Қала тіршілігі

КҮРЕТАМЫРДЫҢ КҮТІМІ

_AVG5697«Астана су арнасы» жабдық жаңартып, қаланың су-кәріз жүйесін қалыпты ұстауға мүмкіндік алды

Айта кетерлігі, қаланың күрета­мы­рын­дай күрделі құрылым – сумен қамту жүйесіне иелік етіп отырған «Астана су арнасы» мекемесі 2011-2014 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында өндірістік бұрғылау кешені, зертхана, сумен жабдықтау және кәріз желісі ауыстырылды. Алдағы уақытта ескірген энер­гетикалық құрылғыны ауыстыру қарас­тырылуда. Желілерді ауыстыру және жөндеу қаланы сапалы сумен қам­та­ма­сыз етуді жақсарта түсетіні сөзсіз.

«Астана су арнасы» МКК дирек­торы­ның қаржы және экономика жөнін­дегі орынбасары Арман Данаев­тың айтуынша, бүгінгі таңға дейін инвес­тициялық бағдарлама аясында жалпы сомасы 2 млрд 670 теңгенің жобасы іске асырылыпты. 2013 жылы 1 млрд 267 теңге жұмсалған екен. Соның арқасында бүгінде қуатты үнемдеу бағдарламасының аясында 74 авто­мат­тандырылған жиілік реттеу қондырғылары орнатылды. Оған қоса, «ЕСО» қуат үнемдеуші аппараттары, дизель-генераторлар мен электр жабдығы, май трансформаторлары жаңартылды.

Сумен жабдықтау және су бұру нысан­дарын қайта жабдықтау бойынша су сорғы және кәріздік сорғы стан­ция­ла­рын­дағы жабдықтар ауыстырылды. Оған салынған инвестиция сомасы 156,9 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, нысандарды қайта жабдықтау мақса­тын­да 153,4 млн теңгеге 950 жаңа өрт сөндіру гидранттары сатып алынды.

Жаңаның аты – жаңа. Атам заманғы ескі-құсқыдан бір арылып қалған­ның нәтижесінде өткен жылы кәсіп­орын­ның барлық нысандарында электр қуатын тұтыну 2012 жылға қара­ған­да 8 пайызға немесе 5 млн кВт-қа дейін төмен­де­ген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2010 және 2011 жылдары бұл көрсеткіш 70 кВт/сағ құраған екен.

Сондай-ақ, технология үдерісін оң­тай­­лан­дыратын жаңа автоматты жүйе­­лер сатып алынды. Апатты жағдай туа қалғанда оны жоюға шұғыл шешім қабыл­дау үшін өте оңтайлы жүйені жолға қойғалы бері желілердегі апат­тық жағ­дай­лар саны едәуір азайған. Мәсе­лен, 2013 жылы 868 апаттық жағдай орын алған екен. Ол 2012 жылға қарағанда 16 пайызға төмен, ал 2011 жылмен салыс­тыр­ғанда 40 пайызға аз. Сондай-ақ, су шығы­ны­ның деңгейі 2010 жылы 21,02 пайыздан 2013 жылы 19 пайызға кеміген, яғни 1,14 млн текше метр су немесе 39,4 млн теңге қаржы үнемделіп отыр.

Мамандардың сөзіне қарағанда, қаладағы ескірген құбырларды ауыс­ты­ру­­ға, судың сапасын жақсартуға, жаңа­дан пайдалануға берілген нысан­дарға су тарту төңірегінде атқарар шаруа шаш етектен. Сондықтан кәріз желі­ле­рін жаңарту жобасы жалпы ұзындығы 3,7 шақырым екі арынды коллекторлар салудан басталды. Тек содан кейін ғана биыл 5,4 шақырым құбыр жаңартылады. Бүгінгі таңда 7 шақы­рым кәріз құбырлары санация әдісімен қалпына келтірілуде.

Су құбырларын қайта салу бойынша ұзындығы 8,4 шақырым учаскеде жұмыстар аяқталды. Енді 7 шақырым су құбырына жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, жыл сайынғы тиянақты жаңарту, жөндеу нәтижесінде құбырлардың тозуы 55 пайыздан 43 пайызға төмендепті. «Астана су арнасы» тіршілікпен қамтамасыз ету кәсіпорны болғандықтан, автотехникалық базаны үнемі жаңартып отыруды қажет етеді. Сондықтан, жеңіл автокөліктерге арналған тұрақтар салынған. Ағымдағы жылы жаңа авто жанармай станциясының құрылысы жоспарланып отыр.

Оған қоса, кәсіпорынға 10 вакуумды машина, 8 трактор, 3 экскаватор, 2 өздігінен аударғыш жүк көлігі, 17 жылжымалы шеберхана, оның ішінде 6 фургон, 2 КамАЗ, 1 айырлы тиегіш, 1 су тасушы, 1 вибратегістегіш, 2 құбыр жуушы машина сатып алынған. Олардың барлығына GPS жүйесі орнатылыпты. Бір жақсысы, автопарк жанармайды үнемді шығындайтын жаңа көліктермен жаңартылған. Мысалы, 2012 жылы бір техника 13,5 литр бензин шығындаса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 12 литрге азайған. Дизельді жанармайдың шығыны 2012 жылы күніне 59 литр болса, 2013 жылы бақандай бес литр үнемдеудің орайы келді.

«Заманауи техниканың көмегінсіз сапалы қызмет көрсету мүмкін емес. Олар­ды жаңарту кәсіпорынның ең басты мін­дет­­те­рі­нің бірі» дейді кәсіпорын қызметкерлері.

Сонымен қатар, өндіріс үшін коммуникацияларды траншеясыз салу қондырғысы, құбырларды бұзуға арналған қондырғы, басқарылатын тесу қондырғысы, ультрадыбысты шығын өлшегіштер, сарқынды су­ларды тартуға арналған сорғы агрегаттары, құбыр өткізгіштерді телеинспекциялау жүйесі, бокс-тер мен гараждарға арналған жабдық, жасырын жылыстау­лар­ды анықтауға арналған логгерлер, зерт­ха­на­ларға арнайы жабдықтар сатып алынған. Желілердің картографиялық үлгісі, тұрғындарды сумен қамтуды есепке алу мен бақылаудың жүйесі, мәліметтердің ақпа­рат­тық қауіпсіздігі, кәсіпорын нысан­да­ры­ның серверлік жабдығы, электронды құжат айналымы сияқты бағдарламалық құралдар енгізілген.

«Қазіргі таңда жаңа жабдықтарды пайда­ла­ну­дың игілігін көріп отырмыз. Инвес­ти­ция­лық бағдарламаның одан әрі дамуы келешекте сумен қамтамасыз ету мен кәріз жүйесінің сапасын жақсарта түседі. Оған қоса, қаланың экологиялық қауіпсіздігін арттырады. Бұл Астана қаласының барлық тұрғындарына қолайлы өмір сүруге жағдай жасайды» дейді кәсіпорын қызметкерлері.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button