Мәслихат

Мәдениет – мәйектi мәселе

Елордалық мәслихат депутаттары бiр айға жуық дайындалып, пысықтаған мәселенiң нүктесi қойылды. Дәлiрек айтсақ, кеше қалаулылар мәслихаттың екiншi сессиясын өткiздi. Әңгiме арқауы – бас қаланың мәдени ахуалы мен биылғы бюджетке өзгерiс енгiзу.

Сессияға Астана әкiмiнiң орынбасары Ерлан Қожағапанов, қалалық басқармалар мен мәдениет мекемелерiнiң бiрiншi басшылары қатысты. Сонымен бiрге, елорданың мәдени-рухани өрлеуiне үлес қосып жүрген бiрқатар қоғам және өнер қайраткерлерi арнайы шақырылған екен.
«Астана – ХХI ғасырдағы қазақтың өркениетi мен өнерiнiң, мәдениетi мен әдебиетiнiң, ғылымы мен бiлiмiнiң қара шаңырағына айналды». Қала әкiмiнiң орынбасары Аида Балаеваның елорданың мәдениетiн дамытуға бағытталған бастамалар туралы баяндамасы Елбасының осы бiр сөзiмен басталды. «Расында, қазiрдiң өзiнде қаламыз елдегi түрлi мәдени ошақтар мен оқу орындары, шығармашылық топтар мен зиялы қауым шо-ғырланған шынайы ел ордасына айналып үлгердi. Ел орталығы осында қоныс аударғалы берi жас қала күннен-күнге гүлденiп, өсiп-өркендеп келедi. Оның iшiнде мәдениеттiң де ордасы Астанаға ауып, жаңа қарқынмен дамуда. Дәл қазiр қалада салынып жатқан мәдени ошақтардың саны да, сапасы да жоғары. Шығармашылық үшiн жасалған жағдай да жаман емес. Олай болса, өнер адамдарының, жастардың Астананы жағалап, қоныстануы заңды. Мұның өзi мәдениеттiң биiк шоқтығын жоғалтпай ұстап тұруды көздейдi» деп жалғастырды сөзiн баяндамашы.
Қазiр қалада 60-тан астам мәдениет ошағы жұмыс iстейдi. Оның iшiнде 4 мұражай, 2 концерттiк бiрлестiк, 23 кiтапхана, 6 театр бар. Бұлардың қай-қайсының да өз келушi-көрермендерi жеткiлiктi. Мәселен, жыл сайын қаладағы мұражайларға 15 мыңнан астам адам барса, концерттiк ұжымдар 200-ден аса концерт қояды екен. Кiтапхана қоры да осал емес, 650 мың кiтапты құрайды.
Қала басшылығы бұл саланы қолдауда аянып қалып отырған жоқ. Оның бiр дәлелi, 2011 жыл аталған саланың бюджетi 7,134 млн теңгенi құрады. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп. Соның арқасында «Алжир» мұражай-мемориалдық кешенi, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттiк академиялық қазақ музыкалық драма театры ғимаратының төбе жабын-дысы, мемлекеттiк филармонияның жатақханасы жөндеуден өткiзiлдi. Кi-тапхана жүйелерiне инновация енгiзiлiп жатыр. Соның бiр көрiнiсi – интернет желiсiне қосылып, электронды каталог енгiзiлiп, ақпарат iздеудiң озық үлгiлерi тәжiрибеге ене бастады.
Астана басшылығы тарихи-мәдени мұраны жаңғыртуды да ұмытпақ емес. Бүгiнде Отырар көшесiнде орналасқан медресенi қалпына келтiру жұмыстары басталды. Бұл мұсылман балалар мектебiнде кезiнде Сәкен Сейфуллин сабақ бергенi туралы бiз бұған дейiн жазған едiк.
Мәдениет саласының тағы бiр мақтанышы – театр. Өткен жылы елорда театрларының репертуары 17 жаңа қойылыммен толығыпты. Биылғы жылдың жоспарына енген премьераға бөлiнген қаржы былтырғы жылдың қаржысын екi орап әкеттi. Мәдениет саласындағы осы және өзге де жетiс-тiктердi мәлiмдеген А.Балаеваның баяндамасын депутаттар ұйып тыңдады. Одан соң мiнберге шыққан бiрер қалаулы, сессияға дайындық барысында мәдениет мекемелерiн аралап, ондағы ахуалмен етене танысқандарын айтып жатты. Бiр сөзбен айтқанда, «елорда мәдениетiнiң әлеуетi осал емес» деп бағалады. Алқалы жиынға арнайы шақырылған мемлекет және қоғам қайраткерлерi де сөз алып, ұсыныс тiлектерiн айтты. Олардың арасында есiмдерi елге белгiлi Мырзатай Жолдасбеков пен Айман Мұсақожаева бар.
Депутаттар ұйып тыңдаған тағы бiр баяндама – қала қоржынындағы қаржының ахуалына байланысты болды. Құшақ-құшақ қағаздарын артынып келген Экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасының бастығы Жанат Нұрпейiсов ағымдағы жылдың бюджетiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi ұсынды.
Сессияда тағы бiр ережеге өзгерiс енгiзiлдi. Ол – иттер мен мысықтарды ұстаудың тәртiбiн белгiлейтiн құжат. Атауын естiгенде отырғандардың бiразының жүзiне күлкi ұялатқан ереженiң жаңалығы мынада: ендi инспек-торлар құрылыс немесе сауда орындарында қаңғыбас иттердi кезiктiретiн болса, сол аумақтың басшыларын жауапқа тартады. Әуелi ескерту, егер жағдай қайталанса, айыппұл есебiнде төлемек. Сондай-ақ, далаға қыдыртқысы келген адам итiнiң тұмсығына тұмылдырық кигiзiп, ұзындығы 2 метрлiк жiпке байлап шығуы керек. Әйтпегенде жауапқа тартылатын болады. Астанада ит мен мысық ұстаудың мәдениетiн белгiлейтiн ереженi депутаттар бiрауыздан мақұлдап, мандаттарын көтерiп дауыс бердi.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button