Басты ақпарат

Мыңға жуық отбасыға жалдамалы пәтер беріледі

Осы жылдың соңына дейін елордадағы 928 көпбалалы отбасыға жалдамалы пәтердің сертификаты табыс етіледі. Одан бөлек, Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі арқылы 2 пайыздық несиемен баспана алу жобасы қолға алынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

– Көпбалалы аналарға қатысты кезек күттірмес екі мәселе бар. Ол алдымен – жалдамалы үй мәселесін шешу, екіншіден, төмен пайыз­дық мөлшерлемемен Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі арқылы несие алу. Аталған банкпен 2 пайыздық мөлшерлеме туралы келісім жасалып қойды, енді банктің ішкі құжаттарын реттеу процесі жүріп жатыр. Біздің есеп бойынша бұл жоба 17 маусым мен шілде айының басы аралығында іске қосылуы керек, – деді әкімнің орынбасары.
Жаңа бағдарламаға қатысу үшін көпбалалы отбасы өзінің кіріс көзін растайтын құжат өткізуі қажет. Ал пәтер аларда 10 пайыздық алғашқы жарна ретінде төлейтін қаражаты болмаған жағдайда қалалық әкімдіктен берілетін 1 миллион теңгенің сертификатын ала алады. Биыл әкімдік атынан көпбалалы аналарға жыл соңына дейін 1 мың сертификат беріледі.
Бұдан басқа, әкім орынбасары көпбалалы аналарға арналған жалдамалы үй жайына тоқталды. Оның айтуынша, осы жылы елордалықтарға 928 жалдамалы пәтер бөлінбек. Оған құжаттарды қабылдау астанадағы Р.Қошқарбаев көшесі, 39-үй мекенжайы бо­йынша кешеден бастап жүргізілуде. Шамамен 17 маусымға дейін құжаттандыру процесі аяқталса, одан әрі алғашқы 150 пәтердің сертификаты табыс етіледі. Пәтерлер 2-3 бөлмеден тұрады. Отбасылар жаңа қонысқа 15 шілдеден 1 тамызға дейін кіретін болады. Сондай-ақ әлгі сертификат негізінде әкімдік арқылы Тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен келісімшарт жасалады. Келісімшарт мерзімі – 5 жыл, уақыты біткен соң оны одан әрі ұзарту мүмкіндігі беріледі. Тағы бір айта кетерлігі, бұл мүмкіндік – тек қана көпбалалы отбасылар үшін.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button