Имантаразы

КҮМӘНДІ КІТАП КІРЛЕТПЕГЕЙ САНАНЫ

Дини китап

Бүгінде ел ішінде діни сенімі дүдәмал ағымдарға бастайтын топтар қарасы көбеюде. Ата дінімізге жат, өзге миссионерлік ағымдарды былай қойып, ислам дінін желеу еткен бірнеше бағыттардың өзі елімізде заңмен тыйым салынғанына қарамастан астыртын жұмыс істеуге көшкен. Ал осындай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойып, жастарға дұрыс бағыт беру үшін елімізде бірқатар іргелі істер атқарылуда. Соның бір парасы – діни кітаптарға қатысты.

Естеріңізде болса,  2011 жылдың 15 қазан­ында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 9-бабында «Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі» деп көрсетілді. Дегенмен, осы заңға байланысты қоғам тарапынан сан түрлі пікірлер айтылуда.

Халқымыздың рухани иммунитеті толық қалыптасқанға дейін сананы сансырататын кітаптарға бақылау қойылуы керек-ақ. Қоғамның «қауіпті вирусқа» шалдықпауы үшін оның қай саласында да қорғаныс қабілетін қалыптастыру – заман талабы. Шариғатқа қайшы әдебиеттер діни сауаты аз халыққа кері ықпал жасары анық. Адам санасы таза топырақ секілді. Оған алдымен ненің дәні егілсе, сол өсіп шығады. Дәл осылайша адам санасы зиянды кітаптармен уланып қалса, бұл бүтін бір ұлтқа төнген қауіп болмақ. Бұл ретте діни әдебиеттер үлкен сақтықты талап етеді.

Діни мазмұндағы кітаптарды басып шығару үшін алдымен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының сараптама комиссиясынан өткізілуі керек.

Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта діни әдебиеттер саудасы көптеген адамдардың күнкөріс көзі болып отыр. Қай жерде өтімді, қай жерде сұраныс бар, сол жерде сата береді. Бұл ретте мешіт маңын жағалаған жайма базар саудасының сейілмей тұрғанын тілге тиек етсек болады.

Аптаның жұма, жексенбі күндері мешіт маңындағы діни кітаптар саудасы әлі күнге тоқтамай келеді. Ретсіз сауда құзырлы орындардың діни экстремистік кітаптардың таралуының алдын алуында көптеген қиындықтар тудыруда.

Бүгінгі күнге дейін теріс пиғылды 4 мың әдебиет сараптамадан өткенімен, ата дінімізге жат 200-ден аса кітаптар әлі еркін айналымда жүр.

Рұқсат берілмеген орындарда сатылуға тыйым салынған кітаптарды тәркілеу мақсатында құқық қорғау органдары кешенді тексерісті ұдайы ұйымдастырып тұрады. Себебі, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 195-бабына сәйкес, белгіленбеген орындарда сауда жасауға болмайды. Дін туралы заңда да кітаптар белгіленген жерде ғана сатылуы керек.

Мамандардың айтуынша, заңмен белгіленбеген орындарда сатылатын кітаптардың сыртқы мұқабасы мен түпнұсқасы бір болғанымен, ішкі мазмұны жат идеяға бағытталады екен.

Осы күнге дейін дүкендерде сатылып жатқан діни әдебиеттерге бақылау жүйелі түрде жүргізілмегендіктен,  оларды бірден «тазалап» шығу мүмкін емес. Ал сананы улайтын әдебиеттер дүкен сөрелері мен көше базарынан алынғанымен, көп үйдің жеке кітапханасында тұруы да бек мүмкін. Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы болып саналатын Діни басқарма тарапынан соңғы он жылдан бері кітап сатумен айналысатын кәсіпкерлерге сараптау комиссиясынан өткен әдебиеттерді ғана сату керектігі айтылып келеді. «Ел аумағында тек қана ҚМДБ сараптау комиссиясы мен Дін істері комитетінің тексерісінен өткен кітаптардың ғана таралуына жағдай жасауымыз керек» дейді ҚМДБ интернет және уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, белгілі теолог Ершат Оңғаров.

Сондай-ақ, орыс тіліндегі діни кітаптардан абай болғанымыз жөн дейді дін мамандары. Олар араб тілінен орыс тіліне аударылған кітаптар қауіпті екенін айтуда. Бұл кітаптардың бірен-саранының ғана қазақ тіліндегі аудармасы болады. Ал аударма кітаптардың көбінің авторлары мен баспасы көрсетілмейді екен. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі жоқ мұндай мазмұндағы кітаптар тек қана ел ішінде ірікті тудыру мақсатында шығарылатыны айтпаса да түсінікті.

Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес дін туралы заңда көрсетілгендей діни мазмұндағы әдебиеттер қаладағы арнаулы орындарда сатылуына рұқсат берілген. Бұл орындар – қаланың әр тарапында орналасқан «Күлтегін», «Алматы», «Абай», «Кәусар», «Книжный Эльдорадо», «Эльдорадо», «Кик» кітап дүкендері.

Ал діни кітап баспалары кітаптарды арнаулы дүкенде ғана сатуға мәжбүрлеу нарық заңына сай келмейтінін, бұндай шешім баспаларды тұралататынын  айтуда.

Мешіт маңын жағалай заттарын жайған сауда орнына жақындағанымызда өзін Болатбек деп таныстырған саудагер азамат  «Бала-шағамды осы діни кітаптар мен заттармен асырап, күнелтіп отырмын» дейді. «Біз  тыйым салынған тауар сатар болсақ, мұнда бізді полицейлер тұрғызбайды, әрине. Ал белгіленбеген орында сатуға болмайды дегенге келер болсақ, ендеше бізге арнайы орын ашып берсін»  деді ол.

Астана қалалық прокуратурасының мәлімдемесіне жүгінсек, діни әдебиеттер қаланың рұқсат етілмеген орындарында сатылса, қолданыстағы заңда діни қызмет және бірлестіктер туралы заң талаптарын  бұзғаны үшін жеке тұлғалар елу айлық есептік көрсеткіш көлемінде, лауазымды адамдар мен діни бірлестіктер басшыларына жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл белгіленген. Заңды тұлғалар қызметін үш айға тоқтатып, жүз айлық есептік көрсеткіш айыппұл төлету көзделген. Осы қарекеттің барлығы дін саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету мен құқық бұзушылық көріністерінің алдын алу мақсатында жасалуда. Сол себепті, қала тұрғындары заң шеңберінде әрекет етуді қаперде ұстағандары жөн болмақ.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button