Басты ақпарат

Көне жырды жаңғыртқан

«Астана Опера» театрында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында көрнекті композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсының премьерасы өтті. Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын қазкср халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың либреттосына жазылған туынды жаңғырып, жаңарған сипатта көрерменге жол тартты. Қоюшы режиссері – Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресей Федерациясының халық әртісі Юрий Александров.

[smartslider3 slider=1299]

Аталмыш театрдың опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтің айтуынша, «Алпамыс» алғаш рет 1974 жылы Абай атындағы опера және балет театрында қойылды. Ал 1980 жылы Мәскеуде Үлкен театрда көрсетілді. 2013 жылы Түркияда, Әзербайжанда, 2014 жылы елорданың Мемлекеттік академиялық филармония­сында операның концерттік нұсқасы қойылған. Бұл жолы ұлттық туынды жаңарып, толықтырылып ұсынылды.

Спектакльдің қоюшы режиссері Юрий Александров бұған дейін ­К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында бірнеше операны сахналады. Сонымен қатар Алматыда Еркеғали Рахмадиев­тің «Абылай хан» операсын қойды. Ал «Алпамысты» қырық күн ішінде сахналап шықты.

– «Алпамыс» операсына көрермендердің ықыласы ыстық болады деп есептеймін. Себебі бұл батырлық эпос болғанмен, қазіргі қоғамда тапшы: сүйгеніне адалдық, жақыны үшін жанқиярлық сезімдерді насихаттайды. Алпамыстың ерліктері – оның жұмысы. Өйткені ол – батыр. Ерлік жасау – міндеті. Жеке өзім адами, арлылық тұрғыдан жасалатын ерлікті күш қолдану арқылы көрсетілетін ерліктен биік қоямын. Операны қойғанда да, негізінен, музыкасына көп көңіл бөлдім. Либретто спектакльдің іргетасы болса, музыка қойылымның рухани сипатын, кейіпкердің жан дүниесін ашады. Ал өзім араласып үлгерген ­Еркеғали Рахмадиевтің музыкасы ғажап, көрермен жүрегіне терең бойлайды, – дейді Юрий Александров.

Операның қоюшы дирижері, ­Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің сөзінше, «Алпамысты» қоярдың алдында үлкен жұмыс атқарылған. Ноталардың қолжазбасы ескіргендіктен оларды қалпына келтіріп, цифрлық жүйеге түсіруге тура келді. Автордың клавирінде болған, бірақ бұдан бұрын туындыға енбеген Ұлтан атты кейіпкердің партиясы ұзартылды.

Опера қойылғанда, Еркеғали ­Рахмадиевтің қызы Найля Рахмадиева кеңесші болды. Кейіпкерлерді екі актерлік құрам сомдады. Алпамыс партиясын Расул Жармағамбетов пен Ержан Саипов орындады. Гүлбаршын бейнесін Жәмила Жарқымбаева және Айгүл Ниязова ойнады. Тайшық хан – Шыңғыс Расылхан, Жанат Шыбықбаев, Болат Есімханов. Қаракөз – Салтанат Ахметова, Әсем Сембина. Қойылымда Мыстан, Кейқуат, Қараман, Ұлтан бейнелері де бар. Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқалиді жырау бейнесінде көрдік.

Спектакльде ерекше тоқталатын орталық бейнелердің бірі – Жер-ана. Бұл кейіп­керді Татьяна Вицинская мен ­Салтанат Мұратбекова сомдады. Шымылдық ашылғанда көрініс соның монолог партиясынан басталады. Асқақ, биік тұғырға қондырылған осы бейнені көргенімізде, есімізге АҚШ-тағы Бостандық мүсіні еске түсті. Екеуінің арасында параллель де жүргізуге болатын сияқты. Себебі Жер-ана – қазақ сияқты қасиетті ұғым. Ал оның еркіндікке тікелей қатысы бар.

Сценографтар мен костюм бойынша суретшілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың, бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің, хореографтар, ­Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев және Ғалия Бөрібаеваның еңбектерін де атап өту керек.

Жалпы жаңғырған, жаңарған «Алпамысты» осы жылдың басты мәдени оқиғаларының біріне балауға болады. Ұлттық опера тәуелсіздік мерейтойына тамаша тарту болды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button