді. Әлемде тұраққа қойылған көлік үшін ақы алу жүйесі бірінші рет 1935 жылғы шілде айының ортасында АҚШ-тың Оклахома-Сити қаласында қолға алынған екен. Ондағы паркомат механикалық сипатта жұмыс істепті, ақысы монеттермен төленіпті. Көп ұзамай мұндай қондырғылар бүкіл әлемге тарай жөнеледі. Мәселен, Токиода паркомат 1959 жылғы қаңтарда орнатылыпты. Онда да ақы монетамен төленетін болған. Ал көлігін ақы төлемей тұраққа қоятындарға қолданылатын жазалардың бірі автомобиль доңғалақтарына тежегіш салып тастау болып табылады.
Мәскеу билігі 2013 жылғы 1 қаңтардан бері Бульвар шеңберінде автокөліктердің тұрағы үшін ақы алу жүйесін тәртіпке енгізген. Егер әдеттегідей тұрақтарда бір автомобиль үшін 27,5 шаршы метр жер керек болса, автоматты тұрақта ол бар-жоғы 15 шаршы ­метрді ғана алады. Бүгінде Кремльді қаланың әр ауданында тұрақ бағасы әртүрлі, мысалы, ол Бульвар шеңберінің ішінде болса, көліктің бір сағат тұрақтағаны үшін 200 теңге болып белгіленсе, Үшінші көлік шеңберінің сыртында бар-жоғы 40 теңгеге ұйғарылған. Ал ақыны сайт, мобильді қосымша, SMS және паркомат арқылы төлеу­ге болады. Бұлардың соңғылары тек банк карталары бойынша қабылданады. Тек мүгедектер, мотоцикл айдаушылар мен электромобиль жүргізушілері ғана көліктерін тұраққа тегін қоя алады. Бұдан бөлек, мереке және жексенбі күндері тұраққа ақы алынбайды. Ал ақылы тұрақтар аймағына кіретін үйлердің тұрғындары үшін резиденттік жеңілдік – сағат 20:00-ден 8:00-ге дейін көліктерін ақысыз қоюға рұқсат етілген.
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының тұрғындары, басқа америкалықтарға қарағанда, көліктерін қоятын орынды ұзағырақ іздейді және оған төлейтін ақысы да әлдеқандай көп көрінеді. Жүргізушілер үшін мобильді қосымша дайындайтын Inrix компаниясы Нью-Йорктегі әрбір жүргізушінің жылына орта есеппен 107 сағатын көлік қоятын тұрақ іздеумен өткізетінін және оған екі сағаттық уақытқа қойғаны үшін 33 доллар төлейтінін есептеп шығарыпты. Манхэттенде қалыпты күндері көшенің жиектері таңғы сағат 7-ден кешкі 7-ге дейін ақылы негізге көшіріледі. Кешкі уақыт пен түнде тұрақ тегін болады.

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жүргізушілер үшін автотұрақ табу ең өзекті мәселелердің бірінен саналады. Мегаполисте тұрақ үшін ақы төлейтін автоматтар мүлдем жоқ. Олар бірқатар супермаркеттер астындағы тұрақтарда ғана бар. Ал бір сағаттық бағалары 4-10 реал (650-950 теңге) аралығында. Қаланың көптеген аудандарында қоршауға алынған жеке тұрақтар да ұшырасады. Бірақ олардың бағалары жоғары. Мәселен, шаһардың офис­тер көп шоғырланған орталығында немесе туристер көп келетін оңтүстік бөлігінде бір сағаттық тұрақтың бағасы кейде 20 реалға (1775 теңге) дейін ырғиды. Бұларға қарағанда, муниципалды тұрақтар айтарлықтай қолжетімді: оларда бір-екі сағат үшін бар болғаны 2 реал (190 теңге) төлесе жетіп жатыр. Мұндағы проблема сол, арзан болғаннан кейін бұл жерлер бос бола бермейді, орын іздеушілер кейде сағаттап жүріп қалады.
Лондонның орталық аудандарында жұмыс уақытында са­ғатына орта есеппен 7-10 фунт (2750-3900 теңге) ақы төлеп, тек жеке автотұрақтарға автомобиль қалдыруға болады. Бұл бағалар орталықтан қашықтаған сайын арзандай түседі. Бірақ оларда сағатына 2-4 фунт (750-1500 теңге) ақы беріп, бірнеше сағат қана көлік қоя аласың. Британия астанасында, негізі, көлік қоятын орындар жеткілікті. Дегенмен жергілікті тұрғындар метро, автобус, электробус секілді қоғамдық көліктермен жүргенді көбірек қалайды. Тұрақ ережесін бұзушыларға салынатын айып 100 фунтты (39 мың теңге) құрайды. Әйткенмен, айыппұлды 14 күннің ішінде төлеген адам 50 пайыздық жеңілдік те алады. Сол сияқты жергілікті уақытпен сағат 18:30-дан 08:00-ге дейін бір қатарлы сары сызық тартылған барлық жол жиектеріне көліктерді тегін құюға рұқсат етіледі. Ал жексенбі күні Лондонның барлық автотұрақтары дерлік жұртқа тегін қызмет ұсынады.
Париж 2001 жылы көше бойларындағы 23 мың тұрақ орындарын алып тастады. Бұл жерлер қаланың автобус жүретін белдеулері, велосипедтер мен электромобильдер тұратын мекен етіліп, қайта жасалып шықты. Бүгінде Сена жағалауындағы ежелгі кентте жол жиектерінде 154 мың тұрақ орындары жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, машиналарды жерасты тұрақтары мен жеке үйлердің гараждарына қалдырып кетуге де болады. Осылайша есептей келгенде, француз астанасындағы тұрақ орындары 800 мыңға барады. Бірақ бұл мөлшер, қала тұрғындарының қоғамдық көлікке қарай көбірек ауыса бастауына орай, бірте-бірте қысқарып келеді.
Париж бұл күнде қаланың эко­логиясы үшін автоәуесқойлармен белсенді күрес жүргізуде. Мэрия жүргізушілер тарапынан болып жататын қарсылықтарға қарамастан, дизельді отынмен жүретін, 1997 жылдан арыда шыққан автомобильдердің қала орталығына кіруіне тыйым салып тастаған. Бұдан бөлек, өткен жылдан бері автомобиль белдеулері есебінен веложол ұйымдастырылуына байланысты көшелер ені едәуір тарыла түсті.
Қала билігі көшелердегі машиналар санын күрт қысқартудың тағы бір тиімді жолы ретінде автотұрақтар бағасын ұдайы көтере беру тәсілін қолдануда. Мұнда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаланың тарихи бөлігіне қойылатын көлікке ұсынылатын тариф прогрессивті түрде, яғни ұдайы өсіп отыру жолымен қымбаттап келеді. Бұл жерлерде қазіргі таңда алғашқы екі сағат үшін 4 еуро (1875 теңге) алынса, үшінші сағаттан баға 8 еуроға (3750 теңге) бір-ақ көтеріледі. Әрбір париждік үшін «күндік» тұрақ 62 еуроға (21 мың) түседі. Ал тұрақ үшін уақытылы ақы төлемегендер биылғы 1 қаңтардан бері 50 еуро (14 мың теңге) айыппұл төлейді. Бұл баға қаланың шетінде сәл арзандау, ол 35 еуроға (12 мың теңге) тең.
Италия астанасында ақылы тұрақ орындары тегін тұратын жерлерге қарағанда анағұрлым көп. Бірақ мұнда оның екеуінде де ылғи орын табыла бермейді. Иә, 28 ғасырлық тарихы бар көне қалада кезінде көліктің мұншалықты көп болатыны ескеріле қоймаған. Сондықтан Римде кейде екі немесе үш қатар болып тұрған автомобильдер легін жиі көруге болады. Бұл үшін жүргізушілер 39 еуродан (20400 теңге) айыппұл төлейді. Бірақ айып жиі салына бермейді. Мұнда ең бастысы өзгелердің қозғалысына залал келтірмеу және мүгедектер орнын алмау болып табылады.
Қалада муниципалдық тұ­рақтың бағасы орта есеппен сағатына 1 еуро тұрса, 8 сағат үшін 4 еуро төленеді. Ал жеке тұрақтардың бағалары бұдан әлдеқайда қымбат: оларда сағатына 5 еуродан алады.
Испания астанасының орталық аудандарында да жағдай аса күрделі. Оларда тұрақ орындары өте аз және алатын төлемдері өте жоғары. Тұрақтар бірі – көк, екіншісі жасыл сызықтармен бөлінген екі түрлі категориядан тұрады. Бұлардың біріншісі арзандау болса, келесісі қымбат екенін білдіреді. Бірақ күндізгі мезгілде жүргізушіге бұлардың қай-қайсысына да 4 сағаттан астам тұруға тыйым салынады. Мұндай тыйым тек сол ауданда тұратын тұрғындарға ғана жүрмейді. Осындай тығырыққа тірелген жүргізуші кейде көлігін қою үшін сағаттап бос орын іздеп жүріп қалады.
Мадридте тұрақтың орташа бағасы 2 еуроға (1200 теңге) шамаласады. Тек гибридті және электрлі автомобильдерге жеңілдік беріледі. Түнде және демалыс күндері тұрақтардың бәрі тегін болады. Тұрақтар тәртібінің сақталуын арнайы қызмет бақылауда ұстап отырады. Бұдан бөлек, қалада жерасты тұрақтары да баршылық. Олардың басым бөлігі орталық аудандарда орналасқан.
Әлемдегі ірі қалалардың бәрі қаладағы көлік кептелісін азайтудың түрлі жолдарын осылай қарастырып келеді. Мұндай батыл қадамдар бірнеше жылдан бері біздің Астанада да қолға алынған. Ал мәселенің екінші жағы, елорда басшылығы өзге мегаполистердегідей, мұның бәрін көшеде жүретін автомобильдер санын азайтып, жұрттың қоғамдық көліктерге қарай көптеп ауысулары үшін жасап жатыр. Үшінші жағы, мұның өзі қала бюджетіне едәуір көмек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button