Жаңалықтар

Күндерiмнiң куәсi

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткерi
КҮНДЕРІМНІҢ КУӘСІ

(Жарияланбаған жазбалар)

30.IX.2007

«Халқының қызыл жебесi» деген атпен Шерхан Мұртазаның 75 жасқа толуына арналған шығармашылық кеш өткiздiк. Халық лық толды. Кiрiспе сөзбен кештi өзiм аштым. Президенттiң, Сенат төрағасының құттықтаулары оқылды. Мәдениет министрi Ертiсбаев, бiраз министрлiктiң басшылары, өзге де лауазымды кiсiлер құттықтады. Әбiш Кекiлбаев, Төлен Әбдiк сөз сөйледi. Төленнiң сөзi терең, мазмұнды шықты. Кештi Ақселеуге жүргiздiрдiк.
Зал гүлге, ықыласқа толды. Көрме залына дастархан жайдық.
Iлгерiде шапанды қазақ ханға, сұлтандарға, билерге, құдасына, ақындарға кигiзген екен. Осы күнi қаптаған шапан. Шапанның қадiрiн кетiрiп бiттi. Ол аз болғандай, Қытай, Индия тiгiп, базарда шапан қаптады. Мың теңгелiк шапандар бар дегендi есiтемiз. Қайтсек, сол шапанның қадiрiн арттырамыз деп мен Орталықтың қыздарына Шерханға арнап шапан, әйелi Ақбiлекке камзол тiккiздiм. Қолдан оюлап, кестеледi. Мұндай шапанның жөнi бөлек. Орталыққа ылғи қымбат шапан тiккiзiп сатуымыз керек. Одан түсетiн пайда көп.
Кеш жақсы өттi.
Осыдан бiр ай бұрын Шерханға телефон соғып, той не боп жатыр дегенiмде, «Жiгiттер «Аққу» ресторанында жүз кiсiге дастархан жайып жа-тыр, басқа ештеңе жоқ» – деп едi. Мен «Бiздiң Орталықта шығармашылық кеш өткiзейiк» деген едiм, оны қуана құп алған. Ойдағыдай өткiздiк.

4-11.X.2007

Iссапармен Францияда болып келдiм.
4.10. күнi түнде Астанадан ұшып, Амстердамға келiп, одан Әлия екеумiз Парижге келдiк. Айым тосып алды.
Айым бүгiнде Парижде Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкiлдiгiнде қызмет жасайды. Ағылшын, испан тiлдерiн жетiк бiледi, француз тiлiнде де жап-жақсы сөйлеп қалыпты. Елшiлiкте де, өкiлдiкте де болдық. Елшi Аманжол Жанқұлиевтiң үйiнде қонақ болдық, Олжас Сүлейменов ресторанда кешкi дәм бердi. Қасымда қыздарым Әлия, Айым болды.
«Калифорния» мейманханасына тоқтадық. Елисей алаңының жанында, орталықта, елшiлiктiң маңында екен. Айым да осы маңда пәтер жалдап тұрады.
Луврды, Версальды, Жорж Помпиду орталығын, Нотрдамды араладық. Музей жұмысымен таныстым. Билет қымбат, халық ығы-жығы. Музей-лерiнiң табысы көп екен. «Луврға» кiретiн билет – 9 еуро, Версаль – 20 еуро, Помпиду орталығы – 10 еуро. Күнiне бұл музейлерге 50-60 мыңнан кiсi келедi. Қаржы жағынан мәселе жоқ көрiндi.
Туристердiң жүрген жерi ақша емес пе, Францияға жылына 75 млн турист келедi екен. Ұшақ билетi, аэропорт шығыны, мейманхана, дүкендер, өзге де шығындарды есептей берiңiз, мемлекеттiң қазынасына орасан қаржы қосылады. Лувр, Версаль – корольдер сарайы. Корольдердiң, олардың қатындарының, бала-шағасының портреттерi, әйелдерiнiң төсектерi, бәрi де ХVI ғасырдан бергi дүниелер, ал бiздiң 2,5 жылдық тарихы бар асыл мұраларымызды әлi ешкiм бiлмейдi.
8.10. күнi курорт қаласы Ниццаға келдiк. Жанындағы атақты Монте Карлоны, Каннды араладық. 11.10. күнi елге қайтып оралдық.
Теңiздiң жағасы, Ницца, Монте Карло, Канн жұмақтың төрiндей көрiндi. Күн жылы, жұрт теңiзге шомылып, күнге қақталып жатты.

13.X.2007

Бүгiн ұжымға Париж сапары жайында әңгiме айтып бердiм. Өзге ел жоқтан бар құрап табыс тауып жатады. Бiз табыстың өзi мен мұндалап айқайлап тұрғанда көрмеймiз.
Былтыр мәдениет туралы заң қабылданды, сол заң бойынша мемлекеттiк ұйымдардың музейлерiн жұрт тегiн аралайтын болды. Не ғылыми конкурстарға қатыса алмайсың, не табыс таба алмайсың, жеткiзбейтiн қу тiрлiк, осыған таң қаласың. Музейге кiргендерден мардымсыз тиын түсушi едi, оның өзi тiкелей бюджетке кiретiн, бүгiнде мәдениет жайындағы заңға сәйкес жұрт музейге тегiн кiретiн болды. Шет елде жұрттың музейi сол келушiлерге сататын билеттiң қаржысынан-ақ байып отыр.
Бүгiн «Егемен Қазақстан» газетiнде Дүниежүзi қазақтарының алғашқы құрылтайы туралы Сауытбек Абдрахмановтың жақсы мақаласы жарияла-ныпты. Онда шеттегi ағайындардың тағдыры туралы, тұңғыш құрылтайды қалай өткiзгенiмiз туралы әдемi баяндаған. Иә, тарыдай шашылған ағайынның тұңғыш тарихи отанымызда басын қосу – шынында да тарихи жағдай едi. Елдi аңсаған жұрттың қауышқан сәтiн көзiме елестеттiм.
Әй, Алтай, әттең, Алтай, көркем Алтай,
Кiр жуып, кiндiк кескен өлкем Алтай!
Армансыз бұл дүниеден өтер едiм,
Бiр иiскеп топырағыңды өлсем, Алтай, –
дейтiн өлеңдi көзге жас алмай оқи алмайсың. Сол жылдары Баян-Өлгейден келген жас ақын Бекен Қайратұлының мына өлеңi әлi жадымызда:
Алтын Ордам, көрейiншi деп келдiм,
Қолым ұшын берейiншi деп келдiм.
Шетте тудым, шетте өстiм, ағайын,
Дәл ортаңда өлейiншi деп келдiм.

Ата мекен, нұр алайын деп келдiм,
Шертiп бiр күй уанайын деп келдiм.
Сен жыласаң, жоқтау айтып тоқтаусыз,
Сен қуансаң, қуанайын деп келдiм.
Жақсы өлең. Осы жiгiт те бүгiнде Астанада тұрады деп естiдiм, бiрақ не жұмыс iстейтiнiнен хабарым жоқ.
1992 жылдан берi екi құрылтай өттi, бiрақ Тұңғыш құрылтайдың жөнi бөлек едi. Ол мен басқарып өткiзгендiктен емес, ол шынында да алғашқы махаббатпен тең едi.

14.X.2007

Кеше кешкiсiн Президенттiк мәдениет орталығының концерт залында әлемге әйгiлi скрипкашы Марат Бейсенғалиевтiң концертi өттi. Концерт ағасы Сағадат Бейсенғалиевтiң рухына арналды.
Сағадат Бейсенғалиев Мәскеу консерваториясын бiтiрiп келе сала Мемлекеттiк симфониялық оркестрге концертмейстер болып тағайын-далады. Сөйтiп өзiнiң тума талант, аса дарынды скрипкашы екенiн танытады.
Амал не, жас жiгiт осыдан 18 жыл бұрын 32 жасында автомобиль апа-тынан қазаға ұшырайды. Тiрi болса, Сағадат биыл 50-ге толар едi. Амал не, тағдыры солай болған.
Марат скрипканы ерттеп мiнген, оның құлағында ойнайтын ғажап музыкант екенiн тағы да танытты. Репертуары кiсiнi ойландыратын, тол-ғандыратын батыс композиторларының шығармаларынан құрылыпты. Концертке келген бала-шаға да аз болған жоқ. Әдетте даурығып, дуылдасып, шуласып отыратын жұрт сiлтiдей тынды. Музыканың, му-зыканттың құдыретi де, мiне, осында.
Концерт залын бергенiме Марат Бейсенғалиев ризашылық бiлдiрдi.
– Қазақстандағы еуропалық деңгейдегi акустикалық зал – осы Пре-зиденттiк мәдениет орталығының залы, – дедi Марат.
Концерттi сүйемелдеумен ажарландырған пианист Темiржан Ерданов едi. Темiржан да, Марат та бүгiнде шет елде тұрады.

15.X.2007

Елiне оралады екен, бүгiн маған Қырғыздың елшiсi Жұмағұл Сааданбаев кiрiп шықты. Президент Бакиевке наразы, түбiнде оппозицияға кетедi-ау!
16.10. күнi докторлық қорғайды екен. Алесин Владимир Иванович кiрiп шықты.
Әртүрлi себептермен кезiнде келе алмаған Ким Георгий Владимирович пен Сабыр Қасымов құттықтап кiрiп шықты.
(Жалғасы бар)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button