Басты ақпаратӨнер

Музыка өнерінің білгірі

Әл-Фарабиді дүниеге танытқан – музыка теориясына арналған «Музыканың үлкен кітабы» атты еңбегі. Ғұлама бұл еңбегінде математикалық тәсілдерді пайдалану арқылы музыкалық дыбыс­тарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүние­ге келтірді. Ол тек музыка теориясын ғана емес, музыкалық аспаптарды да қолдан жасап, сол аспаптарда керемет ойнай да білген екен. Оның шебер орындаушылығы жөнінде Шығыс халықтары арасында күні бүгінге дейін айтылып жүрген көптеген аңыздар да бар.

– Фарабидің бұл музыкалық дыбыстың сипаты мен құрылымынан бастап, музыканың поэзиясымен байланысына дейінгі «музыкалық ғылымының» мәселелеріне ғана айналмай, музыканың эстетикалық-теориялық принциптерін шешуге бағытталған. Әл-Фарабидің музыкасы, поэзиясы, эстетикалық көзқарасы осы күнге дейін толық зерттелінбей келеді. Сондықтан да әл-Фарабидің музыка саласы бойынша жазылған еңбегі теориялық мұраларды терең ұғынуға мүмкіндік береді, – дейді М.Бурабаев.
Әл-Фараби эстетикалық-музыкалық ілімдерін танып-білуде профессор М.Бурабаевтың жетекшілік етуімен жарық көрген әл-Фарабидің «Трактаты о музыке и поэзии» (1993), профессор А.Қасымжановтың «Эстетические взгляды аль-Фараби» (екеуі де орыс тілінде) деген шығармаларының алғашқы зерттеулердің бірі ретінде үлкен мәні бар деп ойлаймыз.
Музыка саласындағы зерттеу еңбектерінде Фараби музыканың емдік қасиетін, жағымды әсерін дәлелдеді, сондай-ақ оның тәрбиелік мәні зор екенін баса айтты. Адамның музыка шығару қабілеті дарындылығы дәрежесінің әртүрлі сатысын көрсетіп, адамның жан-жақты дүниесіне жағымды, жағымсыз әсер ететін музыкалық жанрларға талдау жасайды.
«Музыканың үлкен кітабы»: музыка өнеріне кіріспе, музыка өнерінің негіздері, музыкалық композиция деген үлкен-үлкен төрт тараудан тұрады.
Фарабидің бұл еңбегі ХV ғасырда-ақ латын тіліне аударылып, Еуропа музыка ғылымы мен өнерінің дамуына үлкен әсерін тигізді.
1930-35 жылдары француздың белгілі музыка зерттеушісі Г.Эрланже француз тіліне «Музыканың үлкен кітабын» аударған. Ол «…Фарабидің бұл салада кейін­нен араб тілінде жазған авторлардан артықшылығы жер мен көктей» деп жазса, ағылшынның қазіргі үлкен бір музыка зерттеушісі Г.Фармер: «Фараби орта ғасырдағы музыка жазған ең үлкен авторлардың бірі болды» деп жазды.
Әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» (Китаб әл-мусики әл-кабир) атты ғылыми-теория­лық тәжірибелік еңбегі жайында көптеген шетел ғалымдары да зерттеу­лер жазған. Трактат 1967 жылы Каирде Махмуд Ахмаз Хафийдің редакциясынан жарық көрген.
«Музыканың үлкен кітабы» Қазақстан ғалымдарының тарапынан да зерттелуде. «Музыканың үлкен кітабында» тек музыка ғана емес, философия, математика, тарих, этнография, т. б. ғылым мәселелері молынан ұшырайды.
Әбу-Насыр әл-Фараби өз еңбектерінде бір ғана Шығыс (араб) музыкасының теориялық және тәжірибелік мәселелері емес, Аристотель, Платон, Птолемей негізін қалаған ежелгі Грек (Рим) мәдениеті, Таяу Шығыстағы Соғды, Хорасан, Сасанид, Кушан, одан қалды Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген көшпелі тайпалардың тұрмыс-тіршілігі туралы да көптеген құнды деректер келтіреді. Бұл елдердің өзара мәдени-рухани байланыстары туралы айта келіп әл-Фараби: «Бұл халықтарда ас-ауқат, нан-су, өмір табиғи құбылыс болып саналады. Олардың оңтүстік қапталында алыста жатқан (Эфиопия мен Судан елдері сияқты) халықтар, шығыстағы солтүстікке қарай созылған көшпелі түркі тайпалары, батыстағы солтүстікке қарай орналасқан славян (сакалиба) елдері де бұл дәстүрге жақын жатады.
Бұлардың түр-түсі, ас-суы, үй-тұрмысы, музыкалық аспаптар мен әуендері өте ұқсас халықтар» деп жазып, көп халықтар жайлы олардың мәдени байланыстары туралы аса бағалы деректер келтірген.
Әл-Фарабидің «Ғылымдар классификациясы» атты еңбегінде музыка ілімі туралы негізгі ойлары айқын көрінеді. Мұнда Фараби музыка теориясын бес салаға бөледі:
1. Музыка туралы ілім, негізгі, зерттеу объектісі, тәсілдері.
2. Музыка туралы ілімнің негіздері, тондардың өзара байланысы мен қатынасы.
3. Музыка теориясының негіздерін, зерттеу тәсілдерін қолдана білу (тәжірибе).
4. Тондардың негізін құрайтын музыкалық ырғақтар табиғаты.
5. Музыкалық әуен, оны шығару жолдары (композиция).
«Музыканың үлкен кітабы» оның бірінші тарауы – «Музыка өнеріне кіріспе». Бұл бөлім екі тараудан құралады. Оның алғашқысында «музыка» ­атауы, оның этимологиясы мен семантикалық негіздері, музыка ілімінің сан алуан мәселелері әуенінің шығу тегі, оны шығару, орындау, сондай-ақ музыкалық теория­сы туралы ұғымдар болады.
Фараби жалпы музыка жайлы пікірлер айта отырып, музыка әуенімен оның қоғамдық қызметі туралы тоқтала келіп адамды ләззатқа бөлейтін әуен, эмоциялық әсер тудыратын әуен және әдеби текстпен (өлшем) байланыс­ты әуен деп үшке бөледі.
Бұл кітаптың екінші бө­лімінде адам құлағына жа­ғымды әуендер, дыбыс­тың табиғи сезілуі, гармония және үндестік, музыкалық тондардың әрқандай ерекшеліктері сөз болады. Мұнда дыбыс­тардың табиғи ерекшеліктері, музыкалық әуендері кемелдендірудің жолдары мен принциптері, музыка теория­сына байланыс­ты көптеген құнды теория­лық мағлұматтар келтіріледі. Тағы бір көңіл бөлетін жайт, әл-Фараби музыка мен поэзия арасындағы табиғи бірлікті мойындайды. Мұның өзі Фарабидің әндердің синкреттік сипатынан хабардар болғандығын дәлелдесе керек. Бұл біздер үшін өте құнды деректердің бірі болмақ. Яғни біздер Фарабидің поэзия өнерімен де шұғылданғандығы туралы мәлімет аламыз.
«Музыка өнерінің негіздері» деп аталатын екінші тарау да екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте оның физикалық анықтамасы, дыбыс шығаратын денелер, жоғары және төмен дыбыстардың себептері, музыкалық интервалдар – қос октава, кварта, тон, үндестік және диссонанс қатынастары үлкен, орта, кіші интервалдар жасаудың тәсілдерін, теориялық негіздерін көрсету.
Тараудың екінші бөлімінде Фараби квартадан немесе аралықта пайда болатын интервалдар туралы теориялық мәселелерді қозғайды.
Трактаттың үшінші – «Музыкалық аспаптар» та­рауы да екі бөліктен тұрады. Алғашқысы − «кең таралған музыкалық аспаптардағы тондардың қалыптасу жолдары». Мұнда Фараби, ең алдымен, уд аспабының құрылысы, ашық пернелері, оған орындаушы саусақтарының орналасуы, төрт ішекті уд, соның бойында жасалатын интервалдардың арақатынасы, дыбыс қатары, жағымды тондар. Уд аспабын күйге келтірудің қарапайым және күрделі түрлері, оларды қолданудың тәсілдерін қа­растырады.
Тараудың екінші бөлігі тамбур аспабының ерекшеліктеріне арналған. Бағдат тамбуры, тұрақты және айналымы бар пернелер, әртүрлі аккордтар жайында айтылады. Содан соң Фараби Хорасан тамбурына тоқталады. Оның да сан алуан нәзік ерекшеліктеріне үңіліп, теориялық мәселелерін сөз етеді.
Кітаптың соңғы тарауы «Музыкалық композиция» деп аталады. Соңғы тарау да екі бөліктен тұрады. 1-бөлікте мелодияның анықтамасы, толық және толық емес топтар, топтардың кестелері, үндестік және диссонанс, эволюция, ырғақ – негізгі ырғақ, соғулар, қосылушы ырғақтар, арабтардың дәстүрлі ырғақтары, мелодиялар шығару сөз болады.
Екінші бөлігінде дауыс мелодиялары, адам дауысы, фонема және фризалар, сөздің мелодияға бейімделуі, бос және толтырылған тондар, бос және толтырылған топтарды айту, аралас айту, қосылушы және ажыратушы айтыстың түрлері, дауыс мелодияларын шығарып (композиция) айтудың басталуы мен соңы мелодияның тиімділігі (әсері), мелодияларды әшекейлеу және олардың адам сезіміне қатысы жайлы айтылады. Бұл тұста да біздер әл-Фарабидің поэзиядан хабары бар екенін жақсы аңғарамыз. Себебі әл-Фарабидің поэзия және әдебиет теориясымен айналысқан, зерттелген ғылыми еңбектері жайлы мағлұматтар өте аз.
Әл-Фарабидің бірнеше музыкалық дыбыстардың бір мезгілде алынуы туралы теориясы да көңіл аударарлықтай: «Өзара кемел байланысқа түскен ноталарды, аккорд, туыстық үндестік (гармония) деп айтамыз» деген жерлері бүгінгі музыкалық теориялармен, анықтамалармен үндесіп жатыр.
Әбу-Насыр әл-Фараби музыкалық дыбыстардың үн­дестігі жайлы ойларын дамыта айта келіп, олардың санын оңға жеткізеді:
1. Композицияға қосылып оны көркемдей түсетін немесе мәнін төмендететін гармония;
2. Уақыт гармониясы немесе ырғақ мәселесі;
3. Белгілі бір әуен құрайтын ноталарды топтастыру гармониясы;
4. Музыкалық әуен құрайтын басқыштарды топтастыру гармониясы;
5. Белгілі бір музыкалық әуен құру үшін ноталардың өзара алмасуының ерекше гармониясы;
6. Біртектес үндес ноталарды қосу гармониясы;
7. Музыкалық әуен құрайтын басқыштар гармониясы;
8. Интервалдар гармония­сы;
9. Әртүрлі тоналдықтар негізінде алынатын құрылысы ортақ гармониялар;
10. Ноталардың биіктігі мен төмендігі жайлы гармония.
Бұдан біздің пайымдайтынымыз, Фараби музыка теориясына қатысты барлық мәселелерді гармония деп атаса да, олардың ішкі мәнін өзінің дұрыс мағынасында түсінген.
Әл-Фарабидің музыка жайлы ойларын айта келіп, «Музыка туралы үлкен ­кітабы» 2008 жылы академик Ә.Нысанбаевтың ғылыми редакторлығымен «әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс қоғамдық қайырымдылық қорының» президенті, көрнекті кәсіпкер, қазақ мәдениетінің жанашыры Сапар Ысқақов мырзаның қаржылық қолдауымен тұңғыш рет толыққанды араб тілінен қазақ тіліне Ж.Сандыбаевтың аудармасымен жарық көрді. Сондықтан да Фарабидің бұл еңбегі өз тілімізге толық аударылып, көпшілік оқырман қауымға ұсынылуы – біздер үшін үлкен қуаныш әрі жетістік.
Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабына» Махмуд Ахмад әл-Хафнидің алғы сөзінде «Даусыз, әл-Фараби музыка өнерінің қолданбалы саласының жетік білгірі әрі осы өнердің теория­лық негіздерінің барлық мәліметтерін білген. Оның осы ғылымдағы кітабы үлкен салмаққа ие болды, себебі ислам әлемі орнағалы бері араб дүниесінде мұндай орасан еңбек бұрын да, кейін де жазылмаған».
Әл-Фараби бұл еңбекті өз замандастарының өтініші бойынша, дәлірек айтқанда, Әбу Жағфар Мұхаммед ибн әл-Қасым әл-Кирхи уәзірдің өтініші бойынша жазған екен. Біздер үшін әл-Фарабидің бұл еңбегі – музыка саласы бо­йынша жазылған аса қымбат тарихи және мәдени мұра.
Сондықтан әл-Фараби сынды тамаша да ерекше тұлға туралы, оның дүниежүзілік мәдениетке қалдырған мұрасы туралы жастарға қашанда айтып, оны зерттеу нысанасына айналдырып отыру – біздердің парызымыз.

Жақыпбек АЛТАЕВ,
әл-Фараби ­атындағы ҚазҰУ
философия ­кафедрасының ­профессоры,
философия ­ғылымдарының докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button