Ел тынысы

Мәжіліс депутаттары әскери колледжде болды

Парламент Мәжілісінің депутаттары Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтіп, онда әскери орта білім беру жүйесін дамыту перспективалары талқыланды.

Биылғы жылы әскери оқу орнынан кәсіби сержанттардың алғашқы легі қанат қағады. Сарбаздың жауынгерлік дағдылары, әскери тәртібі және бөлімшедегі моральдық-жауынгерлік рухы көбіне сержанттардың дайындығына байланысты.

Комитет отырысы Ұлы Отан соғысының батыры, Халық Қаһарманы және егеменді еліміздің алғашқы қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орайластырылды.

Қорғаныс министрлігінің әскери орта білім беру жүйесі елдің нормативтік-құқықтық және оқу-әдістемелік алаңымен бірыңғай жұмыс істейді және бұл оқыту жүйесіне екі әскери колледж бен үш «Жас ұлан» республикалық мектебі кіреді.

Қазіргі уақытта ҚР Қарулы күштерінің Әскери білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға дейін ведомстволық бағынысты мектептерді әскери колледждер ретінде кезең-кезеңімен қайта құру жұмыстары жүргізілуде, бұл олардың кәсіби сержанттармен жасақталуын арттыруға және мамандықтар ауқымын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.

Депутаттар әскери колледждің инфрақұрылымымен танысып, педагогтармен, ұландармен, кадеттермен кездесті. Кездесу барысында үздік оқушыларға Парламент Мәжілісіне экскурсия ұйымдастыру туралы ұсыныс қолдау тапты.

– Біздің комитет әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыруға ерекше көңіл бөледі. Біз колледждің оқу-материалдық базасымен, білім алушы ұландардың тұрмысымен таныстық, – деді Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан. – Одан өзге бізге назардан тыс қалдыруға болмайтын және оларды шешу бойынша шаралар қабылдану тиіс проблемалар да айтылды.

Бұған қоса ол комитеттің қарауында армияның имиджін және әскери кәсіптің беделін арттыруға бағытталған әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі заң жобасы бар екенін, оған түзетулер енгізу көзделетінін мәлімдеді.

Сапар соңында Мәжіліс депутаттары кадеттермен бірге колледж аумағына шырша ағаштарын отырғызды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button