Басты ақпаратДенсаулық

МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

2017 жылдың 1 қаңта­рынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі. Аталмыш жүйе денсаулық сақтау саласына қаншалықты өзгеріс әкеледі? Тұрғындарға медициналық қызмет көрсету қалай жүзеге асырылады? Осы және өзге де сауалдарды Отан соғысы мүгедектерінің орталық клиникалық госпиталінің директоры Әділхан Абдулинге қойған едік. 

era_1884

Бәсекеге қабілеттілік артады

– Әділхан Әмірбекұлы, мін­детті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйесінің ең тиімді тұсы қандай? Мәселен, қарапайым азамат ретінде бұл жүйе маған не береді?
– Ұлт денсаулығын сақтау – мемлекет назарындағы бас­ты мәселе. Сондықтан медицина саласындағы бұл реформа халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Бірін­шіден, ел аумағындағы өзіңіз қалаған кез келген емхана­дан медициналық көмек аласыз. Екіншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сінде қарасты­рылған қосымша барлық ақылы қызметтен босатыласыз. Бұдан басқа да тиімді тұстары баршылық. Мысалы, сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлейді. Ал жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз азаматтар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрілік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді.

– Осы жүйеге қатысты сан алуан пікірлер көп. Үлкендер жағы 1990 жылдардағы Мін­детті медициналық сақтан­дыру қорының қателігін алға тартады. Мұны қайталамас үшін қордың қаржылық тұрақ­тылығы қамтамасыз етіле ме?
– Қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуде түрлі тетіктер қарастырылған. Біріншіден, қызмет коммерциялық сипатта емес. Аударымдар мен жарналардың нысаналы сипаты және олардың қайтарымсыздығы қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік міндетті сақтандыру қорының активтерін медициналық қызмет берушілердің қызметтеріне ақы төлеу үшін айрықша қолдану көзделген. Бұл – еліміздің ашық инвестициялық саясаты. Сонымен қатар, қандай да бір үшінші тұлғалар тарапынан ӘМСҚ активтерінде өндірулерді талап етуге тыйым салынады.

– Сақтандыру қорының ха­лық үшін қажеттілігін айт­тыңыз. Ал мемлекет пен қыз­мет берушілерге қанша­лықты пайдасы бар?
– Тағы қайталап айтайын, халық амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі және денсаулық сақтаудағы бейресми төлемдер деңгейі төмендейді. Еліміз үшін де тиімділігі жоғары. Медициналық көмек жалпыға ортақ болған­дықтан, азаматтардың жауапкер­шілігі де ортақ болады. Тұтыну көлемдерін теңгерімдеуге мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудың қаржылық тұрақты жүйесі қалыптасып, нарықтық тетіктері жетілдіріледі. Қаржы ресурстарын пайдалану тиім­ділігі артады. Ал қызмет беру­шілер үшін еңбекақы төлеу жүйесі жетілдіріліп, бәсекеге қабілетті жалақы алу мүмкіндігі болады. Сондай-ақ, жаңа меди­циналық технологияларды ен­гізу арқылы негізгі құралдар уақытылы жаңарып отырмақ.

32462

Шұғыл көмек бәріне көрсетіледі

– Егер сақтандырылмаған адам шұғыл түрде көмекке мұқтаж болғанда емдеуге қалай жатқызылады? Азаматтардың өздерінен ақы төлеуді талап ету арқылы сыбайлас жем­қорлыққа жол берілмей ме?
– Менің ойымша, қалтадан төлеу, керісінше, маңыздылығын жоғалтады. Жұмыссыз ретінде тіркелгісі келмейтін немесе салық төлемейтін адамдар жос­парлы көмекке ақы төлеуге міндетті болады. Шұғылдылықты бақылау сараптама бойынша және шұғыл жағдайлардың тізбесінің негізінде жүзеге асырылады.
– Қазірдің өзінде ақылы қызмет көрсететін жеке зерт­ханалық орталықтар көп. Олар да сақтандырумен қамтыла ма?
– Бұл жерде олардың міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­­дыру жүйесінде жұмыс істеу ниетіне байланысты. Зерт­хана­лық қызметтер медици­налық көмектің бір бөлігі ретінде МӘМС жүйе­сімен қамтылады.
– Сақтандыру болмаған жағ­дайда медициналық көмек көр­сетуден бас тартуға бола ма?
– Жарналарды төлемей­тін­дерге тек жоспарлы стацио­нарлық көмек кезінде бас тартылады.
– Ал жедел және шұғыл ме­ди­­циналық көмек қалай көрсетіледі?
– Кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл көмек барлық азаматтарға түгел көрсетіледі. Қазіргі уақытта заңға сәйкес клиникалық белгілері және параметрлері бойынша шұғыл жай-күй тізбесі әзірлену үстінде.

Жұмыссыздарға балама мүмкіндіктер бар

– Астанада уақытша жұмыс істеуге келген шетелдік азаматтар көп. Олардың мәселесі не болмақ?
– Еліміздің «Міндетті әлеу­­меттік медициналық сақ­тан­дыру туралы» заңына сәй­кес ел аумағында тұрақты тұра­тын шетелдіктер мен аза­маттығы жоқ тұлғалар, сондай-ақ оралмандар егер осы заң­мен өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесіндегі құқық­тарды қолданады. Еңбекші миг­ранттарға медициналық көмек мемлекетаралық келісімдер шеңберінде көрсетіледі. Егер ондай келісімдер болмаса, онда еңбекші мигранттар ӘМС шеңберінде медициналық көмек алады, ал қоршаған ортаға қауіп төндіретін аурулар кезінде тегін емделеді.
– Жұмыссыз азаматтардың жайына да тоқталсаңыз…
– Салық төлемдерін жүзеге асырмайтын бейресми және өнімсіз жұмыспен қамтылған халық саны бүгінгі таңда шамамен 2,5 млн адамды құрайды. Әдейі салық төлемейтін адамдар тек жоспарлы көмек кезінде шектеледі. Халықтың бұл санаты үшін медициналық көмек алудың балама мүмкіндіктері бар: жұмыссыз ретінде тіркелу ұсынылған, онда жарнаны ӘМСҚ-қа мемлекет төлейтін болады немесе өз қызметін заңдастырып, салықты жалпы қорға төлеуі қажет.
– Ең соңғы сауал, жүзеге асыру нақты қай кезеңдерді қамтиды?
– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2017-2024 жылдар аралығында біртіндеп енгізіледі. 2017 жылдан бастап мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуді бастайды. Ерекше санаттағы азаматтар үшін мем­лекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі 2024 жылға қарай орташа айлық еңбекақының 7%-ын құрайтын болады. Ол бастапқыда 4%-бен басталса, одан арғы жылы 5%-ға ұлғаймақ. Ал жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі алғашқыда 2%-ды құраса, 2020 жылы 5%-ға артатын болады. Бұл ретте 2020 жылға қарай кірісінің 7%-ын қорға аударып отыратындар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болмақ.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button